Шымкент қаласында цифрландыру мен халықаралық стандарттарға көшу қызмет алу санын арттырды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, қалалық медициналық департамент цифрландыру мен халықаралық стандарттарға көшу аясында осы жылдың бірінші жарты жылдығында көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 14421-ге жеткен.
Бұл саланы цифрландыру, халықаралық стандарттарды енгізу және бақылау құралдарының жетілдірілуі – бұл Шымкент қаласының фармацевтикалық инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Департамент өкілдерінің мәліметіне сүйенер болсақ, Шымкент қаласында медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсетуді бақылаумен қатар, бұл саланы цифрландыру мен халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 14421-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан.
Департаменттің маңызды қызметтерінің бірі – фармацевтикалық қызмет көрсетушілердің GxP халықаралық стандарттарына сәйкестігін тексеру. Шымкентте бүгінде 344 субъект, 789 объект фармацевтикалық қызметпен айналысуда. Олардың ішінде 318-і (жалпы санының 77%-ы) GxP талаптарына сай сертификаттарға ие. Бұл халыққа сапалы және қауіпсіз дәрілік заттарды ұсынуға жасалған маңызды қадам.
Тағы бір елеулі жаңашылдық — дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау жүйесінің енгізілуі. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде өндірілген дәрілерге міндетті таңбалау тәртібі енгізілді. Бұл жүйе дәрілік заттардың заңды айналымын бақылауға, тұтынушыны сапасыз өнімнен қорғауға және әрбір қаптаманың қозғалысын өндірушіден пациентке дейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Шымкентте бұл процеске 2 отандық өндіруші, 33 көтерме ұйым және 589 бөлшек сауда нысаны қатысуда.
Мемлекеттік қызметтердің көпшілігі мамандарға сертификат беру, лицензиялау, дәрілік заттар мен биоматериалдарды тасымалдауға рұқсат беру секілді бағыттарды қамтиды. Осы көрсеткіштер медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық мекемелердің қызметін заң аясында жүргізуге деген ынтасын арттырып отырғанын айғақтайды.
Департамент өз қызметін халыққа ашық әрі қолжетімді етуге ұмтылуда. Азаматтар денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтарымен ресми сайт, әлеуметтік желілер, телефон байланысы арқылы немесе жеке қабылдауға жазылып, кеңес ала алады.