Шымкент қаласында биыл 17 жаңа субұрқақ іске қосылады
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласында бүгінгі күні 86 фонтан жұмыс істеп тұрса, енді жаңадан 17 субұрқақ іске қосылғалы жатыр.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахмановтың айтуынша, соңғы жылдары субұрқақтардың саны ескілерін қайта жаңғырып, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізіл арқылы артқан. Жалпы қазіргі уақытта Шымкентте 86 фонтан жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысының шаһарда жайлы орта қалыптастыруда маңызы зор.
– Шымкент қаласындағы 40 субұрқақ біздің басқармаға қарайды. Бұл нысандардың күтімі қала бюджеті есебінен қаралған. Бүгінгі таңда оның барлығы да жұмыс істеп тұр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, биыл Шымкентте 17 жаңа фонтанның құрылысы басталды. Бұл нысандардың барлығы жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың бәрі де қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгеріміне беріледі. 17 субұрқақтың 9-ы қазірдің өзінде іске қосылған. Олардың қатарында Нұрсәт шағын ауданында, Әл-Фараби алаңында және Асқаров көшесі 1 үй мекенжайында салынған фонтандар бар. Қалған сегізі субұрқақты жақын арада пайдалануға тапсыру жоспарлануда, – дейді ол.
Ал қалған 46 субұрқақ – Shymkent Plaza, Қазиев көшесіндегі Sinoil жанармай құю станциясы, Mega-орталық, ОӘД және тағы басқа коммерциялық және әлеуметтік мекемелерге тиесілі аумақтарда орналасқан. Қалалық мәслихаттың 2024 жылғы қаулысына сәйкес, барлық қоғамдық маңызы бар нысандарды олардың иелері тиісті тәртіпте ұстауы тиіс.
Мұрат Әбдірахмановтың айтуынша, биыл қаладағы 40 субұрқақ пен тік дренажды ұңғымаларға қызмет көрсетуге жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні бұл қызметті «Alem Energo Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қазіргі таңда Шымкенттегі барлық субұрқақ белгіленген кесте бойынша жұмыс істейді. Таңғы сағат 8-ден бастап түн ортасына дейін, кестедегі үзілістерге сәйкес қосылады: үш сағат жұмыс істеп, бір сағат «демалады». Бұл тәртіп түн ортасына дейін жалғасады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, мұндай режим сорғыларды қызып кетуден және тез бұзылып, істен шығудан сақтайды. Әсіресе, Шымкенттің ыстығында құрылғылар үш сағат жұмыс істегеннен кейін бір сағаттық үзілісті қажет етеді.
Биыл іске қосылатын «Кең баба» саябағының жанындағы «Құрғақ фонтан» деп аталатын субұрқақ – көрінбейтін, тостағаны жоқ фонтан түрі: су төменнен шығып, бірден жер асты резервуарына қайта ағып кетеді. Қала тұрғындарының қуанышына орай, оны шымкенттіктердің сүйікті мүсіні – су бағанынан аққан суға аяғын жуып тұрған қыз мүсіні безендіреді. Мүсін біршама уақыт қақпа алдындағы орнынан жөндеу жұмыстарына алынған еді. Көктемде Шымкенттің символына айналған «Қызғалдақ» субұрқағы да өзгерді. Оның жапырақтары енді диодты шамдар мен музыкамен жанданып, кешкі серуенді әсерлі жарық шоуына айналдырып тұр. Жарық шамдар кешке қосылады, ал фонтан стандартты кестеге сай жұмыс істейді. Сонымен қатар, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды нүкте «Шым Сити» саябағында ашылған елдегі бірінші мультимедиялық фонтан кешенін атап өткен жөн. Бұл ауқымды жоба нағыз технологиялық серпіліс әкеліп, қаланың жаңа мәдени нышанына айналды.