2 270 адам жұмыспен қамтылған

Oinet.kz 20-12-2024 7

image.png

Кентау қаласы бойынша жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 2 270 адам қамтылған. Нақтырақ айтқанда субсидияланатын жұмыс орындарына 981 адам орналастырылған,  оның ішінде қоғамдық жұмысқа 567 адам жолданды.

Ағымдағы жылы қоғамдық жұмыспен Кентау қалалық орталық кітапханаға жұмысқа жолданған Сәуле Қадырбаева  «кітап әлемінде» жұмыс жасап жатқандығына дән риза екендігін, әр күні жұмысқа мерекеге бара жатқандай күйде болатындығын жеткізді.   II топтағы  мүмкіндігі шектеулі жан - Сәуле бір қызды  тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Осы орайда, кітапхана қызметкері денсаулығын ескеріп, кітапханаға жұмысқа жолдаған Мансап орталығы қызметкерлерін білікті де өз жұмысын жақсы білетін мамандар екендігін атап өтті. Шаһарда «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасының игілігін көріп отырған жандар да жеткілікті. Осы ұлттық жоба бойынша ағымдағы жылы өтінім беріп, қарамағында Мансап орталығы арқылы жұмысқа жолданға 6 адамды жұмыспен қамтып отырған «Бунед» шаруа қожалығы бау-бақша шаруашылығымен айналысады. Алманың 15 түрі, өріктің 4 түрі өсетін  аталмыш қожалықтың бақшасында өнім жинау мезгілінде 14 тоннадай жеміс жиналады. Осы өнімдерді теру жұмыстарына, бау-бақшаның басқа да қызметтерін жасауға жұмыс күші әжептеуір керек болғандықтан, кәсіпкер Бунед Кентау Мансап орталығынына жүгінген.

Айта кетейік,  «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасына барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатыса алады. 

 Кентау қаласында «Жастар практикасы» жобасы аясында жыл басынан бері 400-ден астам  жас маман жұмыспен қамтылды дейді жауапты мамандар. Ал, «2024-2029 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасын кентаулық жастар тиімді пайдалануда. 

  Мемлекеттік бағдарламаның жемісін көрген қала жастарының бірі – Арман Әліқұл. Ол қазіргі таңда қалалық «Дента Люкс» тіс емханасында жастарға жанашыр болған бағдарлама аясында жұмыс істеуде. Жиырма жеті жастағы қала тұрғыны А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі «Стоматология» факультетіне оқуға түсіп, тіс дәрігері мамандығын бітіріп шыққан. Оқу бітірген соң, бірден жұмыс таба алмай,  қалалық «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген.

  «Жастар ресурстық орталығында Мансап орталығының ұйымдастырумен «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті. Сол жерге барып, өз мамандығым бойынша жұмыс таптым. Негізі жұмыс табылмайды не болмаса жұмысқа орналасу қиын деген жәй ғана сылтау. Әйтпесе білімді жас маманға әрдайым мүмкіндік бар. Тек көп жерде жұмыс тәжірибесі болғанын қалайды. Ал оқуды жаңа бітірген жас маманда тәжірибе қайдан болсын», – деген Арман  жұмыссыздарға үміт сыйлайтын жәрмеңкеде  көбіне медицина және өзге де мамандарға сұраныс жақсы екенін айтады.

 Жас маманның айтуынша, «Жастар практикасы» жобасы жайында аға буын өкілдерінен естіген. Сөйтіп, олардың сөзіне құлақ асып, жәрмеңкеге қатысқан.

«Өзім оқуға түскелі жастар арасындағы әртүрлі сайыстарға қатысып белсенді болып, түрлі шаралардың ұйымдастырып жүрдім. Өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым бойынша  жанымды салып жұмыс істеуге дайынмын. Бұл мүмкіндікті берген жобаға алғысым шексіз.  Алдағы мақсатым – маман ретінде өзімді жетілдіріп, біліктілігімді арттыру», – дейді ол.

  Қарапайым отбасынан шыққан Арман Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №12 мектепті бітірген. Өзі бала кезінен елге қызмет етіп, туған жерінің әлеуметтік - экономикалық дамуына атсалысуды армандаған. 

 «Жастар практикасы» жобасының мақсаты ең алдымен кәсіби тәжірибе жинау. Содан кейін, өзін көрсету арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болу. Алдағы уақытта бойымдағы жауапкершілік пен іскерлігімнің арқасында тұрақты жұмысқа орналассам деген жоспарым бар. Тәжірибе барысында терапия, ортопедия, хирургия - медициналық қызметтерді үйреніп жатырмын. Тәжірибелі тіс дәрігерлерінің қасында тіс қатарын қалпына келтірудің әдістері мен технологияларын меңгерудемін», - дейді жас маман.

 Жасаған жұмысы өзіне ұнап жатқанын тілге тиек еткен кейіпкеріміз бұл мамандықты таңдауда себепкер болған анасына ризашылығын білдірді.

 «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Бағдарлама-ға 35 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Аталған бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады. Кентауда жыл соңына дейін бұл бағыт бойынша 350 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Осы кезге дейін қалалық Мансап орталығы арқылы 80-нен жас маман жұмысқа орналасты» - дейді сала мамандары.

Жалпы «Жастар практикасы» жобасы аясында жастардың еңбекақы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жұмыспен қамту мерзімі 12 ай. Кәсіби біліктілігін шыңдаған жастар көп жағдайда жұмыс берушінің ұсынысына қарай еңбек жолын сол мекемеде әрі қарай жалғастыруы мүмкін. Жобаға қатысуға ниетті жастар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Кентау қаласының «Мансап» орталықтарына жүгіне алады. «Жастар практикасы» жобасына қатыссқан жастардың 60 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасуда.

Келес ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді
43 түркістандық педагог кадрлық резервке өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу