Шымкент қаласында «Нұрсәт» шағынауданында жаңа гүлзар салынуда
Шымкент қаласында жасыл экономика белдеуі қалыптасып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Аталған жоба бойынша «Нұрсәт» шағынауданындағы Измир көшесінде тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жаңа гүлзар құрылысы жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткеніні баршаға аян. Сондай-ақ Президенттің бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Президенттің осы тпсырмасына біздің Шымкент қаласына қарасты шағын аудан тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Бүгінге дейін қала аумағында ондаған гектарға жуық алқапқа тал-дарақ отырғызылып, бірнеше бақ бой көтерді. Енді, міне, «Нұрсәт» шағынауданындағы шағын гүлзар аумағында тұрғындардың демалыс уақытын өткізуге арналған арнайы орындықтар, көгалдандыру жүйелері мен жарық шамдары, ақпараттық тақтайшалар орнатылуда, - дейді қала әкімі.
Аудан әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру саласына жауапты мамандары тарапынан мердігер мекеменің жұмысты сапалы әрі уақытылы орындалуы толық бақылауға алынған. Мекемемен түзілген келісімшартқа сәйкес гүлзардың құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі осы жылы қазан айының соңына жоспарланып отыр.
Бдан бөлек «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысқан тұрғындардың ұсынысымен биыл ауданда 34 балалар ойын алаңы мен 7 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Сонымен бірге, тұрғындар өтінішіне сәйкес осы жылы ауданда 8 гүлзардың құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі.