Шымкент қаласында тазалық акциясы жалғасуда
Шымкент қаласында жасыл экономика белдеуі қалыптасып келеді. Табиғатты орғау мен қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында шаһар аумағында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Кешегі күні Шымкент қаласында қала әкімінің бастамасымен «Таза қала - өзіңнен басталады» атты акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, оған шаһар бойынша 50 мыңға жуық тұрғын қатысып, 81 елдімекенде тазалық шаралары өтті.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, Бадам өзенінің жағалауын тазалауға қала әкімдігіне қарасты басқармалары және аумақтық органдардың қызметшілері үлес қосыпты. Сондай-ақ тұрғындар, көшелер мен үйлердің басқарушылары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметшілері белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартқан. Сенбілікте депутаттар, кәсіподақ, қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер және ерікті жастар да белсенділік танытқан.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткеніні баршаға аян. Сондай-ақ Президенттің бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Президенттің осы тапсырмасына біздің Шымкент қаласының тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді, - дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, келесі жалпысенбілікте Әл-Фараби ауданы аумағына басымдық берілмекші. Жалпы қала әкімінің тапсырмасы бойынша шеткі аумақтардағы қоқыс үйінділерінде тазалық шаралары күшейтіледі. Ал қараша айында тал егу жұмыстары басталады. Қаланың орталықтары, Тұран елдімекені және аэропорт аумағына жапырақты, қылқан жапырақты түрлі декоративі ағаштар отырғызылады. Бұл акция қазан-қараша айларында да тұрақты түрде жалғасып отырмақшы.