Үшінші мегаполисте тұрғындардың 77,5%-ы сақтандырылған
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Құралбек Сабит Райымбекұлы баспасөз конференциясын берді.
2023 жылы қала аумағында 183 медицицналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік мекеме болса, қалған 149-ы жекеменшік медициналық ұйым.
Биылғы жылы медициналық қызметтерді сатып алу рәсімінің қорытындысы бойынша 183 медициналық қызмет көрсетушімен 112 582 636,12 мың теңге сомасына 442 шарт жасалды, оның ішінде: ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) бойынша – 59 182 692, 18 мың теңге, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) бойынша – 53 399 943,94 мың теңге.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика көлемінде сақтандырылғандар саны 82,82 % құраса, бұл көрсеткіш Шымқалада 77,5% ға жетті.
Филиалға «Айкей СRM» ақпараттық жүйесі арқылы медициналық мекемелерге қатысты өтініштер саны 2021 жылы 59 524 болса, 2022 жылы 55 759, 2023 жылы 25 569 өтініш келіп түскен. Оның ішінде арыз-шағымдар, ұсыныстар, алғыстар және азаматтардың сала бойынша кеңес сұраған өтініштері бар.
Өтініштер мен ұсыныстардың азаюы және шағымдардың өсуі халықтың, сақтандырылған адамдардың, МӘМС жүйесі мен өз құқықтары туралы хабардарлығының артуымен байланысты.
МӘМС жүйесін енгізудің артықшылықтарына келер болсақ, медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы өсті, жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) көрсететін медициналық ұйымдар саны артып, қызметі қарқын алды. Оның ішінде, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және экстркорпаралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері бар. Атап айтқанда, 2019 жылы 15 әйел, 2021 жылы 578 әйел, 2022 жылы 887 әйел ЭКО арқылы ана атанса, осы жылы 344 әйел босанып, 336 нәресте дүниеге келген.
МӘМС жүйесі енгелі бері бауыр, бүйрек және 1 рет жүрек трансплантологиясы жасалды.
Сонымен қатар, ересектер мен балаларға арналған оңалту емі 2 есеге артқан. Оңалту ем шараларының да түрлері ұлғайған. Консультациялық диагностикалық көмек (КДК) көлемі де жыл сайын өсуде. Қымбат тұратын КТ, МРТ қызметі тегін көрсетілуде. 2022 жылы онкологиялық ауруды ерте диагностикалау үшін Позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) орнатылды.