«Халық жады» акциясы басталды

Oinet.kz 08-04-2023 363

Шымкентте «Халық жады» акциясы бастау алды. Іс-шара 1-30 сәуір аралығында өтеді. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының қасіретін еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның естелік куәліктері жинақталады. Бұл жөнінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясы Жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова мәлімдеді. 

сайт 50 фото.jpeg

Мәселен, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша іріктеледі. Ол халық көтерілісіне қатысушылар, Қазақстаннан мәжбүрлі босып кеткендер,  ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары,  жер аударылғандар, діни қызмет өкілдері және тағы басқа қызыл қуғындауға түскен құрбандар болуы мүмкін. 

Естеліктер Астана қаласында баспадан шығарылатын «Халық жады» атты жинаққа енгізіледі. Өз естелігін неғұрлым толық айта алатын, жадында көптеген оқиғалар тізбегі қалған және құжаттық материалдарды сақтай алған аға буын өкілдерінің естелігі бейнетаспаға түсіріледі.

«Кеңестік билік өз үстемдігін кең-байтақ жерімізде орнату үшін қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық ішкі байланыстарын жойды. Сол үшін большевиктер пролетариат диктатурасын орнату мақсатында ХХ-шы ғасырдың І-ші жартысында сталиндік саяси қуғын-сүргінді аса жоғарғы қатігездікпен жүргізді. Кедейлерді тонаушы деп айыпталған шонжарлар, хан тұқымы, билер мен молдалар қызылдардың нәубет найзасының ұшына алғашқы болып ілінді. Олармен қоса-қабат орташалар мен кедей-кепшіктер де тәркілеу мен қуғындаудың құрбандарына жазықсыз түрде айналып кете берді. Ал олардын қалған ұрпақтардың маңдайына кеңестік заманда қара күйе жағылды. «Саяси қуғын-сүргін» деп аталатын ерекше сойқанның салдарынан қаншама жазықсыз азамат «халық жауы» деген атпен атылып, қамауға алынып, олардың отбасы ойран болды» деді тарихшы Г.Жанысбекова. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы Жобалық офисінің бастамасымен «Халық жады» атты 20 томдық жинақты баспадан шығару жоспарланып отыр. 


Баспанамен қамту үлесі артады
72 мыңға жуық абонент ауыз сумен қамтылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу