Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға таптырмас ем

Oinet.kz 14-04-2023 556

сайт 34 фото.jpg

Шымкент қаласындағы №1 оңалту орталылығында кинезотерапия мен ботулинотерапия секілді емдеу түрлері бар. Алғашқы емдік тәсіл балалардың бұлшықеттерін денешынықтыру әдісі арқылы дамытуға көмектеседі. Ал ботулинотерапия арнайы препарат арқылы церебральді сал ауруының қиын түріне шалдыққан науқас балалардың сірескен бұлшықеттерін жұмсартады. Өйткені көп жағдайда сал ауруымен ауыратын балалардың аяқ-қол, мойындары сіресіп қозғалмайтындықтан ата-аналарына оларға күтіп жасау өте қиынға соғады. Мойны бір жағына қарап қисайып қалған балаларға тамақ ішу өте ауыр. Аяғы екі жаққа ашылмайтын науқас сәбилер мен жасөспірімдерге шалбар кигізу азаптың азабы. Мұндай кезде бұлшықеттерді жұмсартатын арнайы ампула «сиқырлы дәрідей» әсер етеді. Әрі азаннан кешке дейін бала күтіміне байланған ата-ана үшін нағыз көмек.  Бұрын бұл емді алу үшін ата-аналар республикалық емдеу орталықтарына баратын. Жолдама алу, ол жаққа бару, кезегін күту қаншама уақытты алатын. Қымбат ампулаға қолдары жеткенше ата-ана байғұс күтумен, әрі-бері шапқылаумен-ақ әбден шаршайтын. Қазір ботулинотерапия жергілікті оңалту орталықтарында қолданыда бастағалы бұл қиындықтардың барлығы да артта қалды. Қайта бұрын қолдары жетпей жүрген қаншама ата-ана күрделі еммен балаларын емдеуге мүмкіндік алды. 

Ал кинезотерапияны орталықтың 12 дәрігері арнайы Германиядан келген мамандардың біліктілік курсына қатыса жүріп оқып үйреніпті. Сонымен бірге 10 маман Астана қаласындағы Ұлттық оңалту орталығында білімдерін шыңдап қайтқан. 

Орталықта, бұдан бөлек, галотерапия, психологиялық оңалту, монтессори, сенсор бөлмесі, эрготерапия, ойын терапиясы секілді қосымша емдеу шаралары жүргізіледі. Ең бастысы емнің барлық түрі де балаларға тегін көрсетіледі. 

Айта кету керек, мегаполисте қалпына келтіру мен оңалту емін ұсынатын 10 медициналық ұйым бар. Онда оңалту ем-шарасы 3 негізгі бағыт бойынша атқарылады. Атап айтқанда  неврология-нейрохирургиялық, кардиология-кардиохирургиялық және ортопедия-травматологиялық. Ресми дерек бойынша былтыр қаладағы оңалту еміне мұқтаж 8671балаға реабилитациялық қызмет көрсетілген. Сонымен бірге жүйке жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұратын бес мыңнан астам бала оңалту емін алған. 


№1 Оңалту орталығының әлеуеті зор
Мегаполисте медико-фармацевтикалық кластер құрылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу