Батаның қасиеті дәріптелді

Oinet.kz 20-09-2022 391

Screenshot_67.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», - деп атап өткен болатын. Расында да ұлттық құндылықтарымызды қорғау, насихаттау, дамыту арқылы біз қиындықтарға төтеп бере аламыз.

Осы ретте бүгінгі жастарға  үлгі, өнеге болар қасиетті  қара  сөздің  мән-мағынасын  түсіндіру және шежірелі қарттардың даналық сөздерін дәріптеу мақсатында, сондай-ақ ардагерлер ұйымы  республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35–жыл толуына орай Сарыағаш ауданы Дарбаза елді мекеніндегі мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел  көгерер» атты аудандық байқау өтті. 

 Байқауды аудан басшысы Мұхит Отаршиев ашып беріп, «Сіздердің келер ұрпаққа аманатты шежірелі сөздеріңіз әр істің өрге басуына зор ықпал етері сөзсіз. Алдыңғы буын ағалар, кейінгі буын інілерге айтар даналықтарыңызды аманаттау мақсатында өткізіліп кележатқан «Батамен ел көгерер» атты байқаудың бастау алғанына 10 жыл толып отыр. Қоғамдағы тындырымды тірліктердің бастамасы болған Республикалық Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің 35 жыл толуы қарсаңында өткізіліп жатқан байқаудың орны ерекше. Жылдан-жылға, салмағы басым  байқауға қатысушы өңір-өңірлердегі  ауызы дуалы ақсақалдарымыз санының артуы қуантады. Интернет желісі мен ақпарат ағымының жылдамдығына ілесіп, болмысымызды  сақтауға қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін»,- деп жылы лебізін білдірді.

Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт – бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Сонымен қатар бата сөздерде қазақтың тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, этикалық–адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтауы, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген арман-аңсары көрініс тапқан. Ондағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Қарынның қамын емес, халықтың қамын ойлауға шақырады. Сондай-ақ адамның ақыл-ой, таным-пайымын кеңейтуге жол ашады. Сайыста осы секілді батаның қасиеті дәріптелді. 

Аудандық деңгейде өткізілген сайысқа 20-ға жуық ақсақалдар қатысып, салт-дәстүрімізде кеңінен тараған және ұмыт бола бастаған бата түрлерін жатқа айтып көпшілік ықыласына ие болды. Барлық қатысушыларға әртүрлі номинациялар бойынша дипломдар мен арнайы сыйлықтар  табысталды.       

Мұндай шаралар әрі қарттардың қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына  себеп болса, енді бір жағынан жас ұрпақты ізгілікке, бірлікке шақыруда маңызы зор.

Шардарада бүгінге дейін 130 тонна «ақ алтын» дайындалды
Сарыағашта жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу