Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықпен күрес қоғамның міндеті
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев нұсқауларына сәйкес република аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілгені мәлім. реформалардың негізгі бағыты полиция жұмысының сервистік моделіне көшу болып табылады. Сондай-ақ Кешенді жоспарда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, онымен күресу шаралары қаралған.
Жоспар аясында Сайрам ауданының прокуроры Даулет Тлемисовтың бастамасымен Ақсукент ауылында орналасқан №93 Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінде білім алып жатқан және №94, С.Базарбаев атындағы №61 НОМ, Сұраншы батыр атындағы №97 ЖОМ-ның 300-ге жуық жасөспірім ұл-қыздарымен семинар кеңес өткізілді.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Осыған байланысты жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – жан-жақты тәрбиенің маңызды бір саласындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі болып табылады.
Аталған іс-шараға аудан прокуроры, аудандық полиция басқармасының және адами әлеуетті дамыту бөлімі басшылары мен жауапты қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен педагог-психологтар қатысып, жасөспірімдермен ашық диалог құрды.
Алғашқы сөзді аудан прокуроры Дәулет Бекбашұлы бастап, Президенттің Жолдауында жастарға қатысты айтылған іс-шаралардың жүзеге асыру барысын түсіндіріп, сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар мен қоғамда белең алған өзге де қылмыстар, бұдан бөлек, қоғамға жат қылықтар төңірегінде ерекше тоқталып, жиналған қауымға әрбір құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес, тиісті жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Аудан аумағында ұрып-соғу, ұрлық, алаяқтықпен алдау әрекеттеріне барған жасөспірімдер туралы мысалдарды келтіріп, осы тектес жағдайлардан аулақ болуын және ондай іс-әрекеттер бойынша құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар беруді, түнгі уақытта сағат 22:00-ден кейін ата-анасыз жүруге, мектептегі сабақтарды себепсіз өткізуге болмайтыны, жалпы қазіргі таңда мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, білім мен ғылымды, өнер мен спортты ұштастыра отырып, өзін дамыту жолында еңбек ету қажеттілігі жөнінде түсіндірме берді.
Сондай-ақ, аудан прокурорына жасөспірім балалар тарапынан көкейінде жүрген бірнеше сұрақтар қойылып, оларға толыққанды жауаптар берілді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасалып отырса, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылық пен қылмыстың болмауына көп септігін тигізер бірден бір себеп болатын еді. Нақты айтсақ, құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықтың не екенің ұғынады және оның санасы қалыптасып, дамиды. Құқықты ұғынумен қоса, тұлғаны заңды құрметтеуге, қорғауға, орындауға дағдыландыру мен заңның әділдігіне сендіру - құқықтық сананың негізгі белгілері болып табылады. Аталған белгілер оқушыларды құқықтық тәрбиелеу - отбасынан және мектеп табалдырығынан бастап жүзеге асады. Осы мақсатта мектепте құқықтық кеңесте қарастырлатын ата – аналар жиналыстары, дәрістер, заң қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер, ұстаздар тәжірибесімен ой бөлісулер, пікірталастар мен дөңгелек үстелдер сияқты ата – аналармен тығыз байланыстағы жұмыс жолдары ауданда жоспарға сәйкес өткізілуде. Яғни алдағы кезеңде мұндай іс-шаралар барлық ауыл округтерінде өткізілу жоспарланып, тиісті кесте түзілген.