Мектептегі жылыжайлар саны 300-ге жетеді
Түркістан облысындағы білім беру мекемелерінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынның «Экология болашағы» бағытын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау аясында облыс мектептерінде орта мектеп бағдарламасына сәйкес 9 сынып оқушылары «Экология негіздері» курсымен 100 пайыз толық қамтылған.
Оқушылардың үздік жасыл тәжірибелер мен технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды қосымша білім берумен қамту мақсатында облыс мектептерінде 75 мектеп жылыжайы жұмыс істейді. Алдағы оқу жылында мектеп жылыжайларының санын 288-ге жеткізу жоспарланып отыр. Аталған мектеп жылыжайларында оқушылар «Экология негіздері» курсынан өтетін болады. Сонымен қатар облыс колледждерінде 16 жылыжай жұмыс істеп тұр.
Оқушыларды табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мақсатында облыстағы барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Тірі табиғат бұрыштары» және мектеп жанындағы аумақтық көгалдандыру жүйелері құрылған. «Тірі табиғат бұрыштарында» бастауыш сынып оқушылары «Дүниетану», ал, жоғары сынып оқушылары «Экология негіздері» курстарында сабақтан тыс жұмыстар жүргізеді.
Өңірдегі 53 қосымша білім беру мекемелерінде 28500 оқушы, мектептегі үйірмелерде 355 600 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 70,1%-ды құрады. Жоспарға сәйкес 2022 жылы қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін 75,5%-ға жеткізу жоспарланған. Біліммен қамту барысында экологиялық-биологиялық бағытқа басымдық берілген. Флора және фауна әлемі, жас эколог және жас натуралистер үйірмелері тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Айта кетейік, "Жасыл Қазақстан" – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген Ұлттық жоба. Осы арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр. Ал «Экология болашағы» бағыты бойынша екі міндет алға қойылған. Біріншіден, бұл – экологиялық аспектілерді ресми білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру. Мектептің 6-сынып бағдарламасына таңдау бойынша жаңа курс ретінде «Экологияны» енгізіп, осы бағыттағы ағарту орталықтары желісін құру көзделген. Екіншіден, экологиялық бағыттағы ақпараттық кеңістікті қалыптастыру. Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерінің ұлғаюына, ІЖӨ-нің 231 млрд теңгеге өсуіне ықпал етіп, 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп болжануда.