Түркістан облысында 30 млн тал егіледі
30 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев мәлімдеді.
Әбдуәлиевтің айтуынша, облыс орталығы Түркістан қаласы айналысына 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады. Қазіргі таңда оның 7700 гектары аяқталған.
– Облыста 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектар. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 мың 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. Түркістан қаласындағы жасыл белдеу аумағына ҚазАтомӨнеркәсіп акционерлік қоғамымен қосымша 3 664,5 гектарға жапырақты және сексеуіл көшеттері мен тұқымы егілді. Сондай-ақ, орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әр-түрлі ағаш көшеттерін өсіруге қол жеткізіледі, – деді басқарма басшысы.
Елбасы 2000 жылы сыйға тартқан 8 бас Бұхар бұғысы Сырдария өзені бойында құрылған арнайы тұқымбаққа жіберіліп, бүгінгі күнге бұғылар саны 176 басқа жетіп отыр. Сонымен қатар, Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жабайы жануарларды қайта қоныстандыруға арналған 200 гектар тұқымбаққа Алматы облысынан құлан және қарақұйрық аңдарын жеткізу бойынша келіссөз жұмыстары жүргізілуде.
2020 жылы браконьерліктің алдын алу мақсатында орман күзеті қызметкерлерімен 1076 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 344 заң бұзушылық фактілері анықталды. Нәтижесінде 2 млн 786 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 2 млн 580 мың теңгесі өндірілген.
Бұдан өзге басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында 158 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. 2020 жыл қорытындысымен жалпы 122 771 тонна қалдық жинақталып, оның 15 962 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. межеленген жылдық жоспар 13 пайызы толықтай орындалды. Ғарыштан түсіру нәтижесінде, облыс аумағында 265 бей-берекет қоқыс орындары анықталып, 252 нүктеге тазалау жұмыстары жүргізілген.