Қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамытуға басымдық берілуде

Биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жаңа технологияларды түрлі салаларға енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта Шымкент қаласында да цифрлық шешімдерді дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және заманауи технологияларды қоғам игілігіне бағыттау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын цифрлық ортада кеңейтуге, қазақ тіліндегі электронды ресурстар мен заманауи контентті дамытуға ерекше мән берілуде. Осы орайда Үшінші мегаполисте Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте: технология, инновация, даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Жиынға тіл мамандары, педагогтер, IT және жасанды интеллект саласының сарапшылары, сондай-ақ жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен жастар қатысты.
Басқосуда қазақ тілін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл үйрету үдерісіне енгізу, электронды ресурстар мен мобильді қосымшаларды дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар Qazaq Til AI жобасы, виртуалды ассистенттер және басқа да цифрлық шешімдер туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әбдез Рахманұлы мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту үшін IT жобалар мен заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ жиында қазақ тіліндегі сапалы медиаконтент пен анимацияның маңызы сөз болды. «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Қалдарбекұлы «АЛАН» мультфильмінің жобасын таныстырды.
Жиын соңында сала мамандары қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін бірқатар маңызды бағыттарға назар аударды. Атап айтқанда, жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тіліндегі мәтінді дұрыс түсініп, сауатты өңдеуіне мүмкіндік беретін тілдік технологияларды дамыту, электронды ресурстар мен тілдік деректер қорын жүйелеу және жетілдіру, ұлттық тілдік қорды цифрлық форматта толықтыру мәселесінің маңыздылығы атап өтілді. Мамандардың пікірінше бұл жұмыстар қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оның заманауи технологиялар дәуіріндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.


