Шымкентте «Есірткісіз қала» акциясы басталды

Үшінші мегаполисте «Шымкент – есірткісіз қала» жалпы қалалық акциясы басталды. Ауқымды бастамаға мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, қоғамдық ұйымдар мен жастар өкілдері қатысуда. Акцияның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз жарнаманы анықтау, интернет арқылы таралатын есірткі саудасына қарсы іс-қимылды күшейту және жастарды спортқа, білім мен шығармашылыққа тарту.
Бастама «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жастардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – акцияның басты бағыттарының бірі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары акция барысында Сәрсен Құранбек қауіпсіз орта қалыптастыруда әр тұрғынның жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, есірткімен күресте отбасының да рөлі ерекше. Сондықтан ата-аналар жасөспірімдердің ортасы мен мінез-құлқына назар аударып, балаларымен ашық сөйлесуге мән беруі қажет.
Қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыходжаев акция аясында тұрғындардың есірткінің заңсыз жарнамасына бейжай қарамауына басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Азаматтарды күдікті жарнама, есірткі тарату фактілері туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарлауға шақырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев акцияның негізгі бағыттарына тоқталды. Қала аумағында әлеуметтік билбордтар орналастырылып, есірткінің зияны туралы бейнероликтер көрсетілуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында нарколог мамандар мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру кездесулері мен ашық дәрістер ұйымдастырылуда.
«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруда құқықтық сауаттылық пен азаматтардың заң талаптарын білуі маңызды. Осы бағытта жастарға есірткінің адам денсаулығы мен болашағына келтіретін зияны түсіндіріліп, заңсыз әрекеттерге жол берудің құқықтық салдары туралы ақпарат беріледі.
Ұйымдастырушылар тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, есірткі таратуға немесе заңсыз жарнамаға қатысты күдікті фактілерді тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайтуға әр азаматтың қосатын үлесі.


