Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
Ислам Жеменей, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
- Ислам Ақмұратұлы, қазақ тарихына қатысты тың мәліметтер берген «Тарих-и Рашиди» шығармасы көптеген тілдерге аударылғаны белгілі. Сіздің қазақ тіліндегі аудармаңыздың өзгелерден айырмашылығы неде?
- Менің аудармамның басты ерекшелігі – мен түпнұсқалық парсы тілінен үш рет аудардым. Өйткені мен де, біздің ғылыми орта да Қазақ хандығының құрылғанына куәлік беретін жалғыз жазба дерек болғаны үшін мүдделіміз. Күні бүгінге дейін бірде-бір аудармашы бұл еңбекті үш рет аудармаған. 2003, 2015, 2020 және 2023 жылдары жарық көрді. Әр басылымы бұрынғысынан толығырақ, жетілдіріле толық академиялық аударма нұсқасы ретінде ең соңғысы болып тарих сүйер оқырманға ұсынылды.
Екінші айырмашылығы – өзге тілдегі бірде бір аударма толық емес. Тек қана ұйғыр тіліне толық тәржіма жасалған. Бірақ менің аудармамның онымен салыстырғанда өзгешелігі бар. Оның бірі ол аударма парсы тілінен емес. Және кітаптың мазмұнына тарихи, әдеби тағы басқа ерекшелігіне аудармашы тарапынан түсініктеме жазылмаған. Бірақ өте жақсы тәржіма және толық.
Үшінші айырмашылығы – бірде бір аудармашы парсы тіліндегі түпнұсқа қолжазбасына текстология жасамаған. Ал мен екі рет түпнұсқалық қолжабасына тектологиясын жасап, Өзбекстан, Тәжікстан және британиялық қолжабалары бойынша ортақ нұсқасын жасадым. Бұл мәтінтану еңбегім бір рет Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті тарапынан 2014 жылы жарық көрді. Ал оның сапалы және толығырақ нұсқасы, яғни парсы тіліндегі текстологиясы 2019 жылы Ираннан «Оғызхан» баспасынан үш кітап болып шықты.
Әлемдегі шығыстану саласының ғалымдары және аудармашылардың бірде біреуі «Тарих-и Рашиди» шығармасына докторлық диссертация жазып қорғамаған. Ал мен «Тарих-и Рашиди» шығармасына әдеби туынды ретінде докторлық диссертация жазып «Әдебиет және өнер» институтының ғылыми кеңесінде марқұм академик Серік Қирабаевтың төрағалығында бірде бір қарсы дауыс, қалыс дауысқа тап болмастан 2007 жылы сәтті қорғап шықтым. Оған елімізге танымал ғалымдар: марқұм Әбсаттар Дебісәлі және Мекемтас Мырзахметұлы ағалар жетекші болған. Оның оппоненті қаламгер ғалым Бауыржан Омарұлы еді.
«Тарих-и Рашиди» шығармасына аналитикалық талдау” атты еңбегім парсы тілінде Теһрандағы «Оғызхан» баспасынан 2022 жылы жарық көрді. Аталмыш кітап «Тарих-и Рашиди» шығармасында қазақтың тарихи, әдеби, діни, тілдік және басқа тұстарына қатысты аналитикалық талдау жасалды. Бұл еңбек «Тарих-и Рашиди» шығармасын мәнін одан әрі тереңдеу шолуға мүмкіндік береді.
Тағы бір ерекшелігі - «Тарих-и Рашиди» шығармасының аудармалары жайында: Иран, Түркия, Өзбекстанда мақалаларым жарияланды. Демек мен қазақ тіліне аударма барысында өзге тілдегі барлық аудармаларды негізге алғаным менің тәржімамның өзгешілігі. Сондай-ақ ғылыми принципте мен өзімнен бұрынғы және кейінгі аудармашыларды елеп, құрмет тұтып, оларды еңбегімде таныстырдым.
«Тарих-и Рашиди» шығармасының аудармасына қазақ тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі, діні, тіліне қатысы жайында түсініктеме беріп, тараулар жазылған, әрі өзге мағлұматтармен толықтырылған және түркі сөздерінің сөздігін жасаған бірегей еңбек. Сондай-ақ қазақша аудармасы 2015 жылғы басылымнан бастап барлық жер-су, адам есімдері тіл тазалығына көңіл бөлініп, қазақша транскрипция жасалған бірегей тәржіма.
- «Дулати» есімінің қате жазылғандығы туралы дәлелдеріңізге құлақ асып жатқан жан бар ма? Бұл қателік неге әлі түзелмей келеді.
- Бұндай маңызды жайыттарға Білім министрлігі мен тіл комитеті мүдделі болу керек. Өйткені қандайда бір себеппен «Дулати» есімі осылай қате күйінде қолданыста жүр. Тек қана «Дулати» емес, көптеген адам, жер-су аттары алуан түрлі жазылып айналымда жүр. Бұл жүйесіздікке Білім министрлігі жауапты болғаны үшін мүдделі ғалымдардың басын қосу керек. Әрі Қазақстанда арнайы «тіл және әдебиет академиясы» ашылуы керек.
«Тарих-и Рашиди» еңбегінің екінші дәптерінің кіріспесінде автор өзін: «Мен пақыр пенде Мұхаммед Қайдармын. Достар арасында Мұхаммед Үсейін Көрегенұлы деген атпен танымал едім», - деп таныстырған. Бұл жерде «Дулати» деген есім мүлдем жоқ.
Үндістанда Бабыри патшалығының негізін қалаушы Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың ұлы Құмаюн патша (1509-1556) Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қайтыс болған жылынан кейінгі мың жылдық ислам тарихы жазылсын деп бұйрық берді Аталмыш кітап «мың жылдық тарих», - деген атпен Аһмет Тәтәви, Асеф хан тарапынан жазылды. Сол еңбекте «Тарих-и Рашиди» еңбегін пайдаланғанда Мырза Қайдардың тайпасы болған «дұғлат» атын лақап есімі етіп қосты. Содан Мырза Қайдар Дұғлат болып тарихшылар қолдана бастады. Шоқан Уәлиханов та «Дұғлат», - деп жазған.
«Дулати» лақап есімі кейін қазақтар арасында қисынсыз тарап кеткен. Өйткені тарихта «Түркістани», «Фараби», «Тарази» сынды лақап есімдар бар. Түркістан, Фараб, Тараз мекен аттары болғандықтан, оларға парсының «и» жұрнағын жалғағанда «түркістандық», «фарабтық», «тараздық» болып шығады. Ал «дулат» тайпа атына «и» қоссаңыз «дұғлат+тық» болып шығады. Ал қазақ ру-тайпа, адам аттарына жұрнақ қоспайды. Сізден сұраса: «қай елденсіз?» сіз: «мен дұғлат+тықпын», - деп айтпайсыз. Бұл қазақ граматикасына сай емес. Мен алғаш рет «дұғлат» лақабын оғыз диалектісін қыпшақ диалектісіне сәйкес «дулат» деп айналымға енгіздім. Енді тарихи шындық пен қазақ тілінің тазалығын жақтаушы ғалымдар мен оқымыстылар «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторын «Мырза Мұхаммед Қайдар Дулат» деп атап, жазып бір ізге түсуіне атсалысса игі.
- «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың» деген сөз бар. Ал сіздің бірнеше тілді меңгеруіңіз қазақ тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы көптеген тың ақпараттарға қол жеткізуіңізге көмегі болған шығар?
- Мен Иранда мектеп пен жоғары оқуда иран әдебиеті, тарихы, парыс, араб, ағылшын, түрікмен, әзірбайжан түрік тілдерін және араб пен Байтұрсынұлының төте жазуын, құран, психология, ислам философиясы, логика пендерін игердім. Түркияда оқып жүріп түрік тілі, османлы жазуымен тіліне қанық болдым. Ислам мен түркі тарихын тереңдетіп оқуға мүмкіндік алдым. Қазақстанға келгенде қазақ пен шағатай түркісінің тұңғыйығына сүңгідім. Олардың бәрі «Тарих-и Рашиди», «Бабырнама», «Көркем сөз өнері», «Көне Тараз» тағы басқа қазақ пен түркілік тарихының жазба деректеріне тереңдей беруіме шексіз көмегі болды. Әлгіндей дайындықпен келмеген болсам ортағасырлық жазбаларға батыл кірісу мүмкін болмас еді.
- Өзіңізбен сұхбаттаса отырып, иран қазақтары туралы сұрамай кетпеске болмас. Иран қазақтары елімізге қай жылдары көбірек көшіп келе бастады. Ол жақта қалған қандастарымыздың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Ал атамекенге оралғандары ортаға қаншалықты сіңісіп кете алды?
- Ұзын сөздің қысқасы иран қазақтары мемлекеттік бағдарлама бойынша 1995 жылы ұлы көшін бастап, оралғандардың барлығы түгелдей Маңғыстау орталығы Ақтауға атбасын тіреді. Одан кейін бір шағын көш 2003-2004 жылдары Жаңаөзен қаласына қоныстанды. Ал қалғандары өз күш-қуатымен үкіметтің берген жеңілдігімен яғни үш жылдық тегін виза алу арқылы біртіндеп Елге оралуын жалғастырып жатқан еді. Бірақ 2022 жылдың соңғы жартысынан бастап Иран қазақтарынан үш жылдық визаны алып тастады. Орнына екі апталық виза беріп жатыр. Сондай-ақ Горган қаласында өрісті, парасатты, жанашыр Айтжан мырзадай бас консулдың орны босап қалды және қазақтарды қазақ екенін біле тұра «Сіз қазақсыз» деген анықтама бермей әурелеп қойған. Неге деген сұраққа жауап берер жауапты жан жоқ. Ал қазақтар Иран мен Қазақстан арасында екіге бөлініп күйініп жүр. Олардың ауыр психологиясын ұға алатын билікте рухы бар шенеунік керек.
- Бір сұхбатыңызда атаққа жиі ұсынылатыныңызды, алайда үнемі аяқсыз қалатынын айтыпсыз. Бұл сіздің еңбектеріңізге қарсылық танытып жүргендердің барын білдіре ме, әлде біздің қоғамның қолда бардың қадіріне жете бермейтіндігін аңғартама?
- Мен ешкімге мені атаққа ұсыныңызшы деп ұсыныс айта қойған жоқпын. Тіпті өзімнің еңбектеріме тиісті атақты алуға гауһарым жетпей жүр. Менің еңбектеріммен танысқан көптеген жанашырлар таң қалып: «Сіз пәлен атаққа, пәлен марапатқа лайықсыз. Біз оған кірісеміз »,-дейді. Артынша жым-жырт қала береді. Мен де іштей пейілдеріне, тілектеріне, игі ниеттеріне алғыс айтып жүре беремін. Тіпті маған кезігіп қалса да, айтқан сөзі мен уәдесінен ұятқа көміліп тұрғандай күй кешеді. Мен еңбек ете беремін. Өйткені ғашықпын. Мен Елге саналы түрде оралдым. Берейін деп келдім. Бірақ «Алланың көзі бар көретін» дегендей қаншама аға-бауырлардың көзі маған түсіп, менің тіршілігімнің жаңа белестеріне бастау болды. Сол жақсылар тәңірінің көзі дер ем. Алланың ниет пен адал еңбегіме бергені елеп жүрген жақсылар бар. Олар құдайдың көзі. Бірақ біреуге еркелеп арқа сүйеп жүре алмаспын. Өйткені мен балалық шағымның қарияларынан, ауылдас, құрдас-құбылар, сыныптас, әскерлес, курстас, армандас, сырлас болған жандардан біржолата алыстап қалдым. Бұл ауыр әлеуметтік психологиялық соққы. Ел үшін алар ауыртпалықты саналы түрде қабылдап аспаннан жалғыз салбырай түстім. Бұл жерде мені қалаған адам бір сәтке қабылдайды, мен олардан табан тіреп, бір нәрсе сұрай қойсам, маған «қосып қойғаның жоқ қой» деп қысылмай айта салады.
Сондықтан мен үшін бәріңіз барсыздар, бірақ ешкім жанымда жоқ сияқты. Мені керек қылса, іздейді. Керек болмасам ұмыт қала беремін. Өйткені мен бұл жерде ешкімнің тәтті шағының жол серігі болған емеспін. Мені мен үшін, сырластық пен достық үшін іздейтін, тілеуімді тілейтін жандарым алыста, біртіндеп бұл өмірмен қоштасып жатыр. Мен қазақ деген бір аруға ғашықпын, махаббатымды іздеуде талай дүниемен қоштасып келе жатқан жанмын. Мен тұрған нүктеде артқа қарасам бар көпірлерімді қалдырып кетіппін. Меже тұтқан алдыңғы мақсатқа қарағанда кәдімгідей алыста. Адамда нақты мақсат болмаса, өмірдің мәнін ұға алмайды. Содан мен мақсатым айқын. Ол барынша өмірім әр сәтін Ел үшін еңбек ету, тағдырына уайымдау, бір ұшқын үміт шашу. Біз ұлы тарихымыздың ұлы болашағына лайық елміз. Адам болмысының бір кем дүниесі адам өмірінде де көрініс табады. Менде қорыққан, қысылған күндер, сәттер аз болған жоқ.
Сонда тек Аллаға жүгіндім, Алладан қорған болуын сұрадым, сонда Алланың мейір көзі жақсы жүректердің шапағаты болып маған қарап тұрды. Бұл сезіммен талай рет бетпе бет келдім. Маған ең үлкен бақыт Елімнің тыныштығы мен жұртымның амандығы, отбасымның бағы мен берекесін тілеймін. Сосын межелеген жұмыстарымды орын-орнымен жүзеге асырсам деген арманыма жетуді Алла жазсын деймін. Мен ризамын. Амандықта еңбек етіп жүргенім үшін.
- Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!
"Рейтинг" газеті, наурыз, 2023 ж