Исламтанушы: 28 мың жыл өмір сүрген жынмен кездестім
Нұр-Мүбарак университетінің докторанты, парапсихолог әрі исламтанушы Бекжан Әжимов жындар әлемі туралы өз көзқарасын білдірді. Ол журналист, исламтанушы Айша Кеңесбайға берген сұхбатында арнайы білімі жоқ адамдарға жындармен байланыс орнату қауіпті екенін айтты, деп жазады Оinet.kz.

Оның сөзінше, параллельді әлем жөнінде терең түсінік болмаса, мұндай тәжірибеге баруға болмайды.
Ажимов жын шығару тек діни мәтін оқу арқылы жүзеге асады деген пікірмен келіспейді. Айтуынша, кей жағдайда диалог құрып, түсіндіру тәсілін қолдануға тура келеді. Ол тіпті «мықты жындарды» уағыз айту арқылы райынан қайтаруға болады деп санайды.
«Қарапайым халыққа, білімі жоқ адамдарға жынмен сөйлесуге болмайды. Параллельді әлем туралы біліміңіз жоқ болса, жынмен сөйлеспеңіз. Ал сол саланы зерттеген маман болсаңыз болады. Себебі кей кезде жын тек оқумен шықпайды. Кейде диалог жасап, келісу керек болады. Тіпті мықты жындарды уағыз айту, дінді түсіндіру арқылы, “Ібіліске жүргеннен не пайда табасың” деп шығарып жіберген жағдайлар болды. Жын тек оқумен шығады деген бос әңгіме», – деді ол.
Сондай-ақ исламтанушы өз тәжірибесінде өте көне жындармен «кездескенін» жеткізді. Оның айтуынша, 15–18 мың жыл, тіпті 28 мың жыл өмір сүрген жындар болған. Мұндай жындар күрделі сұрақтар қойып, адамды психологиялық тұрғыда сынайды дейді ол.
«Менің тәжірибемде Сүлеймен пайғамбарымыздың заманынан бері келе жатқан, 28 мың жыл өмір сүрген жын болған. 15–18 мың жылдық жындар да болған. Олардың деңгейі бөлек. Сенің миыңды ағызып жіберетін сұрақтар қояды. Сен сұрақтарға жауап беріп, оны дінге келтіріп, “қарғаны аппағым, кірпіні жұмсағым” деп шығарып саласың. 28 мың жыл өмір сүрген жын “Мен 28 мың жыл өмірімді жамандықпен өткіздім, неше млрд адамды өлтірдім. Құдай мені қалай кешіреді?” деген сұрақ қойды. Оған “Сен Ібіліс емессің, Құдай кешіреді” деп, қатып қалған жүрегін иманға келтіріп шығарасың. Емдеп отырып, адам тілімен сөйлесемін. Жын кірген адамның тілімен сөйлейді», – дейді Бекжан Әжимов.
Айта кетейік, Бекжан Әжимов "Дем" кітабының авторы, сонымен бірге парапсихолог және экзорцист ретінде танымал.


