Ақтөбеде дәрігер тірі адамды өлді деп тіркеген

Oinet.kz 29-01-2026 43

Айдың-күннің аманында Ақтөбе қаласының тұрғыны өзін өлілер қатарында екенін білген.   Емхана қызметкерлері жіберген  қателіктің  салдарынан ер адам  дәрі-дәрмек ала алмай, несие мен салық төлеу мүмкіндігінен айырылған. Оқиға бойынша ер адам емхананы сотқа берді деп жазады Оinet.kz тілшісі Диапазонға сілтеме жасап.

image.png

Оқиға  2025 жылдың жазында болған. №6 қалалық емхананың дәрігері пациентке қатысты деректерді тіркеу кезінде оны қайтыс болды деп көрсетіп, ақпаратты электронды базаға енгізген. Осы мәліметке сүйенген АХАТ органдары ер адамды ресми түрде марқұм ретінде тіркеген.

Қателік тек бес күннен кейін  түзетілген. Алайда тұрғынның айтуынша, оның салдарын әлі күнге дейін сезініп келеді. Ол осы уақыт ішінде дәрі-дәрмек ала алмаған, банк алдындағы міндеттемелерін орындай алмаған әрі салық төлеуде қиындыққа тап болған.

Жәбірленуші емханадан 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Ал медициналық мекеме өкілдері жағдайды дер кезінде түзеткенін алға тартып, пациентке моральдық зиян келмегенін мәлімдеді. Дәрігер сотта бұл оқиғаны автоматтандырылған жүйедегі техникалық ақаумен байланыстырды және ол туралы бірден бас дәрігерге хабарлағанын айтты.

Алайда сот тірі адамды мемлекеттік органдардың цифрлық базасында «қайтыс болды» деп көрсету оның өзіне де, жақындарына да елеулі моральдық зиян келтіруі мүмкін екенін анықтады. Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырып, мекемені  жәбірленушіге 200 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сәбидің бауырынан ине алып шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу