Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Бұл санатқа, көбінесе отбасылық жағдайы нашар, демалыс мезгілі ойластырылмаған, өздеріне өздері бас болып жүрген балалар жатады.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сондықтан тәртібі нашар, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуден жалықпау міндет.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп атамыз қазақ айтқандай, бүгінгі жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан да білім алушы жастар Отанға деген сүйіспеншілік патриотизм, танымының заңдылықтарын игеру тиіс.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың, азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Ата-аналар өздерінің арасында тұлға аралық қатынастары мен жалпы психологиялық-педагогикалық мәдениетін дамыта отырып, өзін-өзі жетілдіре отырып, балаларды тәрбиелеуге идеалды атмосфераны құрайды. Балалардың ақыл-ойының дамуы, болашақтағы тұлғалық қатынасының дамуы, қоғамда жетістіктерге қол жеткізуі отбасына байланысты.