Менингит деген қандай ауру?

Oinet.kz 16-01-2020 677

Screenshot_39.jpg

Жакен Әшімұлы, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі: 

Менингококк инфекциясына қарсы екпе барлық елдердің күнтізбесінде енгізіле бермейді? Неліктен?

– Оның себептерінің бірі  – қаржыландыру. Ол – ең қымбат екпелердің бірі. Бірақ ауру салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ағылшындар менингококктың иммундық профилактикасын тегін екпелер күнтізбесіне қалай енгізгенін білесіз бе? Менингококк инфекциясымен ауырып, оны жеңіп шығып, алайда мүгедек болып қалған қыздың ата-анасы бұл мәселеге назар аударту үшін қоғамға осы оқиға туралы ашық айтты. Ауру салдарынан баланың аяқтары мен бір қолы ампутацияланып, бүлдіршін қыздың күнделікті өмірі түсірілген бейнеролик ғаламторға жарияланды. Ол Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі тегін иммундау туралы шешім қабылдауы үшін көп қол жинаған. Нәтижесінде Англия менингoкокк инфекциясы профилактикасын күнтізбеге алғаш болып енгізген ел атанды.  Ал басқа елдерге қарасақ, менингококк инфекциясына қарсы вакцина Еуропа елдерінің үштен екісінде егіледі, алайда менингококктың барлық түріне қарсы вакцина олардың бәрінде жасала бермейді. Англия, Австралия, жуырдан бастап АҚШ менингококктың 5 негізгі түріне қарсы екпе егеді. «Менингококк белдеуі» бар Африка елдерінде тұрғындарды егу деңгейі жоғары, бірақ вакцина барлық бактерияларды қамтымайды. Қазір Африка құрлығы елдерінде көпвалентті вакцина қолдану қажеттігі туралы мәселе көтеріліп жатыр.

Менингиттің белгілері... Миқұрттың ең кеңінен таралған белгілері  бас ауруы, мойынның бұлшықеттінің ұюы, қалтырау, ойлау естің бұзылуы (комаға дейін), жарық пен дыбысқа сезімталдықтың артуы болып табылады. Науқаста жүрек айну және құсу, жалпы әлсіздік, жүрек соғысының бұзылуы, бұлшықеттің ауруы байқалады. Менингеальдық белгі Кернига және Брудзинский белгілерімен сипатталады: науқас мойнын иілдіре алмайды, тізе буындарын бүге алмайды. Гиперестезия гиперсезімділік кезінде байқалады: адам жарық шам, қатты дыбыс, жанасуларды көтере алмайды. Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда бұл белгілері тұмауға ұқсайды. Сондықтан көп адам ауруды асқындырып алып жатады. Үйде, өзіндік жолмен емделеді, тәуіпке барады немесе мүлдем басқа дәрілік препараттарды қабылдайды. Тағы бір жәйт бар. Ауру балаларға үйір келеді. Себебі олардың иммундық жүйесі толығымен қалыптаспаған. Сондықтан қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Баланың құсуы мен мазасыздануы, үнемі жылай беруі тіс жарған кездегі белгілерге ұқсағанымен, олай болмауы да мүмкін. Көп ата-ана осы уақытты өткізіп алып, бармақ шайнап қалатын кездер аз емес. Ал емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Көп жағдайда бала өліп кетеді. Ал кейде ми жасушалары қатты зақымданып, ақыл-есі дұрыс дамымай қалады. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса айығып кету мүмкіндігі 100 пайыз дейді  Жакен Әшімұлы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі. 

Менингит деген қандай ауру?
Жатыр мойны қатерлі ісігі тек медициналық проблема емес, әлеуметтік маңызды мәселе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу