«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
— Кішкене кезімнен тар жерлерді, тар орындарды аса ұнатпаушы едім. Тар көшеге тап бола қалсам, өз-өзімнен қысылып, тезірек өтіп кетуге асығатынмын. Ауа жетпей қалатындай болып тыжырынатын сол тар орынға бүгін еріксіз кіруге мәжбүр болып отырмын.
Мені ақ матамен орап, ұзын табытқа салыпты. Көзім жұмулы болса да, маңайымдағылардың даусын анық-ақ естудемін.
– Байғұс, жастай кетті-ау. Алда бітіретін талай істері, көрер қызығы көп еді, – деп мүсіркесіп жатыр.
Шынымен де, көп жұмыстарым бітпей қалды. Балама қос қабатты үй, әйеліме шетелдік мәшине, үйді жиһазға толтырсам деген ойым, жаңа фирма ашып ақшаны күреп табам деген жоспарларым – бәрі де жартылай бітпей қалды.
Бірден тосыннан естілген «Болды, бәрі де өтті, кетті» деген дауыстан құлағым шыңылдап қоя берді.
Ішімнен, шіркін, әлі өтпегенде ғой дедім. Тәп-тәуір-ақ көлік айдаушы-ем қалай ғана қазаға ұшырадым екен? Бірте-бірте не болғанын еске түсіріп жатқанда, достарымның табыттың есігін жаппақ болып ыңғайланғандығын байқадым. Енді бір сәтте табыттың саңлауынан ішке құйылған күн сәулесінен басқа айналам тас қараңғы түнекке бөленді. Қанша тыпырламақ болып, барынша айғайлағым келгенмен бұнымнан түк шықпады. Қатты қорыққандықтан ештеңе де ойлай алар емеспін. Аздан кейін табытты иыққа артып, жайлап қана бір жаққа апара жатқандарын сездім. Дәл осы кезде жайлап жаңбыр себелей бастады. Сірә, жаназамды шығару үшін мені мешітке апара жатыр-ау деймін. Мешіт демекші, есіме түскенін қарашы, тіршілігімде үйге тиіп тұрған мешітке аяқ аттап көрмеппін. 50 жасқа толғанда барлық нашар әдеттерімді тастаймын, әрі намазды да сол кезде оқып, жақсы адам болам деп ойлаушы ем.
Құлағымның түбінен бағанағы дауыс қайта естілді.
– Болды, бәрі де өтті, кетті.
Жаназа намазым оқылып біткеннен кейін, имам сол жерге жиналғандардан менің қандай адам болғандығымды сұрады. Іштерінен біраз адамның үндемегенін де сезіп жатырмын. Мен оларға кезінде жамандық істеген едім. Ойпырым-ай, аяқ астынан осы бір апатқа ұшырамағанда, бәрімен қайта достасар ма едім.
Мешіттегі жұмыс біткеннен кейін мені иыққа көтеріп, ырғала қайта жолға түстік. Жаңбыр құйып кеткендіктен, табыттан сорғалаған тамшылардан кебінім суға малшынды. Мен бірақ сонда да достарымның әңгімесінен құлақ алар емеспін. Олардың кейбіреуі доллар құнының төмендеп, жоғарылағанына қызыл кеңірдек боп айтысып жатса, енді біреулері теледидардан көрген кешегі әзіл-сықақ тамашаны әңгімелеп келеді. Алдыңғы жақтағы біреу екіншісінің құлағына:
– Жер хабар бермесін, марқұмның дәл бүгін өле қағанын қарашы. Қазылған моласына жеткенше-ақ, малмандай су болдық, – деп сыбырлады.
Мен шалыс естіген болармын деп өз-өзімді жұбаттым. Әйтпесе, кезінде осы достарымның той-томалақ, қызықтарында көмектесіп менен көп жүгірген кім бар?!
Молаға да жеттік-ау деймін. Мені жерге түсірді. Әлсіз, жеңіл денемді табыттан алып, біраз су толып қалған шұңқырға абайлап қойысты.
Ұзыннан-ұзын жатқан күйімде маңайыма көз салдым. О, тоба! Қабір деген осы емес пе?
Осы уақытқа дейін қабір жайлы қалай түк ойланбағам? Достарым болса, тезірек көміп кетуге асыққандай.
Көзге түртсе көргісіз қараңғыда қалған мен шарасыз күйде:
– Иә, Алла Тағала! Бар ісімді, бүкіл пендешілік қылықтарымды түзетерлік тағы бір мүмкіншілік берші? – деп жалына бастадым. Таныс бір үн тағы қайталанды:
– Болды, өтті, бәрі бітті!
Үстіме күрекпен лақтырылған топырақ дауысы күн күркіріне ұласқандай. Ақырғы рет тыпырлап барып, ышқына оянып кеттім. Тұла бойым қара терге малшынып, қатты терлеппін. Өз үйімде, өз төсегімде тып-тыныш-ақ, аман-есен жатыр екем. Тек қана көрші бөлмеде тұратын дәрігер досым қасымда екен. Маңдайымды ұстап көріп:
– Болды. Бітті. Аман-есенсің. Еш ауруың жоқ, – деді.
Атып түрегелдім. Қатты терден төсегім де су болып кетіпті. Далада найзағай күркіреп, жаңбыр құйып тұр екен. Өзімнің тірі екендігіме әбден көзім жеткеннен кейін:
– Я, Алла Тағала! дедім ішімнен, – маған түзелу үшін тағы бір мүмкіндік бергенің үшін мың да бір шүкір! Бұл мүмкіндікті енді жібермеспін………………….
Б. Әлібек