Әкенің өсиетін тыңдамаған ұлдар қарғысқа ұшырады...

Oinet.kz 14-10-2022 2227

Бяғыда біздің өлкеде Әбдімәлік деген емші болған екен. Әжемнің айтуына қарағанда ол кісі өте кедей тұрыпты. Тапқаны жеті баласының тамағына әрең жетеді екен. 

Screenshot_8.jpg

Сол емші «ана бір ауылда біреу қатты науқастанып жатыр» деп шақыртушы келсе, бар шаруасын тастап ауырған адамды емдеуге кете береді. Ауыл арасы екі-үш күндік жол болса да, бармаймын демейді екен. Кейде айлап жоқ болып кететін көрінеді. Ем үшін ақы берсе аз-көп демей алады, бермесе өкпе артпай қайта береді. Құдай қосқан қосағы да, «бала-шағаңды аш-жалаңаш қалдырып қайда барасың, қашан келесің?» деп сұрамай, ошағына ие болып қара шаңырақта қала береді екен. 

Ел арасында «емшімін деп ел аралап қаңғығанша, бала-шағасын асырамай ма?» деп сыртынан ғайбаттайтындар да болыпты. Бірақ емші сол тіршілігінен айнымапты. Арада жылдар өтеді. Бір күні науқасты емдеп, көрші ауылдан қайтқан емші үйіне ақ түйе жетектеп келіпті. Шамасы боталағанына көп болмаған. Желіні толып тұр екен. Емшінің айтуынша, қыр астында кездескенде түйенің қасында ботасы болмаған. Түйе де ботасын іздеп ешқайда мойын созбаған көрінеді. Маңайға көз жүгіртіп, ботасы көрінбеген соң түйені үйіне әкелген көрінеді. 

Ауылдағылар мұны әртүрлі түспалдапты. Базбіреулер «байдың баласын ажалдан арашалап қалғаны үшін беріпті» десіпті. 

Тіпті «бір жақтан ұрлап келіпті» деушілер де табылған көрінеді. Бірақ емшіге ол түйені бай да бермеген, ол ұрлап та әкелмеген. Қыр астында ғайыптан кез болған екен. Құдайдың құдіретімен қанша рет сауса да әлгі түйенің сүті сарқылмапты. Бала-шағасымен қосылып ішіп тауыса алмайды. Төртінші күні көрші ауылда бір байдың баласы науқастанып, шабарман жіберіп емшіні алдырыпты. 

Емші байдың баласын үш күн емдеп науқасынан айықтырады. Бір күн қонақ етіп, риза болған бай емшіге бұзаулы сиыр береді.

Емші үйіне келсе түйе көрінбейді. Әйелінен сұраса, «қайда кеткенін білмейміз, таңертең тұрсақ, орнында тек бас жібі қалыпты» дейді. Күн кеш болып қалған соң емші «ертең іздермін» деп ойлайды. Сол түні емші түс көреді. Түсінде кеше ғана үйінен жоғалған ақ түйені мінген, ақ сақалды қария кезігеді. Қария «түйенің бас жібін қалдырдым. 

Ол – сенің шаңырағыңа нәсіп еткен ырыс-береке. Ол жіпті ештеңеге пайдаланба. Үнемі үйіңнің төріне іліп қой. Егер ол жіпті басқа біреуге берер болсаң ырыс-берекең кетеді. Егер жіпті бөлсең ырыс-берекең бөлінеді. Егер осы айтқанымды орындасаң, ұрпағың 70 жыл жоқтық көрмейді» дейді. 

Оянып кетсе, түсі екен. Әйелінен түйенің бас жібін сұрайды. Түн ортасы болса да, қорада қазықта қалған жіпті әкеліп төрге іліп қояды. 

Таңертең тұрған соң әйел бала-шағасын жинап «мына жіпке ешқашан тиісуші болмаңдар, тіпті мен өлгеннен соң да төрде ілулі тұрсын» деп тапсырады.

Сол күннен бастап, емшінің қорасына мал жинала бастайды. Барған жері құр қайтармайды. Сөйтіп, әрі-берісі он жылдың шамасында емші сол аймақтағы малды кісілердің біріне айналады. 

Қызыл Үкімет орнап, байлардың малын тартып алып жатқанда да емшінің малына көп тиісе қоймайды. Емші барлық баласын жеке отау етіп шығарып, еншісіне малынан бөліп беріп отырады. Қолында ең үлкен ұлын алып қалады. Емші 60-жылдары 90-нан асқан шағында, қартайып, өмірден озады. Баяғы түйенің бас жібі қара шаңырақта, үлкен ұлдың қолында қалады. Үлкен ұлдың малы көбейген үстіне көбейе түседі. Өзге ұлдар да таршылық көрмейді. Бірақ ағасы секілді қора толы мал бітпейді. 

Арада 5-6 жыл өткенде емшінің кемпірі де қайтыс болады. Кемпір өлген соң балалардың арасында жік туады. Бар ырыс-береке түйенің бас жібіне байланғанын білген емшінің өзге ұлдары «түйенің бас жібін тең етіп бөліп аламыз» деп шу шығарады. Үлкен ұл әкесінің айтқан өсиетін естеріне салып, «егер жіпті бөлсек ырыс-берекеміз бөлініп кетеді. Онда бәріміз бұл күнімізге зар боламыз» дейді. 

Алайда, інілерінің бірі ағасын жақтаса, енді бірі ағасымен келіспейді. Туысқан жеті жігіттің арасында ұрыс-керіс көбееді. Береке-бірлігі қаша бастайды. «Бұлай кете берсе арамыз мүлде ажырап кетер» деп жіпті інілеріне бөліп беруге ұйғарады. 

Ертеңінде інілерін шақырып ойын айтады. Інілері ағасының ойын құптайды. Сөйтіп, түйенің бас жібін теңдей етіп, жеті бөлікке бөліп алады. Бірақ айналасы он жылға жетпей жеті баланың да қорасында мал қалмайды. 80 жылдарда сол емшінің немерелері біздің ауылда тұрды. Бір қызығы бәрі нашар тұратын. Мал алса ауырмай-ақ өліп қалатын. 

Әйтеуір бірі екі болмайтын. Неге екенін үлкендер жағы «оларға қарғыс тиген» дейтін. Сонан соң олардың отбасында ең көбі үш бала еді. Ал олармен қатарлас отбасыларда 6-7 баладан болатын. Әжемнің айтуына қарағанда түйенің бас жібін бөліспек болғанда үлкен ұлы түсінде әкесін көреді. Әкесі «жіпті бөлмеңдер» дейді. Бірақ емшінің үлкен ұлы «түс көрдім, әкеміз жіпті бөліспеуді сұрады дегеніме бәрібір сенбейді. 

Жіпті өзіне алып қалу үшін ойдан шығарып отыр деп ойлайды деп інілеріне айтпаған. Сөйтіп, әкенің өсиетін тыңдамаған ұлдар қарғысқа ұшыраған» дейтін әжем. Кім білген, бәлкім сол күні емшінің үлкен ұлы әкесі түсіне кіріп, жіпті бөлмеуді сұрағанын айтса, інілері иланар ма еді?! Негізі, әр отбасыда ырыс-берекенің ұйытқысы болып тұртын үлкенді-кішілі қасиетті дүниелер болатын көрінеді. 

Егер сол дүние кетсе, ырыс-береке де кетеді. Ондай дүниені базбіреулеріміз білсек, кейбіріміз білмегендіктен қастерлемейміз, тіпті кейбіріміз оған мән бермей, қолдан шығарып алады екенбіз. Сондықтан қолдағы әрбір дүниені қастерлеп, ұқыпты ұстау қажет екен. 

Ақбілек Ахметова

Өзінің кесапаттығынан төрт баласының түбіне жеткен ана
Ұлы өзінің үйлену тойында туған әкесін тойханадан қуып шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу