Үй алу немесе тұрмысқа шығу – қайсы дұрыс екенін біле алмадым

Oinet.kz 11-09-2022 5338

Әкем анамды жас кезінде алып қашқан. Анам әдемі әрі момын кісі. Сондықтан әкем оны қатты қызғанып, әр нәрседен шу шығырып, тоқпақтайтын да отыратын. Онысы мен 6-сыныпқа келгенде тіптен жиілеп кетті. Сондай бір күні түнде әкем ішпей-жемей, анам, сіңлім үшеумізді «маған керек емессіңдер» деп, үйден қуып шықты. Анам оған жақ ашпай бізді алып кете барды.

Screenshot_12.jpg

Содан анам Алматыға жұмыс істеуге кетті. Мен әкемнің інісінің үйінде қалдым. Сіңілімді нағашы әпкеме апарып тастады. Анам бізге арасында ғана келіп тұрды. Бірде жеңгем оған «баладан бас тарт, өзің жеке өмір сүр» деген еді.  Кейін ойласам, мені өзі асырап алып, атыма берілетін ақшаны алып отырғысы келіпті. Алайда анам бізден бас тартқан жоқ. Жеңгеміздің де арам ойы іске аспады. Өйткені мен 8-сыныпқа келгенде, мінезімді көрсете бастадым. Ол маған бұрынғыдай сөйлей алмады. Сосын анама хабарласып, «қызыңды алып кет» деді. Мен өте сотқар қыз боп өстім, мектептегі қыздармен жиі төбелістім. Мектебіміз орыс-қазақ болғандықтан ба, әлде басқа ма бір-бірімізді көрген жерде жұлып жеуге дайын едік. Сөйтіп, бір жыл Алматыда, кейін Шу қаласында оқып жүріп мектепті бітірдім. Сіңілім де солай. Оның тіпті кейбір әпкелерден көрмегені жоқ.  Анам әлі де Алматының бір ресторанында еден жуады. Мен ЖОО-нын бітіріп, былтыр ғана банкке жұмысқа кірдім. Сіңілім колледжде оқиды. Біздің қазір жеке үйіміз жоқ. Анам ресторанда мен қыздармен пәтерде, сіңлім бір ағамның үйінде тұрады. Анамның қысқа киетіні, кей жерде өзін жас қыздай ұстайтыны маған ұнамайды. Оның кейбір әрекеттері үшін екеуміз көп ұрысып қаламыз. Екеуміздің арамыздағы делдал сіңілім. Анаммен өте сирек кездесемін. Сіңілім маған келіп-кетіп тұрады. Мен оларға керек-жарақтарын алып беремін. Екеуінің арқа сүйері де мен. Әкеммен мүлде араласпаймыз. Бірде маған хабарласып, кешірім сұраған. Әпкесі «анаң екеуі қосылсын» деп қолқа салған да еді. Анамнан кейінгі әйелімен де, ажырасып, әркімнің үйінде жүрген сыңайлы. Бауырлары да мезі болса керек. Әрине, мен ол ұсынысты қабылдаған жоқпын. Шешемнің күйін ойлап, «қосылсын» дегенмен, кейін ескі әдетіне қайта баспасына кім кепіл?!  Менің 11-сыныпта танысып, өзімнен бір жас кіші жігітпен достасып жүргеніме биыл алты жыл толады. Ол үйінде әпкесінен кейінгі жалғыз ұл. Жігітім Көкшетауда мен Алматыда оқыдым. Екеуміз төрт жыл екі жақта жүрдік. Ол маған келіп тұратын. Басында бәрі жақсы еді. Бірде менің одан көңілім суып, басқа жігіттермен сөйлесе бастадым. Жігітім осы кезде қатты қиналып, мені қайта-қайта іздеп келді. Сосын мені шын жақсы көретініне көзім жетіп, кешірім сұрап, арамызды қайта жалғадық. Сол сәтте ол да басқа қызбен сөйлесіпті, оны кейін білдім.  Енді қазір оқуын бітіріп, Шуда анасымен бірге ет сатады. Жігітім саудаға бейім болғандықтан, оның еңбекқорлығына күмәнданбаймын. Ата-анасы да мені жақсы таниды. Кейде хабарласып, мейрамдарда құттықтап тұрамын. Маған арасында базарлық салып жібереді. Ал жігіттің әпкесінің бір жылдары көңілі қалып, мені аса жақтырмайды. Жігітім маған үйленейік деген. Бірақ мен «анама үй алып беруім керек, оны қаңғытып қойғым келмейді» дедім. Осының үстінде екеуміз жиі ұрысып қаламыз. Бір өкініштісі – ол  «мен көмектесемін, екеулеп жағдай жасаймыз» деп айтпайды. Бәріне мені кінәлайды. «Анаң нағашыларыңның үйіне бара тұрады. Үйді кейін көреміз» дейді. Маған сыйлық сыйлағаннан гөрі, інім сияқты менің заттарымды сұрауға құмар. Екеуміз де қызғаншақпыз. Мен немесе ол бірімізге ескертпей көшеге шығар болсақ, міндетті түрде үлкен дау туады. Соңғы жылдары ол мені іздеп келуді қойды. Екеуміз Шудағы нағашыларыма барған кезде ғана көрісеміз. Қазір де қатты жанжалдасып қалдық, бірақ оның қайта хабарласатынын білемін. Бұл біздің арамызда үрдіске айналған. Қаншама рет «арамызды үзейік» деп талпынып көрдім. Бірақ қолымнан келмейді. Оған қатты бауыр басып қалғанмын. Ешкім қарамайды дейтіндей емеспін. Мүсінім де келбетім де бір сұлудай келіскен. Енді не істерімді, болашағымның не болатынын білмеймін. Оған сену керек пе, жоқ па ол да беймәлім. Кейде әкемнің тірлігін қаталай ма деп те қорқамын.  Тұрмысқа шығу керек, десе де ойымда ең бірінші – анам. Бар ойым – оған қалайда үй алып беру. Қанша ойлансам да, амалын таба алар емеспін. Несиеге немесе ипотекаға алып берер болсам, оның ақшасын кемінде бес-алты жыл өзім төлеуім керек. Ал несиесі бар қыз қазір кімге керек? Үй алу немесе тұрмысқа шығу – қайсы дұрыс екенін біле алмадым. Жақында 25-ке толамын. Туған-туыстарым да «тұрмысқа шық» деп күнде үгіттейді. Отбасын құрып, бала сүю өзімнің де арманым. Бірақ анамды ойламай тұра алмаймын. Осы мәселеде маған қандайда бір жол көрсетсеңіздер екен.

Тоқал болсам да көңілім тоқ емес
Күйеуімнің досына ғашықпын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу