«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Бұрын үлкендерден «көшеге шықпа, сығандар тонап кетеді» дегенді естуші едік. Онда да оны далада бейсауат жүрмес үшін баланы қорқытудың бір амалы деп түсінетінмін. Бірақ гипнозшының бір емес, бірнеше мәрте құрбаны болам деген менің үш ұйықтасам түсіме енбеген.
2000-жылдардың басында, мектепті тәмамдаған соң жастық арманның жетегімен Алматыға келдім. Бірақ тауым шағылып, оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтуға бет жоқ. Көп кітап сатып алып, келесі жылғы емтиханға дайындалайын, күнделікті қажетті ақшамды өзім табайын деп шештім.
Сөйтіп ат басын тіреген әпкемнің үйінің жанындағы дүкенге, нақтысында сауда дүңгіршегіне сатушы боп жұмысқа тұрдым. Қонып істеймін. Мұнысы жақсы болды. Туыс болса да қас-қабаққа қарайсың. Одан жаманы жоқ шығар. Ал мына арада рахат! Кеңдікпен табысқаныма қуаныштымын.
Осылайша шай-пұлымды айырып, бір жағынан тегін баспаналы боп шыға келдім. Әпкемнің ауласында тағы бір ауылдан келген жігіт бар еді, ол да оқуға түсе алмапты. Сол арасында маған бас сұғып, біраз әңгіме-дүкен құратынбыз. Әдеттегідей, әлгі танысым келіп, сөйлесіп тұрғанбыз. Сол кезде бірнеше әйел келіп, менен ананы-мынаны сұрай бастады. Әзірбайжан ба, тәжік пе, біліп-ұқпайсың. Сөйтіп біреуі «Активтің» 500 бірлігін беруді сұрады. Мен сұрағанын қолына ұстаттым. Сөйтіп олар шығып кетті.
Осы кезде бізді сырттан бақылап тұрған досым баж ете қалды. «Жүгір, аналардың артынан жүгір» дейді. Түк түсінбей мен тұрмын. «Жындысың ба, 500 бірлік сұраса, сен оларға бір қорабын бере салдың ғой» дейді ол. «Қой, ей, мен жынды емеспін ғой» деймін әлгі қалжыңдап тұрған шығар деп сенбей. Анау «рас, рас» деп бастырмалатып қоймайды. «Мә, мынау маған сенбей тұр, бар да қарашы, тексеріп көрші» дейді. Мен немді қараймын. Әбден былыққан нәрсенің ішінен бірдеңені табу қиын. Ол үшін дүңгіршекті іштен жауып, барлық затты бір-бірлеп есептеу керек. Содан «жарайды, сен алаң болма» деп досымды үйіне жөнелттім.
Кешкісін санасам, масқара болғанда, бір түп бірлік жетпейді. Баққандай 15 мың теңгенің заты! Сол кездің ол 200 доллары, менің бір жарым айлығым. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, тегін жұмыс істеп, мойынға мінген қарызды қайтаруға тура келді.
Құдай өзі кешірсін, содан бастап әлгі дос-сымағымды жолатпайтын болдым. Кінәні ана әйелдерден емес, содан көрдім. Өйткені гипноз дегенге мен сенбейтінмін. Сөйтсем қатты қателесіппін. Бұл менің бірінші рет алдап-арбауға түскенім еді.
Екінші жағдай бірнеше жылдан соң Семейде орын алды. Бұл жолы қиын болды. Кинодағыдай шытырман оқиғаға шырмалғаным соншалық, одан басымды сауғалап әрең дегенде алып шықтым. Есіме түссе, денем әлі түршігеді.
Оқуды тәмамдаған соң жұмыс ыңғайын біліп қайтуға туған елге қарай Семейге бардым. Кластасымның үйіне түстім. Сөйтсем ол ертеңінде банкке несие тіркетуге барғалы отыр екен. «Көзің ашық, жүр» деп мені де банкке бірге ерте кетті. Кешке дейін жүріп, 2000 долларға әйтеуір қол жеткіздік.
Кластасым мәз, үстіне ақша қосып, көлік алмақшы. Мен таңертең өз жұмысыммен жөнелдім. Қала іші жүретін автобуста бір орыс шал қаламсап көрсетті, «аласың ба» дейді. «Алам» деп қоямын. Бірақ ішімнен «маған қаламсаптың қажеті қанша, басым қақпайды» деп өз-өзімді мысқылдаймын. Бір уақытта шал келесі аялдамадан түсетінін айтып, қаламсапты алуымды өтінді. Мен оны алдым. Біраздан соң ішім зу ете қалды. Қалбалақтап барлық қалтамды ақтарып, әмиянымды қарадым. Түк жоқ. Бар деген ақшаның барлығын әлгі шалдың қолына ұстатып жіберіппін. Санымды бір-ақ соқтым.
Бұл жолы алданып-арбалғанымды анық аңғардым. Орта жолда қалған мен жаяулатып-жалпылатып қас қарая досымның үйіне сүйретіліп әрең жеттім. Баж-баж еткен әйел даусы ауладан естіледі. Сәл кідіріп қалдым. Отбасы проблемасы деген қиын ғой. Бірақ қалтада дым жоқ, еріксіз табалдырықтан аттадым.
Содан айқай-құқайдан ұққаным, Ержан несиеге алған 2000 долларға 2000 теңгенің ток шәугімін сатып алыпты. Бірден орыс шал сарт етіп ойыма оралды. Әй-шайға қарамай әйел мен еркекті ажыратуға кірістім. «Ток шәугім сатқан орыс шал ма» деп кластасымды сілкілеп сұрап жатырмын. Сол уақытта ырду-дырду болған қос жұп маған аңырайып қарады да қалды. Көздерінен күдік байқалады.
«Мен жо.., жоқ, ол шал мені де алдап кетті, көк тиынсыз қалдым...». Басыма сарт етіп бірнәрсе тиді. Есімді жисам қол-аяғым арқан жіппен байлап-матаулы, ұзыннан еденде жатырмын. Төбемнен төніп қарап тұрған кластасым мен әйелін көргенде не жыларымды, не күлерімді білмедім. «Бізде ақша барын сен ғана білесің, ол шал қайда, сенің сыбайласың ба...»
Екеуі сұрақтарды төпеп жатыр. «Сен маған сенбейсің бе» дегендей Ержанға жыларман боп қараймын. Ол да түрін жылытар емес. Алматыдағы жағдай есіме түсті. Ауладағы достан күдіктенгеніме өкіндім. Бұл да солай боп тұр ғой...
Екі күн ұстады. Арасында таяқ та жеп алдым. Ақыры милиция келді. Сөйтсек орыс шалдан алданған біз бір емес екенбіз. Милиция арыз жаздыртып алды, қаламсап пен ток шәугімді дәйек ретінде тіркетіп ала кетті.
Олардың өзара күбірлескен сөздерінен ұққаным, ол шал Ресей жақтан келіп, бір күнде қаладағылардың тып-типылын шығарып, пойызбен кері қайтқан болуы керек, бұрынғы КГБ қызметкері болуы да мүмкін, себебі гипноз сынды құпия тәсілдерді солар білетін көрінеді.
Жағдай айқындалған соң, кластасым жік-жапар боп менен кешірім сұрап ортаға бір сауытты қойды. «Сені қойшы, несиені айтсаңшы, бітті ғой шаруам, әйел кетеді енді» дейді ол іштегі күйігін жасыра алмай. «Қой, ер жігіт мойнында қыл арқан шірімес, бірнәрсе қып қайтарамыз, мен де жұмыс істеймін, саған көмектесем» деп қоям. Бірақ оның барлығы мастықтың сандырағы еді.
Жұмыс та жоқ, басқа да жоқ, сол жолы бір таныстан жол билетіне ақша сұрап алып, Алматыға әупірімдеп жеткенім әлі есімде. Сол кеткеннен мол кеттім, Ержанға хабарласуға бет жоқ. Кейіннен білдім, әйелімен ажыраспапты. Мұны естігенде қатты қуандым.
Одан кейін тағы осылайша бір-екі рет алданғаным бар. Бірде Көк базардың жанында бір топ сығандар кетіп барады екен. Қастарына әдейі жақындап, олардан жиі алдап-арбауға түсіп қалатынымды, оның себебін сұрадым. Барлығы ду етіп күлді. Біреуі басымды сипап қояды. Ондағысы бейшара-ай деп жанашырлық танытқандары болуы керек.
Ішіндегі егделеу әйел ақша төлесем менің сұрағыма жауап беретінін айтты. Көп ақшам жоқ, әмиянымда 3000 теңге жүрген. Соның 2000 теңгесін суырып алып шықтым. «Не сұрайсын, сұрай бер» деді әйел. «Гипнозды қалай жасайсыңдар» дедім. Мырс еткен ол: «Сен түгілі бұл құпия өзіміздің арамызда таңдаулыларға ғана айтылады, тағы не білгің келеді» деді қысқа қайырып. «Мен неге ондай адамдарға жиі жолығам» дедім. «Неге сен, барлығын да алдауға болады, тіпті ғалым деген адамды да» деді. «Бірақ...». «Бірақ, молодой, былай, сен алданып-арбалдым деп еш қапаланба, өз жасаған күнәларыңды осылайша жуып-шайылғанына, басыңның амандығына қайта қуан, сонда өмірің жарқын болады» деді де кете барды.
Одан бері 10 шақты жыл сырғып өте шығыпты. Содан бері, тіл көзден сақта, алдап-арбауға түскен емеспін. Бір нәтижесі – гипнозшыны алыстан танитын болдым.
Едіге, Алматы қаласы