Шымкент бес жылдық даму жоспарын бекітті

Oinet.kz 14-11-2024 80

000.jpg 

Шымкентте алдағы бес жылда көптеген өндірістік жобалар жүзеге асады. Соның есебінен мегаполисте жаңа жұмыс орындары көбейеді, жергілікті кіріс көзі артады. Бес жылда бірқатар ірі әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіледі. Инфрақұрылым, көлік, автомобиль жолдары саласындағы мәселелер шешімін табады. Мұндай жоба жоспарлар жуырда Шымкент қаласының 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспарында жазылған.

Аталған құжатта алдымен соңғы жылдардағы Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасалған.    2023 жылдың қорытындысымен Шымкент қаласы бойынша жалпы өңірлік өнім (бұдан әрі – ЖӨӨ) көлемі 4 026,6 млрд теңгені құрады және
2022 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға өсті. Республикалық көрсеткіш
119 808 млрд теңгені құрады.  ЖӨӨ құрылымындығы қаланың үлесі 3,4%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша республика өңірлерін орналастыру тәртібінде 13 орынды иемденді.  ЖӨӨ құрамында сауда, автомобиль және мотоциклды жөндеудің үлесі 22,2%-ды, өнеркәсіп өнімі – 20,8%-ды, құрылыс – 5,1%-ды, көлік және қоймалау қызметінің  үлесі – 5,5%-ды құрап отыр.   Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы 233 шақырым жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Бәйдібек би – Арғынбеков қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталып, іске қосылды.  Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71 пайызға жетті. Мәдениет саласында халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізетін заманауи Конгресс холлдың құрылысы аяқталды. 

Ал енді 2025 – 2029 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басым бағыттары қала экономикасын одан әрі дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету болып табылады. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрақты экономикалық өсуді, әлеуметтік әл-ауқатты және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, инфляция деңгейін және бағаның тұрақтылығын үдемелі төмендету жөніндегі міндеттерді шешу жалғастырылады. Өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытуға басты назар аударылады.

2025 жылы жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі – 102,9% құрайды деп күтілуде. 2025 – 2029 жылдары өнеркәсіп өндірісінің орташа өсімі 3,2% құрайды. Қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС осы саланы ұсынады. Кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жыл сайын бекітетін өндірістік кестеге сәйкес бөлінетін толингтік шикізатпен (мұнай) жұмыс істейді. Мұнай өнімдерінің бекітілген көлемі нарықтағы
жанар-жағармайға деген сұранысқа байланысты. Өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 32,8% құрайды. 2023 жылы «Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын жылына 6 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін ұлғайту» жобасын жүзеге асыру басталды. Жоба 2030 жылға дейін аяқталады, ал компания 2031 жылы толық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр.

Алдағы бес жылдықта туризм саласына баса мән беріледі. Қала аумағындағы «Ескі қаланы» қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, еліміздің ТОП – 50 туристификация картасына кіретін аумақтың мастер жоспарына сәйкес аталған аумақта жаңа бизнес қонақ үйлері, мейрамханалар мен жаңа бизнес орталықтар құрылатын болады.  Ескі қала аумағы еліміздің сакралды және тарихи-мәдени нысандарының маңызды қатарына кіреді. 2025 – 2028 жылдар аралығында Бадам су қоймасының аумағын туристік дестинацияға айналдыру жоспарлануда. Аталған орталық аумақ Шымкент қаласының туристік ауқымды демалыс орнына айналу тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразияда еліміздің көлік-логистикалық транзиттік хаб рөлін күшейту мақсатында Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының әуежайларын мультимодальді орталық ретінде дамытуды тапсырды. Тиісінше қалалық әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын салу көзделген.

Сонымен қатар балалардың жан-жақты дамыту, шығармашылық қабылетін арттыру мақсатында Тұран шағын ауданында Оқушылар сарайының құрылысы тапсырылатын болады.  

Қаладан шалғай орналасқан елді мекендерді мәдени объектілермен қамтамасыз ету мақсатында 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйі салынады. Денсаулық сақтау қызметін дамыту, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында 200 орынды перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарлануда.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды толыққанды оңалту шараларымен қамтамасыз ету мақсатында 150 төсектік жаңа Оңалту орталығының құрылысы жүргізілетін болады және Арнайы қызметтерді көрсету орталығына 50 төсектік қосымша құрылыс жүргізіліп, кеңейтілетін болады.

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін Бозарық, Тұран және Ақжайық шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермек, тиісінше көпқабатты тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылым тартылатын болады. Тиісті талаптарға сәйкес мегаполистегі 19 базар қайта құруға жатады.

Алдағы бес жылда қала бюджетіні көлемі көбейеді. Оның ішінде  мегаполис қазынасы 2025 жылы – 434 426,0 млн теңгені, 2026 жылы – 373 864,8 млн теңгені,  2027 жылы – 383 783,6 млн теңгені құрайды деген болжам бар.

 


Мақсат—қазақстандық патриотизмді дәріптеу
В Шымкенте пропагандируют физическую культуру и спорт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу