Мемлекеттік аппарат бюрократиядан арылуы керек
- Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек. Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық.
Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек,--деді Президент жуырда халыққа арнаған Жолдауында.
Мемлекеттік қызметті барынша жетілдіру, оның тиімді жүйесін жасау бүгінде ең маңызды мәселе. Жуырда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Шымкентке жұмыс сапары аясында қала басшылығымен және мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Қала активімен кездесуде МҚІА төрағасы Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша алға қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде қабылданған шаралар туралы айтып берді. Оларға мемлекеттік аппаратты бюрократизациядан арылту, азаматтардың сұраныстарына бағдарлана отырып, оның сервистілігін арттыру, мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сектордан жастар мен кәсіпқойлардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдету кіреді.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған қабылданған тұжырымдамасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес қолданыстағы жүйені жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Бұл саладағы инновациялар Президент “мемлекет үшін адам емес, адам үшін мемлекет”деп белгілеген іргелі қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыру жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында мемлекеттік қызмет ардагерлерін ведомстволық наградамен марапаттау өтті.