Шымкент: Өтегенов көшесінің 1-2 кезеңдері аяқталды
Шымкентте көлік кептелісін азайту мақсатында бірқатар тиімді шаралар қолға алынуда. Мәселен жуырда мегаполисте Өтегенов көшесінің 1 және 2-кезеңдерінің құрылысы аяқталып, Сырым батыр көшесімен қиылысы арқылы көлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Бұл жол қала тұрғындары үшін өте маңызды, себебі енді қаланың солтүстік бөлігінен (Бозарық, Шымсити, Асар, Асар-2 шағынаудандары) орталыққа тікелей қатынау мүмкіндігі пайда болды.
Өтегенов көшесінің ашылуы Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысындағы көлік кептелісін азайтуға да ықпал етеді. Жол «Шымкент Сити» шағынауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын 4 жолақты бұл көшеде аяқжол, ирригациялық арықтар, көше жарықшамдары және бағдаршамдар орнатылған.
Еске сала кетейік, Бәйдібек би даңғылы – қаладағы көлік ағыны жоғары негізгі магистральдардың бірі. Кептелістерді азайту мақсатында, осы даңғылға балама ретінде Өтегенов көшесі көлік қозғалысы үшін қолжетімді болып отыр.
Сонымен қатар, көше қиылыстарындағы интеллектуалды көлік жүйесіне ITS қосылмаған бағдаршамдарда секундомерлердің кері есебі қайта орнатылып жатқанын да айта кету керек.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша көшелерде көлік кептелісін азайту мақсатында жол таңбалары жаңартылып, бағдаршам, жол белгілері мен оң жақ өткелдер салынуда. Жібек жолы-Сайрам көшелері мен Ибрагим ата-Сареми көшелерінің қиылысына оң жақ өткелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар осы аумақта кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Бәйдібек би даңғылы көлік ағыны жоғары негізгі магистрал көшелердің бірі саналады. Осыған орай, Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесіне қосымша жолақтар жүргізілді. Ендігі кезекте Бәйдібек би - Алатау қиылысына қосымша жолақ ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесіне кері бұрылыс ұйымдастырылып, Бәйдібек би - Абылай аралығын қосу жұмыстары жүргізілді.
Онымен қоса Бәйдібек би даңғылына балама жол ретінде Тұран және Тұран-2 шағын ауданынан қала орталығына тікелей қатынайтын Таңбалытас көшесіне асфальт төселіп, жол таңбалары сызылды.