Шымкент: Бірыңғай қабылдауда 250-ден астам азаматтың өтініші қаралды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында:
--Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек. Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ.
Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс,--деп атап өткен болатын.
Шымкентте осы тұжырымдамаға сәйкес әр айдың сәрсенбісінде тұрғындарды бірыңғай қабылдау өтеді. Бұл сәрсенбідегі кезекті қабылдау барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері, сонымен бірге полиция және прокуратура өкілдері азаматтарды қабылдады.
Қабылдау барысында 250-ден астам азаматтың өтініші қаралды. Өтініш түсірген тұрғындардың басты мәселелері көбіне тұрғын үй, жер қатынастары, энергетика, білім беру, автомобиль жолдары және абаттандыру салаларына қатысты болды.
Қабылдау кезінде көптеген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілді, ал күрделі мәселелер талдауды қажет ететіндіктен әкімнің жеке бақылауына алынды.Сондай-ақ, әрбір өтініш жан-жақты қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.
Жалпы, мұндай қабылдаулар тұрғындардың мәселелері бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осыны ескерген қала әкімі жауапты қызметкерлерге халықпен кері байланысты күшейтуді және мәселелерді шешу барысында азаматтардың ұсынысы мен тілектерін ескеруді тапсырды.