Шымкент: Қайта жаңғыртылған вокзалдың қызмет көрсету сапасы жақсарды
Шымкентте қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов атап өтті.
10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.
1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты.
Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.
Жалпы, қала аумағындағы аялдама орындары – 1886 құрайды. Павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, оның ескі үлгідегі аялдама саны – 500, ал жаңа үлгідегі аялдама – 838. Осыған байланысты, ағымдағы жылы қала аумағын толық аялдама павильонымен қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтарға 398 аялдама орнату және 500 ескі аялдаманы жаңалау жоспарланды. 2024 жылдың ІІІ-ші тоқсанында 898 жаңа аялдама павильондарын орнату жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың орталығында орналасқан 200 аялдамаға атауларын орнату жұмыстары іске асырылуда.