Шымкентте болат өндіру зауыты салынады
Шымкенттің әкімі Ғ.Сыздықбеков “Jiangsu Coastal Steel Group Co Ltd” ірі корпорациясының құрамына кіретін қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл компаниялардың болат өндіруде және халықаралық саудада тәжірибесі мол.
Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде компания елімізге жалпы сомасы 1,75 миллиард АҚШ долларын инвестициялауға дайын. Ал Шымкентте бес жыл ішінде үш кезеңде болат өндіретін металлургиялық зауыт салу жоспарлануда.
Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланады. Жылдық өндірістік қуаты 5 миллион тоннаны құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 1000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қытайлық кәсіпкерлер бүгінде Шымкентте инвестиция тарту үшін барлық жағдай бар екенін атап өтті. Зауыт іске қосылса, басқа да жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Қала әкімі өз кезегінден жобаны Шымкентте жүзеге асыруға, қажетті инфрақұрылыммен қамтуға, сонымен қатар барлық кезеңдерінде әкімшілік қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.
Жуырда Ғ.Сыздықбеков Қытайдың «Beijing Hongfu Group» өнеркәсіптік холдингінің өкілдерімен кездескен болатын. Кездесу барысында Қытайдан келген инвесторлар мегаполисте қайталама мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы каталитикалық крекинг қондырғысы бар ине кокс өндіретін жоғары технологиялық зауыт салуға ниет білдірді. Ұсынылып отырған тікелей инвестицияның жалпы көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру 200 жаңа жұмыс орнын ашуға және қаламыздың түлектерін тиісті саласы бойынша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдегі мұнай-химия өнімдерін терең өңдеудің өнеркәсіптік құрылымын жақсартуға бағытталып отыр.