Филология. Реферат. Когнитивті метафораның қалыптасу негізі

Oinet.kz 09-09-2020 1494

Бұл мақала семантика ғылымында соңғы кезде ғана қарастырыла бастаған когнитивті метафоралардың қалыптасу негізін зерттеуге арналған. Мақалада когнитивті метафоралар туралы ғалымдардың пікірлері сипатталады. Мақаланың негізінде соңғы кезде когнитивті метафора мәселесін терең зерттеп жүрген белгілі Ресей ғалымдарының когнитивті метафораның ерекшеліктері туралы ойлары мен пайымдаулары жатыр. Сонымен қатар мақаланың негізінде еңбектерінде дәстүрлі метафора, авторлық метафора, бинармды метафоралар зерттелген белгілі қазақ тілшілерінің дәйексөздері мен пайымдаулары келтіріледі. Когнитивті метафораның қалыптасу негізін ашуға талпыныс жасалады. Когнитивті метафоралардың табиғаты когнитивті семантиканың басты категорияларымен байланыста қарастырылады. Атап айтқанда, концептілер жүйесі, концептілер түрлері, концептілер модельдері, концептілердің ішкі құрылымы, ақынның өзіндік когнитивті танымы, когнитивті метафораның стилистикалық ерекшелігі, комбинаторлық қатынас, концептуалды сана, тілдік сана, ұлттық-мәдени кеңістік, поэтикалық таным, когнитивті таным және т.б.


Когнитивті метафораның қалыптасу ерекшеліктерін көрсету үшін Қазақстанның халық жазушысы, ойшыл, ақын Ә.Кекілбаевтың өлеңдер жинағынан мысалдар алынды.


Когнитивті метафораның қалыптасу негізін ашуға тырысу өте күрделі сұрақ. Бұған барлық факторлар өзіндік ықпалын тигізеді. Алдымен, адамның өмір сүру тәжірибесі, ойлау дәрежесінің кеңеюі, басқа индивидтермен қарым-қатынас когнитивті метафораның пайда болуына тікелей әсерін тигізеді. Категоризациялау, яғни қоршаған ортаның адам қабылдаған заттарын ірі бөліктерге бөлу – когнитивті метафораның ең басты пайда болу негізі болады. Адам санасындағы дүниенің тілдік суретінің пайда болуы, оның дәрежелері, атап айтқанда, дүниенің қарапайым бейнесі, дүниенің ұлттық бейнесі, дүниенің когнитивті бейнесі және ең соңында дүниенің ғылыми бейнесі; міне, осылар сияқты күрделі ұғымдардан тілдік тұлға тілінде когнитивті метафоралар қалыптаса бастайды деп топшылаймыз. Авторлы, бинармды және когнитивті метафора адам санасындағы дүниенің тілдік суретінің өзіндік жемістері. Адам санасындағы дүниенің тілдік суретінің дәрежелеріне қарай метафора түрлері туындайды. Когнитивті метафоралар дүниенің когнитивті бейнесінің тілдегі көрсеткіші. Біз бұл ғылыми еңбегімізде осы күрделі ұғымдарды түсіндіріп, когнитивті метафораларға олардың қатысын талдауға әрекет жасамақпыз. Ең алдымен, бұған категория деген ұғым өз ықпалын тигізеді. Категория – адам ойының танымдық түрі. Э.Н.Оразалиева бұл туралы: «Ол – адам тәжірибесін жалпылауға, жіктеуге мүмкіндік беретін ерекше ұғым. Бүгінгі күні танымдық категория негізгі ерекшеліктеріне қоса, жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етіліп, адамның когнитивті әрекетімен, яғни әр түрлі заттарды белгілі бір қасиеттеріне орай жіктеу, топтау негіздерімен, материя мен оның қимыл-әрекеттерін сипаттар көп қырлы формаларды объективті түрде кластарға, топтарға біріктіру мүмкіндіктерімен сабақтаса дамып келеді», – деп ойын сабақтайды [1, 270]. Деректі, дерексіз, жанды, жансыз зат есімдердің түпкі негізінде осы категоризациялау үдерісі жатыр. Мысалы:


«Көңіл ит те құбылған тұман екен, Көп нәрсені бүлдірер күмән екен» [102].


Ақын көзқарасындағы ең басты когнитивті бірлік – концептосфера. Жалпы, бүгінде, когнитологтар бұл терминмен ақынның жалпы шығармашылығы мен дүниетанымын таңбалап жүр де, жеке тілдік тұлғаларды қарастырған зерттеулерді осы сөзбен ауыстырып жүр. Бұл терминді алғаш қолданған академик Д.С.Лихачев болатын. Когнитивті тіл білімінде бұл терминмен қатар, концептілік жүйе термині де қолданылады. З.Д.Попова, И.А.Стернин: «Концептосфера – бұл халықтың концептілерінің жиынтығы, ойлаудың ақпараттық базасы», – деп анықтайды [2, 36]. Ал Р.И.Павиленистің тұжырымынша: «Концептілік жүйе – индивидтің ақиқат, бейақиқат дүние туралы (ой, пікір, білім) ақпараттарының өзара үздіксіз ұласқан конструктілік жүйесі», – деп танылады [3, 280]. Ғаламның когнитивті бейнесі және әртүрлі түрлері концептосфера бойынша ұғынылады, жалпы, тілдік ұғым туралы санадағы ақпараттар концептілік жүйеде дұрысталады. Сол себепті, В.Знаков: «Тану (ұғыну) әрекеті – индивидтің бұрын қабылдаған және жаңадан таныған ақпараттары арқылы дүниенің мәнін түсіну», – ұғынады [4, 22]. Мысалы:


«Археолог таңдайын көп қағады, Қасапшыдай қалың майға сүңгінен; Қызыл оба қызылы жоқ жабағы,

Жауыз жылдар бауыздаған сүңгімен» [69].


«Дүние суреті (картина мира)» когнитивті лингвистикадағы ең басты бірлік болып табылады, кейде «ғалам бейнесі» терминінің орнына «дүниенің суреті», «ғалам образы», «ғалам моделі» немесе «ғалам туралы білімдер жүйесі» ұғымдары қолданылады. «Дүниенің суреті» когнитивті тіл біліміндегі басты категория болғандықтан, әртүрлі мектептер көзқарастары бойынша әртүрлі бағытта анықталады. Жалпы семантика өкілдері бала санасында ғаламның қарапайым бейнесі қалыптасатынын, оның негізінде ғаламның күрделі бейнесі дамитынын дәлелдейді. Ресей семантикасының көрнекті тілшілері З.Д.Попова, И.А.Стернин алдымен ғаламның тікелей бейнесі және тікелей емес бейнесін көрсетіп, одан ғаламның когнитивті бейнесі, одан ғаламның тілдік бейнесі туындайды деп көрсетеді. Олардың жазуынша, ғаламның когнитивті бейнесі негізінде адам санасында ғаламның тілдік бейнесі жасалады. Олар: «ғаламның когнитивті бейнесі» – адамның немесе халықтың когнитивті санасында құрылған сезу мүшелері арқылы шындық болмыстың бейнеленуінің нәтижесі болатын шындық болмыстың менталды бейнесі. Ғаламның когнитивті бейнесі – бұл мәдениетпен берілген сананың концептосферасы мен стереотиптерінің жиынтығы», – деп анықтайды [2, 52]. Сонымен қатар, олар мүлде қарастырылмаған «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымынан туындайтын «ғаламның көркем бейнесі» мәселесін қозғап, оның «ғаламның тілдік бейнесінен» басты ерекшелігі суретшілер мен ақын-жазушылардың санасында қалыптасатыны және индивидтің өзіндік амалтәсіл, құралдармен бейнелеуіне мүмкін болатындығы [2, 56]. Мысалы, ақында ол мына бір когни-тивті метафорадан көрінеді деуге болады:


«Жымиып жыртық дүниеге өтем білем, Жылпосқа іш бұрса өзі жаратқанның» [75].


Жалпы алғанда, адам әлемді өз ана тілі арқылы таниды да, сол негізде ұлттық мінезді бойына қабылдай бастайды. Бұның негізінде «ғаламның ұлттық бейнесі» жатса керек, сондықтан «ғаламның тілдік бейнесі» бала санасында қалыптасқанда «ғаламның ұлттық бейнесі» бірге қабысып қалыптасады. Кезінде Э.Сепир, Б.Уорф ұсынған болжамда адамдар әлемді өздерінің ана тілінің призмасы арқылы қабылдап, көретіні айтылған еді. В.А.Маслова:


«Ғалам бейнесі кеңістік, уақыт, сан, этикалық және тағы басқа параметрлер арқылы көрінеді. Оның қалыптасуына тіл, дәстүр, табиғат және ландшафт, тәрбие, оқу және тағы басқа әлеуметтік факторлар өз әсерін тигізеді. «Ғаламның тілдік бейнесі» ғаламның ұлттық бейнесін бейнелейді және әртүрлі тілдік деңгейлердегі тілдік құралдарда көрінуі мүмкін», – деп жазады [5, 65].


Ақпарат пен сезінудің бәрі сөзбен таңбаланбағандықтан және сана деңгейі әртүрлі деңгейде болғандықтан балада түйсіну көп болады да, ғаламның тілдік бейнесі күрделі деңгейде келеді. Біздің зерттеуімізге арқау болатын «ғаламның тілдік бейнесі» қарапайым түрден ұласқан деңгейде келеді, сондықтан бұл – терең зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе.


«Ғаламның тілдік бейнесі» мәселесі көп астарлы, оның үстіне, когнитологияға енетін көптеген ғылымдар бар екені белгілі, осындай объективті себептерге орай, әр ғылымның өзіндік мақсатына сәйкес бұл ұғымның анықтамалары да көптеп саналады.


Қазақ когнитивті тіл білімінде «дүниенің тілдік суреті» мәселесіне өз зерттеуін арнаған А.Ислам бұл категорияның таза ұлттық танымның негізінде жасалатынын көрсеткен еді. Ол «ғалам бейнесі» туралы: «Дүниенің тілдік суреті» дегенімізді тілде көрініс тапқан, жалпы ұлт өкілдеріне және ұлттық әлеуметтік мәдени өкілдеріне ортақ ұжымдық ұлттық мәдени тәжірибе негізінде жиналған білім жүйесі деп түсінеміз», – деп жазады [6, 29].


Тілдік тұлғаның сөйлеу, ойлау қызметінің базасы ретінде ғаламның жеке және субъектілік бейнесін қарастырған өзіндік нәтижелерін беретіні сөзсіз. Мәселен, Әбіш жырларында:


«Шерменде емен ешкімге есем кетіп, Жетіп жатырқуғам бақ, жесем несіп, Дәлі де емен дау қуған тепеңдесіп,

Жетім де емен: әкем – көк, шешем – бесік» [122]»

дегендегі әкем – көк, шешем – бесік дүниенің ақын санасындағы бейнесі деп тануға болады.


Е.А.Керімбаев: «Ғалам бейнесі дегеніміз – адамның дүние танымындағы субъектілік және объектілік бастауларының синтетикалық бірлігі, рухани жеке әрі мәдени тарихи субстанцияның синтезі екендігін еске алу қажет», – деп көрсетеді [7, 48]. Ж.М. Абдрахманова «дүниені» концепті деп есептейді: «Егер дүниені жүйелеп қарар болсақ: дүние – әлем, ғарыш; дүние – табиғат және оның құбылыстары (тірі табиғат, өлі табиғат); дүние – қоғамдық орта, дүние – адамдар әлемі, дүние – идеалдық құбылыстар (мораль, эстетика, дін т.б.) Жалпы, «дүние» ұғымы қазақ мәдениетінің тұрақты концептісі болып табылады» [8, 11].


Дүние суретін дүниетаныммен шатастыруға болмайды, дүниетаным философиялық ұғым болса, дүниенің тілдік суреті – лингвистикалық ұғым. Екі ұғымның да тамыры бір, бірі көлемді болса, бірінің көлемі тілдік аяда шектеулі. І. Ерғали: «Дүниетаным дегеніміз – адамның дүниеге (әлемге) деген рухани қатынастарының негізі болатын және солардың бәрін жалпылама түрде қамтитын, адам мен әлемнің сан алуан ара қатынасын білдіретін ұғым» [9, 181]. Ақын тіліндегі дүние суреті көбіне метафоралардан байқалады да отырады. Мысалы:


Мандайымнан адам өтсін, күлкі өтсін, Желе – жортып үйір үйір жылқы өтсін, Менен шошып, түн ішінде дүрліксін, Тұяқтардан үстіме кеп шаң қонсын, Шаңы қонсын қырымдағы тірліктің [16].


Концептілік жүйенің қызметі – ұлттық нақыштағы күрделі ұғымдарды бір мазмұнға реттеп топтастыра отырып, жүйелеу. Жалпы, бұл мәселені қазақ тіл білімінде қарастыру енді ғана қолға алынғандықтан, концептілік жүйе, оны құраушы бөліктер мәселесі әлі де зерттелу үстінде екенін айта кету керек. Мысалы:


«Шыдай алмай шайқалыпты шаңырақ, Майыстырып тіреу қылған бақанды. Желтоқсанның желі сапты аңырап, Бұрын-соңды естілмеген мақамды» [103].


Когнитивті метафораның түпкі негізінде тағы бір нәрсе жатады: ол – когнитивті модель (үлгі). А.Б.Әмірбекова концептілік жүйе мен когнитивті модельдің тығыз байланысынан концептінің құрамдас бөліктері туындайды деп санайды. «Біздің пікірімізше, дүниенің концептілік бейнесін көрсететін негізі тірек – концептілік жүйе. Концептілік жүйе ішкі және сыртқы құрылымдардан тұрады. Ішкі құрылымы концептіні танытуға бағытталған құрылымдар: фрейм, сценарий, ойсурет, сызба; ал сыртқы құрылымы: сөз, фразеологизм, метафора, сөйлем, тіркес, метонимия т.б.. Концептілік жүйе қалыптастыруда санадағы ішкі құрылымдар белгілі бір когнитивті модельге салынып жинақталады. Когнитивті модель автор танымындағы символ, бейне, прототип, этикет, эталон, ассоциативтік, стереотиптік бірліктер мен инсайт таңбалар арқылы қалыптасады» [10, 28]. Ал Г.Гиздатов: «Жалпы алғанда, когнитивті моделдер адам дүниеге келгенде бірге келмейді, ол адамның жеке тәжірибесі мен адамзат дамуының ұзақ жылдардағы нәтижесі», – деп, оның түрлерін эксперименттер арқылы зерттейді [11, 15]. Өзге тілді оқыту мәселесін қарастырған Г.Е.Утебалиева модельдің коммуникативті-когнитивті моделі түрін көрсетіп, оны: «өзге тілді меңгеру механизмі сипаттау модельдің барлық компоненттерінің жиынтығы ретінде», – деп ұғынады [12, 126]. Ақын тіліндегі осыдан шыққан метафораға мынадай мысал алуға болады:


«Шындық – тақ, өтірік – жұп, айла – егіз,

Айқұшақ аймаласқан фәнилік із. Бақиға басың жалқы аттанасың,


Өзіне ұқсас жаратқан озалда иеміз.» [116].


Сонымен, когнитивті модель дегеніміз – концепттің құрамдас бөліктерін көрсетуші әртүрлі ассоциативтік, символдық белгілер арқылы танылатын үлгі, құрылым.


Танымдық тұрғыда тұтас метафоралық моделдердің өзара тіркесуі көрінеді, оның негізінде де денотаттық жағдайлар жатады. Когнитивті әдіс бойынша А.Н.Баранов формалды тіркескен және мазмұнды тіркескен метафора түрлерін бөліп, формалды тіркесуді сыртқы, ішкі деп екіге жіктейді. Ішкі тіркесуге денотативті байлаулы, денотативті байлаусыз метафоралар жатады, ал сыртқы да осы сипатта тек контекстке қатысты болады. Мазмұнды жағынан метафоралы моделдер когнитивті-семантикалық тіркесу типі бойынша және ғаламның тілдік бейнесіне қатысты онтологиялық тіркесу типі бойынша екіге ажырайды [13, 83-87]. А.Б.Әмірбекова концепт қалыптастырудағы метафораның қызметі семаларға сүйене жүзеге асатынын сызбалармен бейнелейді. Мысалы: «Жігіт – бүркіт» метафорасындағы С1 – жігіт-батыр, қайсар; С2 – бүркіт-мықтылық, жыртқыш, күшті; Қ1 – ел қорғаны; Қ2 – құс патшасы» [10, 90]. Концепт қалыптастырудағы метафораның қызметі ерекше болады, яғни, А.Әмірбекова: «метафора концепт қалыптастыратын құрылымдық элементтердің бейнелену қызметін атқарады. Метафоралану әрекеті адам тәжірибесіндегі ассоциативтік, стереотиптік, символдық танымына негізделеді. Концепт қалыптастырудағы метафораның қарапайым қызметі – танылатын дүниенің бір қасиетін ауыстырып, санадағы гештальт құрылымда жаңа фон қалыптастыру», – деп жазады [10, 89]. Ал В.Н.Телия: «Когнитивті метафоралар – дерексіз ұғымдарды қалыптастырушы және атаушы метафоралар», – деп көрсетеді [14, 193].


Ә. Кекілбай өлеңдерінде ақынның ұлттық танымы мен өзіндік психологиялық когнициясы көрініп, аракідік айқын жағымсыз коннотацияда сыртқа шығып отырады. Бұндай жағдайлар ақын поэзиясында жиі болмағанымен кездесіп отыратынын айтып, оған толық мысал алайық:


Таң атқаннан күн батқанға қызыл тілдер безеңдеп. Тас кереңдер тарпа бас сап, омыраулап, өжендеп, Көрсоқырлар көкірек соғып: «білем бәрін, көрем» деп,


Мешел біткен «мен», «менге» сап, «мен де дүние кезем» деп,

Қортықтар да қоразданып, «жол бермесең, езем» деп,

Кекештер де кеңірдек керіп, «Өзім... Өзім...өз е е м» деп,

Шортықтар да шабанысып, Қақсалдар да қағынысып, Бұл дүние бұл бола ма,

Жоқ әлде әбден тұл бола ма,

Тағы да сол таз әулекі, соқыр әнгі кезең кеп [99].


Бұнда қызыл тілдер, тас кереңдер, көрсоқырлар, мешел, қортық, кекеш, шортық, қақсал, таз әулекі, соқыр әңгі сияқты жағымсыз коннотацияға ие сөздер арқылы ақын өзінің когнитивті метафораларға толы көзқарасын білдіреді. Қорыта айтқанда, когнитивті метафоралардың шығу негіздерін ашу үшін тыңғылықты зерттеу жүргізу қажет.


Әдебиеттер


1 Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы: Ан Арыс, 2007. 2 Попова З.Д., Стернин И.А. Когнитивная лингвистика. – М.: АСТ: Восток-Запад, 2007.

3 Павиленис H.И. Проблемы смысла; Современный логико-функциональный анализ языка. – М.: Мысль, 1983. 4 Знаков В.В. Понимание – как проблема психологии мышления // Вопросы психологии. 1991, – №1. – C. 22.

Маслова В.А. Введение в когнитивную лингвистику. – М.: Флинта: Наука, 2007.

Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама). Филол. ғыл. д. ... дис. – Алматы, 2004.

Керимбаев Е.А. Этнокультурные основы номинации и функционирования казахских собственных имен: Автореф. ...д. филол. наук. – Алма-Ата, 1992.

Абдрахманова Ж.М. Тіл мен дүниетаным сабақтастығы (Ә. Кекілбаев шығармалары негізінде). Филол. ғыл. канд. ...дис. – Алматы, 2004.

Ерғали І.Е. Философия как духовная деятельность. – Астана, 2003.

Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М. Мақатаев поэзиясы бойынша). Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2006.

Гиздатов Г.Г. Типология и динамика когнитивных моделей в речевой деятельности: дис. ... д. филол. наук. – Алматы, 1999.

Утебалиева Г.Е. Усвоение неродного языка: коммуникативно-когнитивная модель. – Алматы: Қазақ университеті, 2008.

Баранов А.Н. О типах сочетаемости метафорических моделей // Вопросы языкознания. – 2003. № 2. – С. 73-94.

Телия В.Н. Метафора как модель смыслапроизводства и ее экспрессивно-оценочная функция // Метафора в языке и тексте. – М., 1988. – С. 26-52.

Филология. Реферат. Жазушы Дулат Исабеков шығармалары
Ашық сабақ. Информатика. Роботтар әлемі.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу