Баяндама: Адамгершілік – асыл қасиет

Oinet.kz 07-09-2020 1202

Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат-мұраттарының ең негізгісі – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, ұрпақ тәрбиесі болашағымызға үлкен сенім тудыратын басты фактор болып саналады.

Бала тәрбиесі, әсіресе бүгінгі күнде, мектептер саны көбейіп, халықтың экономикалық жағдайы көтеріліп келе жатқан кезде, өте өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Негізінен жас ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуде педагог өзінің ішкі әлеміне терең бойлау арқылы адами және кәсіби тұрғыдан кемелденуін, рухани тағылымды меңгеруін, өзін-өзі жан-жақты зерттеуін, түсінуін, бойындағы құндылықтарды бағалай білуін, өзінің жалпыадамзаттық қүндылықтар кеңістігіне қатыстылығын түсініп, өмірден өз орындарын табуға және өз күштеріне сенетін жан-жақты, жаны мен тәні үйлесім тапқан жан ретінде қалыптастыру керек деп ойлаймын. Осы орайда, болашақ мамандар өзін жақсы адам ретінде тәрбиелеу үшін ең алдымен өзін-өзі тани білуі тиіс. Өзін-өзі тани білу өзіндік сананың қалыптасуынан туады. Өзіндік сана дегеніміз – ең алдымен тұлғаның өзінің рухани және дене күшін, әрекеттері мен ой-сезимдерін тануы. Ол тұлғаның өзін қоғам мүшесі ретінде, қоршаған ортамен, адамдармен қарым-қатынасын тануы. Өзіндік сана адамгершілік сананың дамуына ықпал етеді және рухани-адамгершілік құндылықтарды саналы түрде бойына сіңіреді. Адамгершілік-қоғамдық қасиеттердің дамуы мен тарихи-мәдени, рухани қажеттіліктің нәтижесі ретінде – қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекетін, қарым-қатынасы және көзқарасын сипаттайды. Адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, жанашырлық, ізеттілік, қамқорлық, сыпайлық, батырлық тағы да басқа құндылықтардың мәні мен маңыздылығы бұл құндылықтардың әрқайсысы адам баласының өмірлік ұстанымына тікелей ықпал етіп, жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімдерін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұмтылыстарын, өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асырып, жеке тұлғаның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы, қай тәрбиенің түрі болса да отбасынан бастау алатыны белгілі. Сол сияқты адамгершілік тәрбие де отбасынан қалыптасып, одан әрі дамытылуы қажет. Мектеп пен отбасының арасында педагогикалық ынтымақтастықты сақтау, отбасымен жүргізілетін жұмыстарды жетілдіру. Атап айтқанда: отбасыға әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық-психологиялық қолдау, отбасының материалдық жағдайы, отбасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру, отбысының жалпы мәдениеті, тосын жағдайдағы қызметіне көңіл бөлу қажет. Мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығын орнату, «бала – мектепке келгенде халық баласы, ата-ана үйіне алып кеткенде отбасының баласы» деген қағиданы ұстанып, тәрбиеші-педагогтің жұмыстарына психологиялық, әміршілдік тұрғыдан қысым жасалмау керек. Ол сіздің балаңыздың көңіл-күйіне әсер етіп, күні бойындағы педагогтің жұмысына да кедергі келтіретінін ұмытпаңыздар. Алғашқы президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» - дейтін еңбегінде орын алған мына бір тамаша ойға назар аударған дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге,

соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн». Міне, осы сөздің өзі – тұла бойы тұнған отаншылдық тәрбие міндеттері.

Ойымды қорытындылай келе айтарым, мектеп ошақтарында адамгершілік тақырыбын әр тәрбиеші-педагог күнделікті жұмысында жоспарлап, алдына белгілі мақсат қойып, жүзеге асырып орындап отырса, біздің қоғамның келешек ұрпағы рухани бай, адамгершілігі мол, өз елінің нағыз азаматы болып шығуына барлық мүмкіндігі бар деп сенемін.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу мәселелері //Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы. Педагогика сериясы. - 2004. - №4(36). - Б.160-163.

2. Отансүйгіштік тәрбие-басты міндет //Қазақстан мектебі. - 2005. - №5-6. - Б.3

3. Қазақ мемлекетінің идеологиясында жастарға патриоттық тәрбие беру //Білім саласындағы инновациялық технологиялар. Қазіргі кездегі дамуы және келешегі: Республикалық ғылыми-методикалық конференция материалдары. - Қарағанды, 2005. - Б.226-229.

Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Ілияс Жансүгіров өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу