Өз дертіне дауа таппаған Авиценна

Oinet.kz 29-01-2020 1416

8_result-14.jpg

«Мен медицина саласына бет бұрдым. Дәрігер ретінде науқастарды бақылай отырып, медициналық білімімді жетілдіре түстім. Тәжірибе - емдеу әдістерін кітап арқылы таба алмайтындығымды үйретті»

Ибн Сина (Авиценна)

Медицина ғылымында Авиценна есімімен танылған парсылық дәрігер, ғалым, философ және ақын Әбу Али ибн Сина Бұхараға жақын маңдағы Афшан қаласында 980 жылдың 16 тамызында дүниеге келген. Ол Орта Азия мен Иран және Бұхара шаһарларында ғылыммен айналысып, сонда өмір сүрді. Аталмыш қалаларда математика, астрономия, философия және медицинаны оқып, әртүрлі билеушілердің қарамағында дәрігер және түрлі лауазымдарды иеленді.

Ибн-Сина өмірінің алғашқы отыз жылын өзі қағазға түсірді. Ғұмырының қалған игілікті тұстарын шәкірті әл-Джузжани жалғастырып жазып, үш баспаханада сақтаған. Ол бастапқы білімді әкесінен және саманидтер әкімшілігінің шенеунігі Исмаилидтерден алды.  Ерекше қабілетке ие болған Авиценна он жасында Құранды жатқа біліп, парсы және араб грамматикасы, поэтика, риторика, әдебиет пен тарихты жақсы меңгерді. Ол көпес Махмуд Массохтан математиканы, Исмаил Заһидтен логика мен фиқһты, ал медициналық ілімді атақты Бұхаралық дәрігер Абу Мансур Камариден алған. Философиялық білімді, евклидтік геометрияны, астрономияны Әбу Абдаллах Натилидің жетекшілігімен меңгерді. Арада көп уақыт өтпей ол ұстазын басып озды. Оған оның мына сөздері дәлел бола алады: «Ол менің талантыма ерекше таңданыс білдіріп, ата-анама алғысын білдірді. Маған ғылымнан басқа ешбір саламен айналыспауға кеңес берді. Мен бес-алты теореманы Натилидің арқасында меңгердім, ал қалғанын өз бетімше үйрендім. Натилидің мені оқытуға шамасы жетпеді. Ол өзі білмеген сұрақтардың жауабын мен арқылы тапты. Мен кітаптарды өзім оқып үйрене бастадым».

Он бес жасынан бастап өз бетінше білім алған ол, он сегіз жасында Бұхарада білікті дәрігер ретінде танылып, атақты ғалым атанды. 1002 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Хорезм астанасы Гурганж қаласына келген, оның ғылым жолы мен өмірі белгілі ғалымдардың басын қосқан Мамун академиясымен тікелей байланыста болды. 1008 жылы Ибн Сина Сұлтан Махмұд Газневидің ұсынған жұмысынан бас тартып, ғылым жолын Хорасан мен Табаристанда жалғастырды. Сондай-ақ, гректің атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерін оқып, олар айтқан ережелерді толықтырып, ескірген ұғымдарды алып тастады.

Ол өзінің сапарларында бірнеше шығармалар жазды. 1015-1024 жылдар аралығында Хамадаға келіп эмираттың мемлекеттік және саяси істеріне атсалысты. Әмір қайтыс болғаннан кейін Исфахан әміршісінің орнын алмақ болды деген күдікпен төрт айға қамауға алынды. Ол соңғы он төрт жылында Исфахан билеушісі әмір Әл Ад-Давлдың сотында қызмет етті. Ол әмірдің бас дәрігері әрі кеңесшісі болды. Алайда, оның ғылыми ізденістеріне пікір білдірушілер қатары күнсанап артып отырды. Сондықтан, ол әдебиет пен филологияға бет бұрды. Ибн Синаны әлемге танытқан жемісті ғылыми жұмысы «Дәрігерлік ғылымның ережелері» осы тұста жазылып, бітті. Исфахан соғысында асқазанның қатерлі дертін жұқтырған Ибн Сина, өзін емдеуге келгенде шарасыз қалды. Осылайша Медицинаның атасы 1037 жылы мәңгілік мекеніне аттанды.

Ибн Синаның араб және парсы тілінде жазылған мәңгілік мұралары әлі күнге дейін сақтаулы. Оның философиялық көзқарасы мен ғылыми ұстанымдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлға Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби болды. Әл-Фарабидің неоплатонизм және «Аристотель теологиясы» атты туындысы оның бірқатар ғылым жолында жетіле түсуіне жәрдемдесті. Ибн Синаның негізгі философиялық еңбегі – «Емдеу кітабы» деп аталады. Аталмыш  энциклопедиялық туынды логика, физика, математика және метафизика сынды ғылымдарды қамтиды. Парсы тілінде жазылған «Білім кітабы» да осы еңбектің құрамына енеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған «Бағыт және нұсқаулық» атты еңбегі оның сопылық жолына ықпал еткен философиялық идеяларының түйіні болып саналды. Оның «Дәрігерлік ғылым ережелері» кітабы әлемдік медицина энциклопедиясы деп аталып, зор бағаға ие болды.  Бес томнан тұратын энциклопедиялық кітап Ибн Синаның атын күллі әлемге әйгілі етті. Ал, «Анатомия мен физиологияға кіріспе» еңбегі әлемдік медицинада маңызды орынға ие болды.

Сиыр туралы тақпақтар
«Қытайдан қысым көрген дүнгендерді қазақтар бауырына басқан»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу