Сталиннің өзі енгізген бап талайларды жазықсыз жапа шектірді

Oinet.kz 08-12-2023 710

Repressii-30-h-1-690x425.jpg  

     1920-1936 жылдар аралығында Қазақстанның РСФСР құрамында болғандығын біреу білсе, біреулер біле бермейді. Сол себепті,  РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық кодексімен 1950 жылдардың басына дейін құқық қорғау органдары іс жүргізді. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде республиканың өзінде 100 мыңнан астам адам сотталды, ал олардың 25 мыңдайы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.

 Ату жазасы негізінен мына баптар – №№58,59,61 бойынша жүзеге асырылды. Қылмыстық кодекстің  107 – «алыпсатарлық» бабы бойынша сотталғандар реабилитация шараларынан шет қалғандығын  атап көрсеткен орынды деп білемін. Осы бап бойынша Түркістан облысы мемлекеттік архивінен (ТОМА) екі жүзге жуық тек Сайрам ауданы және Шымкент қаласы бойынша істер табылып отыр. Айта кететін жәйт, осы бапты 1926 жылы И.Сталин өзі тікелей нұсқап  «антисоветтік элементтер»  ретінде Қылмыстық кодекске енгізген екен. Бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Ауыр жаза. Кейбіреулер ойлауы мүмкін «алыпсатарлықты» да ақтауға бола ма деп, мәселе бұл баптар бойынша көптеген жазықсыз адамдар «шолақ белсенділердің» жаласымен, асыра сілтеуімен қуғын көрді, лагерлерге тоғытылды. Саяси науқанға ілікті.  НКВД-ның жедел уәкілдері мен ОГПУ-дің үштіктері, екіліктері «халық жауларының» тізімін толтыру үшін барынша белсенділік танытқан.   

      Сайрам ауданы бойынша тың мәліметтер табылып отыр. 1930 жылғы 18 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Сайрам ауданында төмендегіше 18 колхоз бен 9 қышлақ кеңесі шоғырланған екен: Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша осы колхоздардың барлығында сотталғандар кезікті. Сот мәжілістері Ақ Су селосындағы сот ғимаратында және көпшілікке сабақ болуы үшін қышлақ кеңестерінде өткізіліп отырған. Ол істер ТОМА-дағы «Сайрам ауданы халық сотының материалдары» атты № 505 қорда сақтаулы тұр.

Қордағы Салиходжаев Каттаходжаға қатысты іске тоқталайық.  Оны  Сайрам ауданының халық сотының судьясы Ходжабаев соттапты. Оған алдымен ҚК 105-бабымен  2 мың сом айыппұл салған. Бірақ кейіннен ҚК-тің 105-бабынан 107-бабына ауыстырылған. Оған себеп  «К.Салиходжаев 1939-1940 жылдары қоғамға пайдалы жұмыс жасамай, алыпсатарлықты кәсіп етіп келгендігі қосымша анықталды» делінген құжатта. Ол 1940 жылы 1 атты 1400 сомға бір колхозшыдан сатып алып, Ташкентке алып барып қымбатқа сатқан. Ол жақтан әкелген 20 кило күріштің әр килосын 10 сомнан сатқан. Қырғызстанға 4-5 рет барып мал әкеліп сатқан. 40 кило күріш әкеліп, әр килосын 15-16 сомға дейін көтермелеп саудалаған. Кір сабындардың біреуін 10-16 сомнан, одан бөлек өрік, алма жемістерін Ташкентке алып барып сатып отырған. Бұл мәліметтер куәгерлерден алынған. НКВД-ның уәкілінің тергеуінен соң Қ.Салиходжаевты 1941 жылы  наурыз айында Сайрам аудандық халық соты 5 жыл бас бостандығынан айырады.

     Сонымен қатар, осы қордағы Каримов Мадыматқа қатысты іс те  107 бабы бойынша қозғалған. Ол Сайрам ауданы №14 балалар үйінде жұмысшы болып істеп жүріп, алыпсатарлықпен айналысқан. Күріш, етті балалар үйіне қымбат бағаға өткізген. Бір жылқыны Ташкентке алып барып, қымбатқа сатқан. НКВД уәкілі сержант Мыльников 1941 жылы 9 шілдеде Базар Қақпа ауылындағы оның үйін тінту кезінде 470 сом тәркілеген.  БХСС уәкілі-тергеуші Метелев іске қатысты Каримовтың балалар үйінің директоры Кульчимбаевпен бірге алыпсатарлық қатынаста болғандығын анықтаған.

     Каримов директор Кульчимбаевтың нұсқауымен 3 мың сомға жылқы сатып алып, оны Шымкент базарында 3200 сомға сатқан. 200 сом пайда тапқан. 12 текше метр ағашты 115-120 сомға өткізген. Ағаштан пайда таппаған. Дегенмен, прокурордың қаулысы бойынша айыпты деп табылған.

     1942 жылы 8 тамызда Чимкент Қақпа ауыл кеңесі ғимаратында халық сотының мәжілісі өтеді. Соттың ұйғарымы бойынша сотталушы Каримов «алты  балам бар, тамақ жеуге азығымыз жоқ еді» деп өтініш хат жазса да және тағылған айыпты мойындамаса да сот Булекбаев оны 5 жыл бас бостандығынан айырған.

  Тағы бір, Ахметов Абдураимге қатысты істі оқысақ, ол НКВД-ның жедел уәкілі С.Жылқайдаровтың қуғындауына түскен. Оның көрсетуінше,  А.Ахметов алыпсатарлықпен үнемі айналысқан.  Ташкентке барып мата мен орамалдар әкеліп, Қарабұлақ базарында сатып отырған. Базарда сатып жатқан сәтте ұсталған. Одан 35 метр мата, әйел көйлегі, 2 дана орамал, 3 кило шәй тәркіленген. Аудан прокуроры Улықбаевтың санкциясымен тұтқындалады. Қарабұлақ қышлағындағы уәкіл Усерқұл Мадусманов Ахметов Абдураимның  «Қайтмас» колхозында тұратындығын, кедей таптың уәкілі ретінде 1932 жылы коммунистік партияға да кіргендігін көрсете келе колхозда жұмысшы болып істеп жүріп, Ташкент қаласынан маталар, киімдер әкеліп қымбат бағаға сатып жүргендігі туралы анықтама берген. Тергеу кезінде Ахметов тағылған айыптарын мойындамаған. Солай болса да, 1942 жылғы 29 шілдегі Сайрам аудандық халық сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылады.

    Сондай ақ,  Машрапов Хампардың «алыпсатарлық» ісі де осылай. Оның ұлты – татар. Ол Өзбекстан Республикасы Мырзашөл ауданында жұмыс істеп жүрген жылдары әртүрлі өндірістік тауарлар мен көйлектер әкеліп сатқан. 2 көйлек, 50 сом, 2 бәтіңке 75 соммен ұсталған. Тінту барысында тағы 2 көйлек, 124 сом табылған. Сайрам ауданы халық сотының үкімімен ол да 5 жылға лагерге айдалған.

   ТОМА-дағы  Салиев Миразухқа қатысты істе  ол 1939-1940 жылдары малдарды сату-алумен айналысқаны айтылады. Бір сиыр, 2 ат, 3 қой басқа да тауарларды Жамбыл қаласына алып барып сатқандығы анықталады. 1941 жылы 14 қаңтарда облыстық коллегиялық сотының судьясы Баймухамедов  оны 5 жылға бас бостандығынан айырады. Изаттуллаев Парпийге қатысты қылмыстық істе Қарабұлақ қышлағының НКВД уәкілі Мадусманов Усерқул 1941 жылы 24 желтоқсанда қой терісін өңдеп сатумен айналысқан П.Иззатуллаевты тұтқындайды. Істі аудан прокурорына өткізеді. Еш жерде жұмыс істемейтін П.Изаттулаевты 5 метр қара сатинді 14 сомға сатып тұрған жерінде ұстаған. Одан бөлек 4 дана қой терісі, 16 метр маталар, қамыстармен қатар 120 сомдық мүлік тәркіленеді. Аудан сотының судьясы Махамбетовтің үкімімен П.Изаттуллаевқа 5 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.

   Манкент селосының тұрғыны  Ишанов Махмудтың қылмыстық ісінде ол  Ақ Су селосында орналасқан ресторанға 70 кило етті үш мәрте әкеліп әр килосын 16 сомнан сатқандығы анықталған. 1940 жылы 5 тамызда 3 қара малды Қарабұлақ базарынан сатып алған. Оларды сойып, ресторанға өткізіп отырған. Бірақ бұл ет саудасын ресторан директоры Коричев білмейтін болып шығады. Ол анықтама беруден бас тартады. М.Ишанов тағылған айыптарды мойындамайды. 13 қыркүйекте Ишанов облыстық сотқа кассациялық шағым түсіреді. Шағымы қанағаттандырылмайды. Сайрам ауданының халық сотының 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін облыстық сот өз күшінде қалдырады.

   Сайрам селосының тұрғыны Мадиев Имамсаид  «Красный Пресня» колхозынан 1942 жылы 13 қыркүйекте 8 мың сомға жылқылар алып, оларды Ташкент қаласына алып барып 16 мың сомға сатқан. Онымен бірге Халиқходжаев Акрам, Моминов Қарымщиқ бірге әрекет жасаған. НКВД-ның аудандағы жедел уәкілі Бердалиев оларды ұстап, тергейді. И. Мадиевтен тағы 5 пұт ұн табылады. Әр пұтын 1600 сомнан сатқан, 1 қой, 2 пұт жүгері, 1 пұт нохат және одеялдар, свитерлер, құлақшындар  тәркіленген. 1943 жылы 23 қаңтарда Сайрам ауданы Базар Қақпа ауыл кеңесінде өткен ашық сот мәжілісінде куәгерлер Тұрсынбаева, Ахметов және адвокат Ягатовтың қатысуымен сот процесі өтеді. Адвокат Ягатов Мадиевті ақтауды сұрады. Сот төрағасы Бөлекбаевтың ұйғарымы бойынша И.Мадиевті 5 жылға бас бостандығынан айырады. Мал мүлкінің жартысы тәркіленеді.  Одан басқа 2,5 жыл сайлау құқынан айырады.

   ТОМА-дағы «Сайрам ауданының прокуратурасының материалдары» атты №168 қорда 107 бапқа қатысты басқа да істер кездеседі. Айталық, 1936 жылы 27 жастағы Нажметов Абдукариммен 33 жастағы  Абдуллаев Абдуманапқа қатысты іс қозғалған. Олар Манкентте тұтқындалған. Нажметовтен – 1078 сом, Абдуллаевтан 909 сом табылған. Ешжерде жұмыс істемейтін екеуі Ташкентке барып әртүрлі тауарлар әкеліп Сайрам, Манкентте үстеме бағамен сатқан. «Алыпсатарлық» бабы бойынша қылмыстарын мойындамаған. «Ташкенттен тауарларды өзіміздің қажеттілігіміз үшін алдық..» деп түсініктеме берген. Куәгерлердің айтуынша, олар Ташкентке бірнеше мәрте барып келіп, сауда жасап жүрген екен. ОГПУ-дің арызымен прокуратура қозғаған істері сотқа жеткен. 1987 сомдары кәмпескеленіп мемлекеттік банкке өткізілген. Екеуі де 2 жылды арқалап кеткен. Бұл істі НКВД уәкілі К.Тыченко деген жүргізіп, анықтама  берген.

   Шымкент қаласының тұрғыны Курбанов Салман 1942 жылы Ташкенттен аяқ киім - махсы, етік, сөмкелерді әкеліп қымбат бағаға сатқан, куәлердің, жәбірленушілердің арызы бойынша Сайрам аудандық халық соты оны 10 жыл бас бостандығынан айырған.

    Қорыта айтсақ,  Президентіміз Қ.Тоқаев заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты жергілікті жерлердегі ақтау комиссиялары міне, үш жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. Бірақ 107-баб бойынша қуғын-сүргін көргендер ақталмапты. Сайрам ауданы бойынша олар баршылық.  Иә, олар «қылмыстарына» сәйкес жазасын лагерде өтеп шықты. Бірақ олардың «алыпсатарлық» қылмыстары «антисоветтік элементтер» ретінде қабылданып, саяси қуғын-сүргіннің әділетсіз азабын көрді.

    Архивтегі құжаттарды оқи отырып,  алыпсатарлық «қылмыстарды» халыққа жасаған қылмыс деуге келмейтіндігіне көз жеткізуге болады.

 

Бахадыр АЙТАЙ,

ОҚМПУ-дың аға оқытушысы, т.ғ.к,

саяси қуғын- сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі

мемлекеттік комиссияның мүшесі.

 

 

 


Мәхр талай қазақ жігітінің түбіне жетті
Асханадағы қараторы, толық әйелді иттің етінен жек көруші едім...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу