Зимем дәптері
Зимем – зиммет сөзінің көпше түрі. Зиммет сөзінің бұл жердегі мағынасы қарыз дегенді білдіреді. Зимем дәптері қарыздар жазылатын дәптер деген сөз. Азық-түлік дүкендерінде қарызға алған тұрғындардың тізімі, қарыздарының мөлшері жазылатын дәптер. Осман мемлекетінде байлар кедейлердің қарызын құтылуға көмекші болып сауап жинауға тырысатын. Сондай-ақ өз есімдерінің белгісіз қалуына қатты мән беретін, яғни бұл қайырымдылықты жасырын жасайтын. Жағдайы нашар тұратын кедейлерді, қарызын төлей алмай қиналып жүрген адамдарды анықтап қарыздарын төлеп кететін. Егер қиналып жүрген адамды таба алмаса кездейсоқ бірнеше беттегі қарыздарды есептетіп,төлеп, сол беттерді жыртқызып немесе өшіргізіп кететін. Мұндай қайырымдылық көбінесе рамазан айының алдында жасалатын. Рамазан айының алдында дүкенге қарыздар болғандықтан оны төлеуге шамасы жетпей, тағы қарызға азық-түлік алуға қысылып, оразаға жөнді қамдана алмайтындар болатын. Осындай қиын қыстау жағдайдағы бұл көмектің қаншалықты үлкен сый екенін бұл жағдайды кешкендер жақсы түсінсе керек.
Сондай-ақ бұл қайырымдылықтың жасырын болуына мән беретіні соншалық байлар кейде бөгде ауылдарға, өзін танымайтын елді-мекендердегі дүкенге келіп зимем дәптерін сұрап, қарыздарды төлеп кететін. Қайырымдылық еткен адам кімнің қарызын төлегенін білмейді. Яғни ертең кездескенде оған істеген жақсылығы есіне түсіп, маңғаздана, тәкаппарлана алмайтын болады. Кедей де қарызын кім төлегенін білмейді, яғни ертең оны көргенде ұялып, қысылып жүрмейді. Дүкеншілердің адалдығы да соншалық қарызы төленген кедейлерді дереу хабардар ететін.