ОҚО-дағы өзі сайлаған депутатын танымайтын тұрғындар
"Сіз сайлаған депутат" айдары. Бұл айдарда ОҚО-да түрлі округтардан сайланған депутаттар сөзі мен оны сайлаған тұрғындардың сөзі беріледі. Кімге сенесіз, оны өзіңіз саралай жатарсыз.
Мұхтар Байтұров, №46 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты:
«Қаржы бөлдіртіп жатырмын...ықпал жасадым...шешеміз!»
- Мұхтар Қабылұлы, сайлауалды бағдарламаңызда ауыз су, жол жөндеу, жаңа үлгіде мектептер үйін, медициналық пункт салу, балабақша үйлерін, мәдениет ошақтарын жөндеуге атқарушы, өкілетті билік органдарымен келісе отырып, қаржы бөлдіруге және осы мақсаттардың орындалуына бар мүмкіндігіңізді жұмсайтыныңызды айтыпсыз. Уәдеңіз қаншалықты орындалды?
- Сұлтанрабат елді-мекеніндегі апатты жағдайдағы көпірге облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ықпал жасадым. Осы елді-мекен мен Қазығұрт ауданын жалғап жатқан жолды жөндеуге ақша бөлдірттік. Құдайқаласа, Киелітас ауылындағы ауыз су мәселесін шешеміз. Маятасқа көпір, ФАП салып беруге жұмыс жасалып жатыр. ФАП салуға сайлаудың алдында уәде бергенмін, бюджеттен қаржы бөлінбеген жағдайда өз қаражатым есебінен іске асырамын.
- Мынауыңыз азаматтық екен. Қалтаңыз көтеретін бе еді?
- Мен кәсіпкерлікпен айналысамын, айналымда ... (үлкен сома, бірақ жария еткеніміз жараспас) доллар бар.
- Атқарғандарыңызды әрі қарай айта берсеңіз
- Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылының жолын жөндеу үшін қаржы бөлдіртіп жатырмын. Ол үшін былтырғы бюджеттен қаражат бөлінді, биыл да бөлінетін болады. Жылыбұлақ ауылына мектеп, Төлеби ауданындағы Абай, Текесу, Карьер елді-мекендерінің ауыз суын шешу үшін облыс әкіміне, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің басшысына хатпен шықтым. Құдайқаласа, алдағы екі жылға қаржы бөлінгелі отыр...
- Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
- Жоспар көп қой. Бюджетте ақша болса, мүмкіндігінше осы екі аудандағы өз округіме қарасты елді-мекендер тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге, жол, ауыл шаруашылық, білім, денсаулық саласына ақша бөлдіртіп, көмек көрсетуге атсалысамын.
- Осы мерзімге дейін берген уәдеңізді қаншалықты орындай алдым деп ойлайсыз?
- Сайлаушылар алдында берген уәдемнің 30-40 пайызын орындадым деп ойлаймын.
Батырхан Әшетов, Қазығұрт ауылдық округінің әкімі:
«Кездесу өткізгенін көрмедік»
- Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында бірталай уәде берген. Мысалы, Маятас ауылынан фельдшерлік акушерлік пункт салдыртамын деген. Сол мәселе әлі басталған жоқ, меніңше оны саламын деген ойында да жоқ болса керек. Мен өзім бұл округке үстіміздегі жылдың тамыз айында әкім болып келдім. Оған дейін келмесе, тамыз айынан бері халықпен кездескенін көргенім жоқ. Рас, біз де әлі шақыртқан жоқпыз, дегенмен, арқалаған аманатын орындау үшін халықпен жиі кездесіп тұруы керек қой. Сайлаушыларымен кездеспесе, ауылдың проблемаларын қайдан біледі? Бізге, яғни әкімшілікке келіп те жергілікті тұрғындардың ахуалын біліп кетпейді. Маятас ауылына жаяу апаратын «қыл көпір» аталып кеткен көпір бар, соны жөндетуге де уәде берген екен. Біздегі көп елді-мекендерде ауыз су, ағын су мәселесі де қиын. Елтай елді-мекенінде жыл сайын сарыауру сарсаңға салады. Оның себебі, ауылдың жоғарғы жағындағы су қоймасынан төмен қарай құбырлар өтеді, халық сол құбырды тесіп алып, лас суды іше береді. «Омега» су тазартқышына құжаттарды өткіздік, бірақ, ол әзірге қай уақытта берілетіні белгісіз.
- Депутаттарыңызды іздесеңіздер қайдан табатындарыңызды білесіздер ме?
- Киелітаста туып-өскендігін білеміз, бірақ қазір қайда тұратынын нақты білмеймін. Бірақ, іздесек табамыз ғой.
- Сіз табуыңыз мүмкін, ал ауылдың адамдары ше?
- Ай солар таба алмайды-ау. Біздің ауылдық әкімшілік аумағында 11 000 халық тұрады және тығыз орналасқан. Соларға арнап бір қоғамдық қабылдау орнын ашып, кесте жасап қойса болады ғой. Сенімді адамдарын отырғызып қойып, келгендердің проблемаларын қағазға түсіріп алып отырса, тіпті жақсы. Ауылдық әкімшілік ғимаратына қабылдау орны мен уақытысы көрсетілген хабарландыру іліп қойса да болады. Мұнда келетіндер көп, көретін еді ғой. Мұның бірі де жоқ, жым-жырт.
Сейітжан Сәрсенов, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының орынбасары:
«Ешқандай көмек жоқ»
Байтұровтың мектепке келгенін көргенім жоқ. Жағдайымызбен танысқан емес. Мысалы, бізге қазір жарық сөніп қалғанда қосатын екі генератор керек. Әрине, мұны алып беру оның тікелей міндеті де емес шығар, бірақ сайлау алдын білім мен денсаулық саласына қарасты мекемелерге жан-жақты жәрдем беремін деген болатын. Уәде – құдай сөзі, оны ұмытқан секілді.
Тойлыбай Оңалбаев, Әбжами Нұртазаев, Асқарбай Қамбаров, ауыл ақсақалдары:
«Мұхтар... кім дейсің? Танымаймыз оны»
- Мұхтар Байтұров деген депутаттарыңыз ауылға келіп, халықпен кездесіп тұрады ма?
- Ой-й, е-хе, не қылады ол келіп?
- Мұхтар... кім дейсің?
- Байтұров
- Ол облыстың депутаты ма, осы жерден сайланған ба?
- Иә, ата
- Оны көрген де емеспіз, танымаймыз да. Бір рет болсын келгенін көрмеппіз.
Мұхтар Өсербаев, Киелітас ауылдық округінің әкімі:
«Баға беруге құқым жоқ»
- Байтұровтың халықпен байланысы жөнінде білгіміз келеді.
- Ештеңе айта алмаймын, айтуға құқым жоқ.
- Ауыл азаматтарына не көмек беріп жатқанын айтуға болатын шығар?
- Оны айту құзырыма кірмейді. Халықпен кездессе кездесіп жатқан шығар, оның бәрін біз біле бермейміз. Депутаттың қаншалықты жұмыс істеп жатқанының бағасын мен емес, халық береді.
Сапарәлі Диханбаев, Ақайдар ауылының ақсақалы, ауыл биі:
«Ауылда проблема көп, депутатымыз көрінбейді»
- Сайлау өткеннен кейін осы ауылға келіп, есеп беріпті, жұртпен жиналыс жасапты дегенді естіген де, көрген де жоқпын әлі. Келсе арғы сайдағы ауылға, екінші Ақайдарға барып жатқан шығар, ол жағын білмедім. Сайлау кезінде де мен оның сайлануына қарсы болғанмын. Өйткені, ол жас жігіт, жұмысты әлі атқара алмайды.
- Ауылда қанша халық тұрады?
- Бір қырдың екі жағындағы ауылда 1200 адам тұрады. Негізгі проблеманың бірі - мектептің жоқтығы. Ауыл биі ретінде осы мәселемен талай рет аудан, облыс әкімдеріне барғанмын. 1997 жылы ауыл азаматтарының күшімен арғы ауылдан 9 жылдық мектеп салған болатынбыз. Бірақ, екі ауылдың арасы 3 шақырым. Алты жасар балаларымыз да сонда барып-келіп оқиды. Қыстың күндері 1-2 ай сабаққа бара алмайды. Ешкімнен көмек болмағасын, 2001 жылы ауыл азаматтарының көмегімен осы ауылда тағы бастауыш мектеп салдық. Кеңес үкіметінің кезінде де, тәуелсіздік алғалы бері де бұл ауылға мемлекет тарапынан бір қыш та қаланған емес. Бәрі бос уәде берумен келеді. Ауылда телефон мен қоғамдық көлік байланысы да қиын. Тас жолдың сиқы мынау, тозып біткен. Қыста жүре алмай қаласың. Мұны да кезінде өз күшімізбен төсегенбіз. Мектепке балалар лай кешіп барады. Апатты жағдайда тұрған мектепте спортзал да жоқ. Біз аудан орталығынан 5-ақ шақырым жерде тұрамыз. 5 шақырым жерде тұрған ауылдың сиқы осындай болғанда қалғандары туралы не айтуға болады?
- Бұл мәселелерді депутатарыңыз біледі ме?
- Ол жағын мен білмеймін. Арғы ауылда Сейітхан Пернебаев деген ақсақал бар, сайлау кезінде де бірге жұмыс істеген. Депутатымыздың не жәрдем беріп жатқанын сол жақсы біледі.
Сейітхан Пернебаев ақсақал үйінде жоқ екен. Мұхит есімді ұлынан жөн сұрадық.
- Біз ауылда көп бола бермейміз, мүмкін кездесуге келіп тұратын шығар, бірақ өзім әлі көргенім жоқ, - деді ол.
"Рейтинг" газеті (2008 ж, 19 желтоқсан)