Торғай облысы қайта құрыла ма немесе 42 санының негізінде не мән жатыр?

Oinet.kz 21-01-2026 56

Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ұсыныстары қызу талқылануда. Соның бірі Қазақстанның Халық Кеңесіне қатысты. Президент Қазақстанның Халық Кеңесіне 126 адам кіретінін айтты. Оның ішінде 42 өкіл этномәдени бірлестіктерден, 42 адам қоғамдық ұйымдардан және тағы 42 мүше мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден ұсынылады.

Облыстар (1).png

Осы «42» саны нендей есепке сүйеніп немесе қайдан алынғаны жөнінде түрлі пікір айтыла бастады. Мысалы, саясаттанушы Арсен Сәрсеков Қазақстанда жаңа облыс құрылуы мүмкін екенін айтады.  Қазақстан Республикасында облыстардың саны – 17,  республикалық маңызы бар қала – 3, яғни барлығы 20 өңір. Осы орайда саясаттанушының есебінше, Президент 42 мүше тікелей мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестер арқылы іріктелетінін мәлімдеді, яғни әр өңірден бір мәслихат өкілі мен бір қоғамдық кеңес мүшесі ұсынылады – барлығы 40 адам. Сәрсековтің пікірінше, қалған екі қосымша орын, әкімшілік реформаның белгісі болуы мүмкін. Атап айтқанда, Қостанай облысын екіге бөлу арқылы орталығы Арқалық қаласы болатын Торғай облысын қайта құру нұсқасы қарастырылып отырғанын жоққа шығармайды. Бұған қоғамда сұраныс бұрыннан барын мәлімдеген саясаттанушы соңғы жылдары өңірге ерекше назар аударылып отырғанын, инфрақұрылым жаңарып, әуежай, әлеуметтік нысандар салынып жатқанын айтады. «Осындай жағдайда «42» саны кездейсоқ емес, алдын ала есептелген формула секілді көрінеді. Бұл тұрғыда Халық кеңесі тек кеңесші орган ғана емес, алдағы шешімдердің индикаторы болуы мүмкін. Кейде ресми мәлімдемелерден гөрі арифметика көп нәрсені аңғартады», – дейді саясаттанушы.

Бұл әрине саясаттанушының жеке пікірі, бұрынғы Торғай облысы қайта құрылып қалуы да мүмкін. Дегенмен құрылтайда айтылған ұсыныстардың жүзеге асырылуы барысында көпшілік үшін жұмбақтау болып тұрған «42» санының негізін білетін болармыз.

Үкімет МӘМС-тің ұрланған миллиардтарын тексеруге кірісті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу