Түркістанның балмұздағы тіл үйіреді

Oinet.kz 01-06-2024 63

image.png

2024 жылдың басталған маусымы Қазақстанда балмұздақ сатылымының өсуінің жақсы серпінін көрсетеді. Осы жылдың 4 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда заттай мәнде 9 пайыз ал ақшалай түрде сәйкесінше 17 пайызды құрайды. Жалпы қазақстандық балмұздақ нарығы жылына шамамен 72 миллиард теңгеге бағаланады. Мамандардың бағалауы бойынша отандық және шетелдік өндірушілер толтыратын Қазақстандағы балмұздақ нарығының сыйымдылығы шамамен 56 706 тоннаны құрайды және өткен жылмен салыстырғанда 23,8 пайызға өсімді көрсетеді. Бұл өсімді ең алдымен нарықтық үлесі 81,2 пайызды құрайтын отандық өндіріс қамтамасыз етіп отыр. Соңғы жылы қазақстандық балмұздақ нарығында заттай мәнде импорттық өнімнің үлесі төмендеп, 18.8 пайызды  құрады.

Қазақстанда балмұздақ өндірісі ең жоғары деңгейге 10 жыл ішінде шықты. Ресми статистикаға сәйкес, мұндай үлкен көлем 11 айда кем дегенде 2013 жылдан бері тіркелмеген.  Қазақстандық балмұздақ биыл Жапонияға да жетті.

Балмұздақ бүгінде баланың да, жас пен орта жастағы адамдардың да сүйікті десертіне айналған. Әсіресе балалар балдай тәтті тағамды сүйіп жейді. Ал жаз маусымы балмұздақ өндірісінің қайнайтын кезі. Себебі ыстық күнде балмұздаққа сұраныс екі есе жоғарылайды. Оралған жылтыр қағазынан бастап баурап тұратын балмұздақтардың Түркістаннан шығарылатынын көпшілік білсін деген ниетпен, жұмыс барысымен танысуға кәсіпорын басына арнайы барған болатынбыз. Дәмі тіл үйірер түрлі жеміс-жидектер, шоколад қосылған балмұздақтарды қазіргі таңда қаламызда “Мұзды тау” ЖШС кәсіпорны шығаруда. Кәсіпорын басшысы Нұрәлі Оспанов бұрын алыстан тасымалданатын осы тәттіге деген сұраныс өте жоғары болғандықтан, отандық сапалы өнімді өзі өндіруді 2013 жылы қолға алыпты. “Қытай-Ресей-Польша” аппаратының арқасында бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 2 тоннаға дейін балмұздақ өндірілуде.

2013 жылдан бері балмұздақтың 40 түрін шығаратын өндіріс орны өнімдерін еліміздің 6 облысына таратады. Жалпы құны 450 миллион теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 900 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Аталмыш өндіріс орны өнім көлемін арттыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 60 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 45,7 миллион теңгеге инфрақұрылым тартылған. Айта кетерлігі, алдағы күндері бұл өндіріс орнында сүт өнімдерінің өзге де түрлерін өндіру қарастырылуда.

— Бүгінде кәсіпорнымызда 40 түрлі, атап айтқанда көпшілікке танымал “Легенда”, “Том и Джери”, “Смак”, “Каракум”, “Ванильное”, “Фруктинка”, “Қауын” т.б. көптеген түрлері шығарылады. Жұмысшыларымыз отандық белгісі бар өз өнімдеріміз болғандықтан тұтынушыларға сапалы күйде жетуі үшін аянбай еңбек етуде. Түрлі-түсті қағаздарға оралған тәтті, дәмді балмұздақтар шетелдік өнімдерге қарағанда арзанға түсетіні аян. Қазақстан нарығында бәсекелестік өте жоғары. Өнімімізді Түркістаннан бөлек Шымкент, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалаларына өткіземіз, — дейді кәсіпорын басшысы Нұрәлі Оспанов.

Балмұздақты дайындау процесімен таныстырар болсақ, алдымен жақын маңдағы ауылдардан сүт жиналады, жетіспеген жағдайда Белоруссияның құрғақ сүті және Франция, Дания елдерінің сапалы ванилин, кремодан стабилизаторлары, шоколадтар алдырылады. Аппараттық бөлімде арнайы танкада барлық шикізаттар салынып араластырылады. Содан соң қоспа сүзгіден өтеді, жоғары сапалы және консистенциясы жақсы балмұздақ алу үшін гомогенизацияланады (май түйіршіктері үгітіледі). Ауру тудырғыш микроағзаларды жою және микрофлоралардың жалпы мөлшерін азайту үшін 90° температурада қоспаны пастеризациялайды. Салқындатқыш арқылы сақтауға арналған танкаларға құйылып, қоспа жетілу үшін 5-6 сағат тұрады. Кейін құбыр өткізгіштер арқылы арнайы фризерлерге құйылады. Танкалар (балмұздаққа арналған қоспалар әзірленетін және араластырылатын үлкен ыдыстар) босай салысымен міндетті түрде жуылады. Балмұздақ қоспасы танкалардан фризерге түседі, онда шайқалып, минус төрт градусқа дейін салқындатылады. Содан кейін құбыр өткізгіш арқылы экструдерге түседі. Осында порцияларға бөлінеді. Осыдан барып, түрлі балдай тәтті балмұздақтар дайындалады екен. Осындай еңбектің арқасында аталған кәсіпорын бірнеше көрсеткіштерге жетіп үлгеріпті.

«Мұзды тау» ЖШС кәсіпорын сапалы отандық өнім өндірісі жөнінен 2015 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен, 2014 жылы республикалық «Сапа көшбасшысы» номинациясымен, 2014 жылы қаланың «Үздік кәсіпкері» номинациясымен, әр жылдарда Түркістан қаласының әкімімінің бірнеше алғыс хаттарымен, түрлі дипломдармен марапатталған.

Арнайы экономикалық аймақта құрылыс қызу
Жиһаз шығаратын жаңа зауыт ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу