Бала неге тұйық болып өседі?

Oinet.kz 15-04-2019 1902

image_l (3).jpg

Бала мінезінің тұйық болуының себептері өте көп. Біріншіден, баланың психологиялық ерекшелігіне, жан дүниесінің нəзіктігіне, ішкі əлемінің тереңдігіне, физикалық кемістігіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай бала жалғыздықты қалайды, ол жалғыз өзі ғана істейтін жұмыстарды орындайды. Мұндай жағдайда ата-аналары баласына аса сақ жəне сергек болуы керек. Сондықтан «оған бірдеңе болды, бір жері ауырып жүр» деп қауіптенбеңіз. «Тəрбиелеймін» деп, оның нəзік əлеміне қол сұғып, дамуына зиян келтіруіңіз мүмкін. Баланың тұйық мінезі бір жұмыстан қалжырағанына, əлсіздігіне, сырқатына, жақын досымен ренжісіп қалуына, арадағы түсініспеушілікке байланысты болса, бұл – басқа жағдай. 

Мұндайда ата-аналар бала көңіл күйінің кенеттен не себепті өзгергенін баламен сөйлесіп анықтап алуы қажет, егер қолыңыздан келсе, бұл кезеңнің ешбір ауыртпалықсыз, қайғырусыз өтіп кетуіне көмектесіңіз. Отбасында жалғыз тəрбиеленген бала көбінесе тұйық мінезді болады. Үнемі жалғыз өзі ойнайды, ешкіммен араласпайды. Ата-анасының да туысқандарымен тек телефон арқылы ғана хал-жағдай сұрасқанын, арада тығыз, жақын байланыстың жоғын көрген бала болашақта өздігінен айналасындағылармен қарым-қатынас орнатуға талпынбайтын болады. 

Мүмкін, баланың мұндай мінезінің қалыптасуына ата-ана, сіз себеп болған шығарсыз. Балаңызға жеткілікті көңіл бөлесіз бе? Жұмысыңыз көп, балаңызбен бірге ойнауға, жай ғана əңгімелесуге, тіпті оның сізге айтқысы келген əңгімесін тыңдауға уақытыңыз жоқ шығар. Əлде серуендеп жүргенде балаңыз жерден бір əдемі тас тауып алып немесе құрастырмалардан бір машина жасап, пластилиннен аңның бейнесін сомдап, соны сізге көрсетуге асығып, қуанып, көзі жайнап жүгіріп келгенде, сіз оны жақтырмай, қабағыңызды шытып, бұзып, лақтырып, тіпті теледидар көріп отырған сіздің көңіліңізді бұзғаны үшін айқайлап жіберген кезіңіз болған шығар. Əдетте, отбасы мүшелерінің біреуі үнемі оның бір əрекетін немесе қиялынан шығарған (балаларға тəн қылық қой) əңгімелерін жақтырмай, күлкі етіп, балаға үнемі бəрін дұрыс емес істейтіндігін айтып (өте қатты (жай) сөйлейсің, өте жылдам (асықпай) қимылдайсың, олай жүрмейсің, былай отырмайсың…), бетіне басады. Балаға бұл қатты əсер етіп, бойында тұйық мінез қалыптасады. 

Дереккөз: anamenbala.kz

Каролин де Мегрэ: Сұлулық сырлары
Ақылды ананың ақылы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу