Кешірімді Бектенов сұрауы керек еді...

Oinet.kz 02-04-2024 496

photo_461190.jpeg

Премьер министр болып ақпан айында тағайындалған Бектеновтың екі айы Төтенше жағдайлармен есте қалды.  Бұған дейін Алматыда елдің үрейін ұшырған жер сілкінісі болып еді, енді міне, бұрын-соңды көріп-білмеген су тасқыны жүріп жатыр.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы жағдай өте қиын. Дүйсенбі күнгі мәлімет бойынша су тасқыны болған  аймақтардан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды.

Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. Алайда, ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет, – деді Президент дүйсенбіде өткізген шұғыл штабтың отырысында.

Мұның алдын Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрап, су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал  Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының  әкімдеріне қатаң сөгіс жариялағаны белгілі.

 «Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс», — деді  атап өтті жексенбі күні су тасқынына қатысты штабтың отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Алайда Бектенов қанағаттанарлықсыз деген бағаның алдымен өзіне тиесілі екенін қаншалықты сезінді? Бұл Бектеновтың жұмысындағы алғашқы сәтсіздік екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Әділдігіне салсақ, халықтан кешірімді алдымен Бектенов сұрауы тиіс емес пе еді?  Төтенше жағдайларға қатысты жұмыстарды дұрыс үйлестіре алмаған ол неге жазасыз қалды?

Естеріңізде болса, 29 наурызда Премьер-министр Олжас Бектенов Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдап, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттерін орындауға салғырттық танытқанын анықтау мақсатында тексерулер жариялаған болатын. Үкімет басшысы мұндай тексерулер туралы Бас прокуратурамен келіскенін де мәлімдеді.  «Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, бұған дейін құзырлы органдарда жұмыс істеген Бектеновтың мұнысын неге жоруға болады? Шенеуніктердің өз міндеттерін қаншалықты адал атқарып жүргенін анықтау үшін прокурорлардың көмегіне жүгіну қажет пе еді? Сонда үкіметтің құрамындағы инспекторлар, топырлаған тексерушілер не қарап отыр?

Айтпақшы, бұрын-соңды болып көрмеген су тасқыны  бұған дейін Президенттің күзет қызметінен басқа жерде жұмыс істеп көрмеген тәжірибесі аз Шыңғыс Әріновтың Төтенше жағдайлар министрі болған кезеңіне тура келгенін айтсаңызшы. Сәтсіздіктердің басы осындай сәтсіз тағайындауларға барып тіреліп отыр емес пе?


Әлихан Смайылов жаңа қызметке тағайындалды
60 миллион теңге пара: Шымкентте бұрынғы аудан әкімінің орынбасары 11 жылға сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу