Сексендегі кейуананы жылатқан кім?

Oinet.kz 06-12-2023 703

 86cc4899-1a9f-4578-b1d5-09d1b4b6b844.jpg

«Тоқсан жасайын деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?!» деген сөз  Сауран ауданы Ескі Иқан ауылының тұрғыны Тораш Хасанова қарата айтылғандай.  Сексендегі кейуананың басы сотқа шырмалып, ақыр соңында 379 мың теңге борышқа батқан.  89 мың теңге зейнетақысына қарап отырған қарияның енді одан қалай құтылары белгісіз. Қалай күн көрері тағы беймәлім. Айдың, күннің аманында осындай шарасыз жағдайға түскен кейуананың сіңлісі редакцияға арызданған соң, өткен аптада біз Ескі Иқан ауылына барып, мән-жайды біліп қайтқан едік.

  Тораш Хасанова өмір бойы колхозда жұмыс істеген.  Қазір жұмыссыз отырған қызы мен күйеу баласы үшеуі тұрады. Отбасыда жалғыз зейнетақыдан басқа кіріс көзі жоқ. Тораш апаның соңғы күндері денсаулығы күрт нашарлап, ауруханада ем қабылдап шығыпты. Біз барған кезде үйде төсек тартып жатыр екен. Оның осындай жағдайда жетуіне мына жәйт себеп болған.

Қарияның сіңлісі Гүлчехра Сүлейменованың айтуынша, даудың басы былтыр күзде басталған.  Хасанованың жеріне көршілес бір кездері спорт мектебі болған, қазіргі уақытта тек қабырғалары ғана қалған ескі ғимарат тұр.  Осы ғимаратты тоқсаныншы жылдары ауыл тұрғыны Беглерхан Тажиметов деген азамат жекешелендіріп алған (құжаттарда ғимараттың иесі ретінде оның қызы Лобар Тажиметованың аты жазылған).  Былтырдан бастап Тажиметов Хасанова екеуінің арасындағы 3 метр жерді даулаған. Осы жердегі 3 метр аралықта салынған жем-шөп сақтайтын сарайды бұзып тастауды талап еткен.   

-Алғашқыда Беглерхан  1 метр жер сұрапты. Осыдан кейін 3 метр жерді өз еркімен бұзу жөнінде келісім хат дайындаған. Оны әкеліп, Тораш апаға қош қойдырып алған. Ал әпкем ешнәрсені түсінбесе де қол қоя берген,-деді Гүлчехра Сүлейменова.  Біз мәселенің мән-жайын одан әрі арызданушының ұсынған және «Сот кабинетіндегі» құжаттармен жалғастырсақ.

Лобар Тажиметованың атынан талап арыз Түркістан қалалық сотына былтыр қазанда берілген екен. Сот Сауран аудандық әкімдігіндегі жер мамандары мен сәулетшілерден арнайы топ құрып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ мамандардың қандай қорытынды бергені белгісіз. Ал Гүлчехра Сүлейменованың айтуынша, жердің заңды иесі Тораш апа. Бұл мемлекеттік актімен расталған.   3 метр жерді бұздыру талабы ешқандай да қисынға келмейді.

Алайда осыған қарамастан биыл 15 ақпанда талапкер жақ  келісімге келу туралы арнайы  құжат әзірлеген. Жоғарыда айтылғандай, Тораш апа оның не құжат екендігіне қарамастан қол қойып бере салған көрінеді.

Ал келісімде Тораш Хасанованың  ғимаратқа жапсарлас салынған 3 метрлік сарайды 15 сәуірге дейін өз еркімен бұзуды міндетіне алатыны жазылған.  Түркістан қалалық сотының биылғы 23 ақпандағы ұйғарымымен аталған келісім бекітілген. Азаматтық іс қарау осыменен тоқтатылған.

Қысқасы, мәселенің мән-жайын толық түсінбеген Тораш апа алаңсыз жүре берген. Келісімдегі көрсетілген міндеттеме уақытында орындалмаған соң іске сот орындаушылары араласқан. Олар алғашқыда қарияға 207 мың теңге айыппұл салған, бұдан кейін тағы 172 мың теңге өндіруге кіріскен. Зейнетақыны беру тоқтатылған. Осыдан кейін  кейуана  жылап еңіреп жүріп, қызы, күйеу баласы үшеуі сарайдың 3 метр аумағын бұзуға мәжбүр болған.

Біз сот орындаушысы Нұржан Тілеубергенұлымен хабарластық. Оның айтуынша, 207 мың теңге айыппұл Тораш апаға мойнына алған міндеттемесін орындамағаны үшін салынған.

-Заң бойынша міндеттемені орындамаған күндерге қарай «пения» шығады. Сот орындаушысы осыдан кейін сотқа ұсыныс берген. Сот Хасановаға 207 мың теңге айыппұл салған,-деген сот орындаушысы айыппұл зейнетақыдан ұсталғанын, кейін сіңлісі келіп айтқан соң оның 50 пайызын қайтарып бергенін алға тартты. Алайда Гүлчехра Сүлейменова қайтарылды деген ақшаның әлі түспегенін айтып отыр.

Келесі сот орындаушысы  Мумин Азимовтың айтуынша, қариядан айыппұлдан бөлек тағы 172 мың 500 теңге өндірілуі тиіс екен.

-Заң бойынша сот шешімін орындағаны үшін бізге  50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қызметақы төленеді,-деген сот орындаушысы бұл қаражатты Тораш ападан жаңа жылдан кейін өндіруді жоспарлап отырғанын мәлім етті. Тәртіп бойынша ол борышкердің жалақысы немесе зейнетақысынан 50 пайыздан ұсталынады екен.

Енді 89 мың теңге зейнетақыға қарап отырған, оның өзін екі айдан бері алмаған  Тораш апа мен оның отбасы 379 мың теңге қарыздан қалай құтылады? Қалай күн көреді?

-Бәрінен де бұрын Тораш апайға өзінің заңды жеріне салған сарайды бұздыру, одан кейін айыппұл төлеткізу қандай заңға, қандай адамгершілікке сияды. Құзырлы органдардан әділетсіз сот актілерін бұзып,сексендегі қарияның құқығын қорғауды сұраймын,-дейді Гүлчехра Сүлейменова.       

Қарияны жылатқандар кім, енді кім жұбатады?


Шөкеевке шабуыл басталды
Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы не үшін сотталды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу