Аюпов абақтыда, ал Әбдірахымовты не күтіп тұр?
«Аюпов қайда, Аюпов айда!». Екі жыл бұрын «Рейтинг» газетінде осындай тақырыппен жариялаған мақаламызда Түркістан қаласының сол кездегі әкімі Рашид Аюповтың сөзі мен ісінің арасында көп алшақтықтың барын бұлтартпас айғақтармен жазған едік.
Содан бергі аралықтағы екі жылда "Рейтингте" бірнеше дүркін өткір сыналған Аюпов облыс әкімінің орынбасары, одан кейін Кентау қаласының әкімі болды. Былтыр тамызда ойда-жоқта қызметінен босатылды. Сол кезде оны әкімдіктегілер «оқуға кетті» деген еді. Алайда оқуға кеткен Рашид Аюповтың алты айдан бері елордадағы түрмеде отырғанын құзырлы органдар өткен аптада ресми түрде хабарлады. Елдің аузында бұған дейін айтылған алыпқашты әңгіме ақыры расқа айналды. Бір кезде ақылға қонымсыз идеяларды жүзеге асыруды қиялдап, "айда жүрген" Аюпов бүгінде абақтыда отыр. Сол тамызда Аюповтың өсуіне септігі тиген, оның қолдаушысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкіге кеткен еді... Осының бәрі әрине, тегін емес.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметі былай деп ақпарат таратты:
«Р.Аюпов 2022 жылдың 17 қазанынан бері Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне қарасты қауіпсіздігі аралас №64 тергеу абақтысында отыр. Қазіргі уақытта Р.Аюповқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің (бұрынғы редакция бойынша) 312-бабының 5-бөлімі және 28 бабының 4-бөлімімен жүріп жатыр».
Жоғарыдағы екі бапқа қарағанда, Кентаудың экс-әкімі біреуді ірі көлемде пара беруге айдап салушы деп танылған. Егер айып дәлелденсе, бұл бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Аюповтың кімді пара, дәлірегі ақша беруге айдап салғаны бұған дейін де ақпарат құралдарында айтылған болатын. Тарқатып айтсақ былтыр маусымда белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызы бойынша Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты құзырлы органдар тексеру амалдарын жүргізіп жатқаны елге белгілі болды. Осы істің мән-жайы туралы жазылған «Время» газетіндегі мақалаға сүйенсек, 2013 жылы С.Қожабаевты әлдебір азаматтар қорқытып, 20 миллион доллар талап еткен. Осы кездері Қожабаевқа сол кезде Премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтың бұл уақытта Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген.
Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтың атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлерімен ақылдаса келе, оларға 3,5 миллион доллар бергенге ұқсайды. Мінекей, былтыр, яғни арада 9 жыл өткенде, Қожабаев осы жөнінде құзырлы органдарға арызданған.
Алайда Әбдірахымов пен Аюпов ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында, әлеуметтік желідегі жазбаларында мұның бәрін жоққа шығарды. Былтыр маусымда Рашид Аюповқа қатысты осы мәліметтер елді шулатып жатқан кезде біз Кентаудың әкімімен байланысып, мәселеге түсінік беруді сұранған болатынбыз. Ол өзіне ешкімнің хабарласпағанын, ал Қожабаевты тек Кентаудан шыққан бизнесмен ретінде танитынын мәлім етті. Осыдан кейін жұмысын у-шусыз жалғастыра берген Р.Аюпов араға екі ай салып, тамызда өз еркімен қызметінен босады. Жай босаған жоқ, әлеуметтік желідегі парақшасында Кентаудың 5-6 ай әкімі болған кездегі атқарған жұмыстарының есебін беріп кеткені есте қалыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, сол кезде әкімдіктегілер Аюповтың қызметтен босауын оқуға кетумен байланыстырғаны елді алдарқату екені енді белгілі болып отыр. Алайда оның оқуға кетпей абақтыда отырғаны шындық болып шыққаны өкінішті-ақ. Шенеуніктік тағдыр-ай десеңізші. Әрине, бұл істің анық-қанығына жетуді құзырлы органдардың еншісіне қалдырдық. Бәріне баға беретін уақыт.
Рашид Аюпов «Болашақтың» түлегі. Қызмет барысында өзін көпшілікке өте креативті, іскер, жаңашыл шенеунік ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ Аюпов жүрген жерден сөзі мен ісі сәйкес келмей қалатындықтан айқай-шудың көп шыққаны да жасырын емес.
Жалпы, Рашид Аюпов Ғабидолла Әбдірахымовтың командасында өсіп-жетілген кадр саналады. Әбдірахымовтың Шымкенттегі алғашқы әкімдік дәуірінде оның аппаратына басшылық жасады. 2018 жылы Әбдірахымов Шымкентке екінші мәрте оралған кезде мегаполистегі «Шымкент» әлеуметтік корпорациясына жетекшілік етті. Осы жылдары корпорация Шымкентте муниципалды автобус паркін ашты. Кейін осы паркте де дау-дамай өрбіді. Жүргізушілерге уәде етілген жалақы берілмей, олар жұмысқа шығудан бас тартты.
2019 жылы Аюпов Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол енді саясатта ауыр салмақтағы ойыншы Шөкеевтің ықпалына өтті. Бірақ Аюпов Түркістанда ғаламат өзгерістер жасап жатқан Шөкеевтің көлеңкесінде қалып қойды. Түркістанның әкімі ретінде оның тек қаладағы жалғыз Мәдениет үйін, одан кейін Түркістан қаласы әкімдігінің ғитмаратын сатып жібергені есте қалыпты. Кейінірек прокурорлар сатылған ғимаратты сот арқылы мемлекетке қайтарды.
Ал Аюповтың карьерасы өсе берді. 2021 жылы ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер бойынша қызметінен кеткен Мейіржан Мырзалиевтің орнын басып, облыс әкімнің орынбасары болды. Былтыр ірі көлемде пара алып, сотталып кеткен Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың креслосын иеленді.
Кім біледі, осыдан оншақты жыл бұрынғы оқиғалар қозғалып кетпегенде Аюпов мемлекеттік қызметте бұдан да биік белестерді бағындырар ма еді?
Ал енді бұл істің басты кейіпкерлері Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовқа тоқталсақ. Былтыр бизнесмен С.Қожабаевтың берген арызы бойынша тергеу амалдарын Алматы қаласының Полиция департаменті «алаяқтық» бабы бойынша жүргізіп жатқаны айтылған болатын. Биыл жыл басында ақпарат құралдарында Мәсімов пен Әбдірахымовқа қатысты істің антикордың өндірісінде екендігі жарияланды. Аюповтың Алматыда емес, неге Астанадағы абақтыда отырғаны түсініксіз.
Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғасынан кейін «мемлекетке опасыздық жасады» деген ауыр айыптармен қамауға алынды. Бұл істегі ең жұмбақ адам - Әбдірахымов болып тұр. «Зың әкім», «әрбір сөзі хит әкім» дәл қазір қамауда отырған жоқ. Жуырда Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалының «Уақыт көрсетеді» бағдарламасы арқылы Шымкеттің әкімі болып тұрған кезде Әбдірахымовтың 20 мың долларлық сырға сыйлап, 70 мың доллар бергенін, онымен бір рет төсектес болғанын мәлім еткені соңғы күндері ел аузында қызу талқыланды.
Жұртшылық экс-әкімнің "мырзалығы мен джентельмендігіне" риза болып жатқан тұста Әбдірахымов әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Шындық шырылдап жетемін дегенше өтірік талай жерді өртейді»,- деген жазба қалдырды.
Әбдірахымов елге қандай шындықты тұспалдап тұрғаны жұмбақ күйі қалды. Жұрттың басын қатырған жұмбақ сауалдардың шешуі айтылатын кез жақындап қалған секілді...
«Рейтинг» газеті, 5 сәуір, 2023 жыл.