Тәжиеваға да тықыр таянды ма?

Oinet.kz 08-02-2023 786

Шымкент қаласының білім басқармасынан тағы бір лауазымды қызметкері пара алғаны үшін ұсталды. Бұл туралы антикордың Шымкен қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

Screenshot_8.jpg

-Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге қатысты тексерулер жүргізбегені және олардың кәсіпкерлік қызметіне жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алу фактілері бойынша қалалық білім басқармасының тағы бір лауазымды тұлғасы әшкереленді.

Бейінді басқарманың жетекші маманы кінәсін мойындады.

Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жарияланбайды,-деп жазған департамент жетекшісі. 

Мұның алдында, Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы тексеру қорытындысы бойынша оң шешім  қабылдау үшін мектепке дейінгі мекеме басшыларынан 800 мың теңге пара алу барысында ұсталған еді. Құрықталғаннан кейін ол да кінәсін мойындаған. Бас аяғы бір айға жетпейтін уақыт ішінде бір басқармада екі қызметкер парамен ұсталды. Бұл Шымкенттің білім саласында сыбайластықтың асқынып кеткенін, мегаполистің бас мұғалімі, жемқорлықпен белсенді түрде күресіп жүрген  Жанат Тәжиеваның карьерасына кері әсер етуі әбден мүмкін. 

Қылмыстық-құқықтық статистикаға сәйкес, соңғы 5 жылда антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментінде білім саласына қатысты 44 қылмыс тіркелген.  Олар бойынша 16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 9-ы түрлі дәрежедегі басшылар. 

Осыған байланысты, бұзушылықтардың қайталануын болдырмау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаңтарда  білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастаған болатын. Арнайы топ бейінді басқарманың ішкі процестерін, атап айтқанда, педагогтерді жұмысқа орналастыруды, аттестаттауды, оқушыларды тамақпен қамтамасыз етуді, жан басына шаққандағы қаржыландыруды, оның ішінде 2022 жылы игерілген 200 млрд. теңгеден астам қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен ашықтығын зерделеуде. Мұның қорытындысы қашан шығар екен?

Қазақстанда орташа жалақы 338 мың теңгеден асты
Алматыда 6 миллиард теңгеден астам залал келтірген қаржы пирамидасына қатысы бар 15 адам сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу