Керек адам
Бір жап-жас жігіт биік көпірге шығып алыпты. Оның жасағым келеді деген қиялдары көп-ті. Бірақ түкке де үлгермеді. Сүйген қызы бұдан бас тартты. Достары сатып кетті. Ол ешкімге керек емеспін деп шешті. Жас өмір аяқ астынан асау ағысқа тап болып, шиеленіскен қиындықтарға төтеп бере алмады. Бәрін басынан бастауға ниет жоқ. Артындағы көпірдің бәрін өртеді. Енді өмірмен қоштасу үшін бір қадам жасаса болғаны...
Ол көпірдің ең шетіне таяды. Аяқ астында қап-қара түнек. Сонау алыста, көз ұшында қаланың шамдары жарқырайды. Терең дем алып, енді секірмек болғанында...
- Амансың ба, балам? - деген қарияның саңқылдаған дауысын естиді.
- Балам, шамаң келсе, қол ұшыңды соз, көмектесе гөр, - деді ол.
Жас жігіт амалсыздан артқа жылжыды. Сосын қалталарын ақтара бастады. Әмиянын суырып алды да, бар ақшасын суырып қарияға берді.
- Маған емес, шырағым. Жақын маңда жетімек екі қыз тұрады. Күні бойы аш жүреді. Қарасатын туыстары жоқ. Шамаң келсе, ақшаңды соларға апарып бере қойшы, балам.
Биік көпірдің үстіне шығып алған жас жігіттің мына сөздерден жаны жай таппады. Қазір ғана ауыр күнә жасай жаздағанын ойлады.
- Жақсы, - деді өзінен-өзі ол, - үйлерінің қайда екенін айт, мен апарып берейін.
«Бұл ақша жетімектерге талғажау болар. Сосын көпірге қайтып келермін» деп ойлайды ішінен.
Көпірден алыстаған сайын жігіттің санасындағы өлем деген суық ой көмескілене берді. Кеудесін кере тыныстап, қадамы нық бола түсті. Бір уақта бұл көпірге енді келмейтінін сезді. Өйткені, өзін керек қылатын адам қай жерден де табылатынын түсінді.
Евгений Санин
Аударған Шынар Әбілдә