Наурызды қалай тойлап жүрміз?

Oinet.kz 22-03-2024 399

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.

Screenshot_5.jpg

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айнала алды ма? Бүгінгі қазақ елі Наурыз мерекесін қалай қарсы алып жүр? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін ғалымдардың пікірін сұраған едік. 


Серік ЕРҒАЛИ, наурызтанушы:

Наурыздаманы фестивәл түрінде ұйымдастыру тиімді 

Наурыз мерекесін атап өту қазақ халқында Наурыздама аталған. Наурыздаманың басты маңызы мен өзектілігі – біздің санамыздың ұлт ретінде өзгеруіне Наурыз  мейрамының септесуінде болып отыр. 

Менің Наурыз мейрамын зерттегеніме келесі жылы 25 жыл болады. Осы жылдар ішінде бір кітапша, бір толық кітап шығардым, енді бір кітап қолжазбасы дайын. Наурыз мейрамын жаңаша мерекелеудің тұжырымдамасын/концепциясын 2008 жылы әзірледім. 

Наурыз мейрамы тек қана Күн мен Түннің теңесуі емес, ең алдымен ол қазақтың Жаңа жылынан басталып, Күн-Түн теңесімімен аяқталады. Бұған батыс өңірдегі 14 наурызда басталатын жұрттың Жыл басымен бірін бірі құттықтап көрісуі, Оңтүстікте 1 наурыздан бастап мерекелейтіні тарихи куәлік болып табылады. Сондықтан да 9 күндік форматтан біз бас тарта алмаймыз. Наурыздаманы фестивәл түрінде ұйымдастыру барынша тиімді әрі қызық, әйтпесе, ол ішіп-жем мен ырду-дырдуға айналады. 

14 наурыз – қазақ танымы бойынша көктемнің бірінші күні және мүшелдік жылдың басы.

Бұл күні биыл Қоян жылы кетіп, Ұлу/айдақар жылы кіреді. Айдақарды қасақана түрде біздің санамыздан ығыстырып, оның орнына теңіз жәндігін советтік идеология қыстырып жіберген. Сонымен 14 наурыз – Шуақ күні. 90 күн Көктемнің алғашқы шуағы түсетін күн. Жаңа жыл Көктеммен бірге кіреді!

Келесі 15 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күн негізінен рухани және тән жағынан тазару күні болып саналады. Түсі – алқызыл, белгісі – алау/от.

Үй-жайды тазарту керек. Үйді аршамен аластау қажет. Ауланы сыпырып, қардан тазалап, қоқыстан құтылыңыз. Моншаға түсіңіз.   Бұлақтың көзін ашқан дұрыс.  Ескі-құсқыдан құтылыңыз. Жаңа нәрсе сатып алыңыз.

16 наурыз – «Жайнау күні». Күннің түсі – күлгін, белгісі – құрақ көрпе.

Бұл күн 7 бояу принципіне сәйкеседі. Айналаны жайнатуға,толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы үйлерін, ауласын, ауылын, көшесін безендіреді.  Көше, ауыл 7 түспен әшекейленеді. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді. 

17 наурыз – «Шаттық күні». Бұл күн Наурыздаманың 7 үн принципіне арналады.  Күннің түсі – қызғылт; белгісі – қоңырау немесе жетіген. Басты шара күлдіргі, әзіл шараларына молынан жол беріледі.  Әркім 7 адамды қуантуы тиіс. Халыққа шаттық, қуаныш сыйлайтын күн.  

18 наурыз – «Береке күні». Бұл күн Наурыздаманың 7 дәм принципіне арналады.  Әр үй 7 адамға наурыз көже ішкізуі тиіс.  Күннің түсі – күрең; белгісі – тайқазан. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады.

Аз қамтылған отбасыларды қолдауға, жетім-жесірге, жоқ-жітікке, жарлы-жақыбайға азық үлестіруге болады. Дәулетті адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Наурыз дастархан» ретінде азық-түлік таратады.

 19 наурыз – «Тағым күні». Күннің түсі – көгілдір; белгісі – алақан. Әр үй 7 қарияға сый көрсетуі тиіс.  Бұл күн қазақ танымындағы  екі дүниенің (Одүние мен Бұдүниенің) бір-біріне құрметтесуі, Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Қазақтың Иіс ғұрпымен әруақтарды еске алып, дұға оқылады. Қарияларға «Белкөтерер» дастарқаны жайылады. Наурыздық бата беру жарысы өтіп, шүлен тарату, жылу жинау секілді қайырымдылық институттары насихатталады. 

20 наурыз – «Өркен күні».  Күннің түсі – жасыл; белгісі – қошақан. Әр үй 7 баланы қуантуы тиіс. Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атайды. Перзентханаларда ұл тапқан келіншекке «үлпершек», қыз тапқандарға бүйрек пісіріп береді, сырға-сақина тарту етеді. 

21 наурыз – «Ұлы күн».  Үйлесім күні. Күннің түсі – көк; белгісі – текеметтің түрі. Өткен 7 күннің барлық шаралары осы күні қосыла атқарылады. 

Кешке Бастаңғы шарасына әзірлену керек. Бастаңғы – түнімен ұйықтамай бас таңды қарсы алу. Ол үшін Қыдыр атаға дастарқан жайылады. Міндетті түрде құмшекер, талқан қойылу керек. Келген Қыдыр ата өзінің белгісін жазып қалдыру үшін қажет деген сенім бар.

Ерлер мен жігіттер бибілерге «Селтеткізер» сыйлығын әзірлейді, бастаңғы дастарқаны «Ұйқыашар» аталады. Бас таңды әулет болып, жанұя болып қарсы алады.

22 наурыз – «Бастаңғы күні».  Күннің түсі – алтын; белгісі – күн. Бұл күннің басты шарасы таңғы сағат 7-де ататын бас таңды қарсы алу. Бас таңды арнайы ұйымдастырылған Бастаңғы шарасымен қарсы алуға да, отбасында да қарсы алуға болады. Таң атқанда Тілек тіленеді.


Төрехан МАЙБАС, этнограф:

Наурыз – өмір сүру ұстынымыз!

 «Нау» деген парсыша «жаңа» деген мағынаны береді. Латынның «ное»-сі, немістің «нойе»-сі, орыс¬тың «ново»-сы осы «нау»-дан шыққан. «Руз» да парсы сөзі, «күн» деген мағына береді, яғни Наурыз – Жаңа күн, Жаңа жыл емес! Ал жұртымыз¬дың Наурызды Жаңа жыл деп тойлайтынын қайда қоямыз?! 

22 наурызда түн мен күннің теңелетіні белгілі. Мұнан былай түн қысқарып, күн ұзара беретін болады. Ендеше бұл – жыл мерекесі емес, күн мерекесі. Күн ең алдымен сайран болса, соңынан – от! Бұл – Күн мерекесі! Бұл – От мерекесі!  Ал Наурыз мерекесін бабаларымыз наурыз айының он төртінде атап өтіп отырған. Өйткені бұл күні көктем кіреді, Арқада наурызек торғай су ішеді. Ондағы жұрт мұны мейрам суы дейді. Мейрам суы дегеніміз – тірі су. Мұны ғылым да қуат¬тайды. Бұл мерекеміз еліміздің батысында Көрісу күні деп аталып жүр. Сол Көрісу күні наурызға жалғасқан. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын қазіргідей үш күн емес, солайша бір апта тойлаған. Тойлағанда дастарқан басынан тұрмады деген сөз емес. Қыс ішінде қатыса алмаған алыс-жақынның аманшылығын білген, адамы опат болған отбасылардың үйіне барып бата жасаған. Күнесіген қарияларын күн көзіне шығарған. Малдың да, жанның да бауыр етінің екі есеге дейін ұлғаятын кезі – осы кез. Ал оның уытын қайтаратын дәрмен – ақ.   

Қазақ баласы көк шық¬пай киіз үй тікпейді. Ал біз¬дікілер болса айтақыр ас¬фальт¬қа қала тігіп тастайды. Сон¬шама тіккен үйдің есігі де ашық бола бермейді. Оны да тү¬сінуге болар. Былжырай бастаған топырақ аяқтон¬нан ажырай қоймай¬тын кезең. Бұл қазіргі түсінік. Қайткен күнде киіз үй тігуге ұмтылады. Одан кейін ұлттық киімі¬мізге шірет жетеді. Қызылды-жасылды киінген жаста¬рымызды жазғырудың реті жоқ болар, алайда сыртаңның барлығының бірдей шапан емес екендігін айыратын уақыт жет¬кен болар. Бұрынғының шапаны иығыңа ілсең құйып қойғандай қона кетер еді, қазіргінің шапаны қытырлақ, сусы¬малы. Бір қолыңмен демеп ұстап жүрмесең, иығыңнан ысырылып түсіп қалады. Одан кейін театрландырылған көрініс¬тер, қойылымдар толастамай жүріп жатады. Белдеуге тазы байлап қояды, босағадағы балдақта томағалы құс отырады. Наурыздың басты дәмі – наурыз көжеден дәм татады. Осы наурыз көжеден кейін де ел тарай қоймайды. Өйткені олар қазақтың басты дәмі – ет күтеді! Ал ет болса наурыз мейрамының басты дәмі емес болатын. Ең алдымен айтарымыз, қазақтың ұлық тойларының барлығы да жаз айларына байланған. Ендеше бусап жатқан бірдің айында қандай думан, қандай ұлық той? Қазақ қашанда тойлай білген. Кішкене қуанышының өзін кәдімгідей атап өткен. Сонда қазақтың өзінің төлтойы – жаңа жыл тойы қайда деген заңды сауал туады. Қазақтың ұлық тойы – ұлыс тойы! Бұл күнгі қазақ баласының кеше де, бүгін де, ертең де айтылатын ақжарма тілегі – «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» айтылады! Сонда ұлысымыз қайсы? Ұлы күніміз қайсы? 

Қазақ күнтізбесінде кешегі март, бүгінгі наурыз айы – бірдің айы деп аталады. Ұлыс айымыз осы – наурыз айы. Ұлы күніміз осы ұлыстың 14-і! Өйткені бірдің айының 14-де жаңа жыл кіреді! Ол тойда ешқан¬дай да көже ішілмейді. Ел бір-бірімен қыстай қатыса алмағандықтан ойдым-ойдым отырған ауылдарға барып өлі-тірі¬сін түгендеген, барға қанағат, жоққа сала¬уат айтысқан. Бұл күні ешқандай да көже ішпеген. Бұл күні дастарқан табағына шеке түскен. Ал шеке тек жылқы жарықтықта болады. Бұл күні ешқандай да мал сойыл¬маған. Қазанға былтырғы соғымға шығарған малының бітеу қартасы мен бітеу қазысы (жазы), жал-жаясы түскен. Бұл қанымызда ойнап тұрған зәузаттық жадымыздың анық көрінісі. Өйткені біз бүгін де Наурыз мейрамында ет жемей қайта қоймаймыз. Сол жаңа жылымыз біржолата тарих қой¬науында қалып қойған жоқ. Сол жаңа жылымыз жарым-жартыкеш аталып жүр. Батыста – Көрісу күні, Арқада – Есендесу күні деп атап өтіледі. Қазіргі қазақ күнтізбесін қайта қарау уақыты жетті деп ойлаймыз. Орыс, парсы, араб күнтізбелерімен тұздықталған күнтіз¬бемізді ұлттық деп айтуға ауызымыз бармайды. Онда басқасын қойғанда ай атаулары амал атауларымен әбден бытысқан. Жылдың басы – ұлыс айы¬мызға көз салсақ бірін-бірі қайталап тұрған үш бірдей ме¬рекені байқауымызға болады. Алғыс күні, Көрісу күні, Нау¬рыз мейрамы. Осы мереке¬лер¬дің түп негізіне көз жү-гіртсек үшеуі де бір болып шығады. Ендеше Ұлыс кү¬німізді – Жаңа жылы¬мыз¬ды түстеп тұрып айта¬йық, ұлыс айының 14-де атап өтейік. 

Наурыз мерекесіне байланысты 22 қызықты дерек
Как найти зеркало казино Вавада в Казахстане
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу