Пробация қайта қылмыс жасаудың алдын алады
Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел.
Жалпы, біздің елімізде ең алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылдың 15 ақпанындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қолданылған. Дегенмен, аталған халықаралық конференция барысында Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев атап көрсеткендей, Қазақстанда алғаш рет 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Пробация туралы» Заңның қабылдануына орай пробацияның қолданылу аясы анағұрлым кеңейе түскен. Оның одан әрі қарайғы дамуы Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамының аясында жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы желтоқсанда «Пробация туралы» заң қабылданып, пробацияның әлеуеті мен өзектілігі артты.
Елімізде түрмеден шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Осы орайда айта кетейік, әлеуметтік-құқықтық көмек, ол – пробацияның есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған жеке бағдарламалар негізінде іске асырылатын шаралар кешені. Осы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған елу мыңнан аса сотталған адам әлеуеметтік-құқықтық көмектер алған көрінеді.
Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудегі негізгі бағыттарға пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады. Айта кетейік, пробация – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, есепте тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдармен, азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де заңды тұлғалармен өзара әрекеттесе отырып атқарылатын қызмет түрі.
Азаматтардың қылмыстық сот төрелігіне түсуін азайту, қылмыстық жазалау шараларын азайту мақсатында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану үшін жағдайлар жасалған, жаңа Қылмыстық кодексте бірқатар санкциялар жеңілдетіліп, сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыттары азайтылды. Пробация, ол – есепте тұрған адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету түрінде жүзеге асырылады. Қазақстанда жыл сайын пробация қызметінің есебінен 50-60 мыңдай адам өтеді.
ҚАЖ комитетінің мәліметінше, сотталғандардың қайта қылмыс жасауына олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмыс орнының болмауы, ішімдікке салынуы түрткі болады. Сондай-ақ қылмысқа барудағы алғашқы салдарды анықтап қарағанда, көбіне сотталғандардың әлеуметтік бағыттан алшақтауынан, яғни тұрмыстық проблемаларының дұрыс жолға қойылмағандығынан қайта қылмыс жасау орын алады.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімі, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі және Қылмыстық – атқару кодексінің талаптарын, сонымен қатар, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің 15.08.2014 жылғы № 511 бұйрығымен бекітілген «Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидасы» нұсқаулығын, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің 18.08.2014 жылғы № 517 бұйрығымен бекітілген «Пробация қызметтерінің есебінде тұрған адамдардың мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасасу қағидасын бекіту туралы» нұсқаулықтарды басшылыққа алып, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріндегі тұлғалармен қоршаған ортаға қайта бейімдеу, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша, қайталап қылмыс жасаудың, қоғамдық тәртіп бұзушылықтың алдын – алу және оны болдырмау бағытында жұмыстар атқаруда.
Б.Сарыпбеков,
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ Департаменті Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы әділет майоры