Тойға рұқсат жоқ: Қазақстанда карантиннен кейін де шектеу шарасы сақталады
Мемлекеттік комиссия мүшелері бірқатар нысандардың жұмысына тыйым салуды жалғастыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Oinet.kz сайты премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.
Қандай қызмет түрлеріне тыйым салынады:
ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге;
барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына;
мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге;
бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына;
діни нысандардың жұмысына;
қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға.
«Маска режимі және әлеуметтік қашықтық сақтау – бұл барлығына міндетті санитарлық талап және азаматтардың өміріндегі күнделікті ережеге айналуы керек. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған кезде ғана қалпына келтіру керек», – деді Асқар Мамин.
Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен құрылған мемлекеттік комиссия 17 тамызда карантинді жеңілдету жоспарын бекітті. Қазақстанда 17 тамыздан бастап кей мекемелер жұмысын жалғастырады.