Белсенді Әсия Төлесова изоляторға қамалды
Белсенді Әсия Төлесова Алматыдағы уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы оның анасы Жанар Жандосова Facebook парақшасында жазды.
ІІМ тиесілі polisia.kz сайты Төлесованың қамалғанын растап, оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкiлiнің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін одан кек алу мақсатында өмiрiне не денсаулығына қауiпті емес күш қолдану" бабы (378, 380) бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Бұл баптар бойынша, ең ауыр жаза - 3000 АЕК (8,1 млн теңге) айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына я 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Осыған дейін желіде Төлесованың жанында тұрған полицияның бетінен жұдырықпен ұрған сәті көрінген видео тараған еді. Бұл оқиға 6 маусым, елде билікке қарсы наразылық кезінде түсірілген.
Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымда билікке қарсы митингіге шақырған еді.
Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.