Бала өсе келе қылықты бола бастайды. Сол әрбір қылығын жас ата-ана қызық көріп, еркелетеді. Қазақта «ұл-қызыңның қызығын көр» деген жақсы сөз бар. Сол қызықтың ішінде баланың «Анау не?», «Мынау не?» деген таусылмайтын сұрақтары бар. Сол себепті, сұрақтардың нақты жауаптарын беруді жөн көрдік. Ал оны балаға айтасыз ба, айтпайсыз ба, ол жағын өзіңіз біліңіз... Тіс пастасында жолақтар қалай жасалады? Тіс пастасын жасайтын орындарда сықпаның ішіне бірнеше түсті паста салады. Оны сыға түссеңіз, түрлі түсті жолақты паста шыға келеді. Балықтар су іше ме? Иә, балықтар су ішеді. Бірақ шөлін қандыру үшін емес, демалу үшін. Балықтар суды жұтып, құрамындағы оттегіні қалдырып, оны желбезек арқылы қайта шығарады. Жануарлар да ықылықтай ма? Иә, диафрагмасы бар жануарлардың барлығы да ықылық атады.
Мысық, ит, тіпті жыландар да ықылықтайды. Адамдар неге қызарады? Егер адам баласы эмоцияға берілсе немесе бір дүние қатты әсер етсе оның артериалдық қысымы жоғарылайды. Қан айналымы жүрген кезде адам бетіндегі қан тамырлар кеңейіп, қанның түсіне әсер етіп, яғни қызыл түсті болады. Неге далада жел тұрады? Қарапайым тілмен түсіндірейік. Күн жылуы ауаның температурасын көтереді. Ауа бұдан кейін жоғары көтеріледі.
Ал ауаның суық қабаты төменге қарай тартылады. Жоғарыға көтерілген ыстық ауа суи бастаған кезде ол төмен қарай ағылып, ал төмендегі суық ауа жылып, жоғары көтеріледі. Осы айналым жел деп аталады. Аспан неге көк? Күннің сәулесі кемпірқосақтағы барлық түске бояна алады. Бірақ ауаның белгілі бір қабатына көтерілген соң сәуле сынады да, тек кей түстер ғана қалады. Осы құбылыс кезінде тек көк түс қана қалғандарынан қатты шағылысады. Сондықтан аспан адам көзіне көк болып көрінеді.
Жерді айналып шығу үшін қанша уақыт керек? Жердің ортасынан бөліп тұрған экватордың ұзындығы 40 075 шақырымды құрайды. Егер жаяу жүргінші мүдірместен бір қалыпта жүріп отырса, жерді 8 ай 15 күнде айналып шығады. Міне, мыңдаған «негелер» мен «қалайлардың» азын-аулағын еске түсірдік. Ал сіз білетін тағы қандай сұрақтар бар?
Дереккөз: massaget.kz