Қазіргі таңда қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерінің бірі – сәлем салу. Сәлем салу дегеніміз – жаңадан түскен келіннің өзінің қайын жұртындағы көрсететін міндеті мен тәрбиесінің белгісі болып табылады. Яғни үлкендерге иіліп немесе тізесін бүгіп амандық сұрауы. Ал үлкендер жағы оны қабыл алып «бақытты бол, өркенің өссің, қосағыңмен қоса ағар» деген жылы сөздерімен ақ баталарын береді.
Келіннің өзіне жүктелген міндеттері бар. Таңертең ерте тұрып шай демдеп, дастархан жайып, шай беру, үй шаруасының міндеттерін атқару т.б. Таңғы асқа тұрған ата – енесіне иіліп сәлем салады. Аяғы ауыр келінге ешқашан сәлем салдырмаған, ата – енесінің рұқсатымен уақытша сәлем салудан босатылатын болған.
Сәлем салу дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келе жатқан өңірлер санаулы ғана. Әйтсе де Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе, Атырау облыстарында бал – қаймағын бұзбай жақсы сақтап келе жатыр.
Ең өкініштісі кейбір өңірлерде сәлем салу дәстүрі үлкен тойда беташармен бірге өткізіледі. Асабаның алдында үлкендеу табақша қойылып, оған ақшалар салынып, келіннің беті ашылады. Өткен ғасырларға көз жүгіртсек сәлем салуды да, беташарды да келін өз аулынан ұзатылып, күйеуінің еліне келген күннен - ақ бетін ашқан. Келін өзінің күйеуінен кіші адамдарға сәлем салмайды, ол дәстүр қазір керісінше орындалып келе жатыр. Жас келінге кішкентай балаларға дейін иілідіртіп сәлем салдыртады.
Қазағымыздың керемет дәстүрі сәлем салу ұрпақтан ұрпаққа ұмыт болмай жеткізіле берсін.
Дереккөз : anabol.kz