Балаңыздың тілі ерте шықсын десеңіз...

799-1476213598-a4a4c7f475.jpg

Үлкендерден «Бала ойнап өседі» дегенді жиі естиміз. Иә, шынымен де, баланың ақыл-ойын қалыптастырып, жан-жағын танып-білуінде ойынның алар орны ерекше. Әсіресе, тілі ерте шықсын десеңіз, балаңызбен бірге ойнаудың жөні бөлек екенін есіңізде ұстаңыз.

 

 Ойын арасында балаңызбен әрдайым сөйлесіп, сондай-ақ рөлдік ойындарды көбірек ойнауға тырысыңыз. Еркетайыңыздың тілі әлі шықпаса да, сізге жауап қайтармаса да, онымен сөйлесіп, айналаңыздағылардың бәрін түсіндіріп, ненің не екенін айтып отыруыңыз маңызды. Кішкентай бала жан-жағын тек үлкендер арқылы, олардың айтуы бойынша таниды. Демек, әр зат пен құбылыстың атын, түр-түсі мен іс-қимылын сол қалпында, анық, еш бұрмаламай, тура жеткізу керек. Ата-аналардың көпшілігі балаларға түсінікті болсын деп, керісінше, оларды шатастырып жатады. Өздерінше «балалар тілінде сөйлеп», сиырды «му-му», итті «ап-ап», тамақты «ням-ням», т.б. деп кішкентайлардың басын одан ары қатырады. Сондықтан да әр нәрсені өз атымен атауды үйрену керек. «Ол – сиыр. Сиыр «му-му» деп мөңірейді» деңіз. Бала да бірден қағып алады. Оған қосымша балаңыздың «Сиыр неге мөңірейді?» деп сұрауы ғажап емес. Яғни қызығушылық туындайды, көбірек білгісі келеді. Ал білуге деген құштарлық баланы сөйлеуге ынталандырады.

 Баланың тілі өзі әрең шығып келе жатқанда кейбір ата-аналар тілдерін бұрап сөйлеп, оларды одан ары шатастырады. «Бері кел» деудің орнына «Бей гей», «Жүрді» «жүй», «Сағызды» «шагыз», т.б деп «майысып» сөйлеп, баланы сақау қылады. Ал содан кейін «Менің балам «р», «л», «ш», «с» сияқты әріптерді дұрыс айта алмайды» деп шағымданады. Бала сөздерді қалай естісе, солай қабылдайды, яғни үлкендерден естуі бойынша айтады. Ендеше, кінә баладан емес. Ал егер шынымен де кейбір әріптерді айта алмайтын болса, онда баламен үнемі жаттығу керек. Логопед мамандардан кеңес алып, арнайы тіл жаттығуларын жасауды ерте бастасаңыз, балаңыз да тез сөйлеп кетпек.

 

 Әрине, бес саусақ бірдей емес. Кейбір ата-аналар балаларымен мүлде сөйлеспейді. Біреулер уақытының жоғын айтса, екіншілері: «Тілі шықпаған баламен қалай сөйлесесің?» – дейді. Тілі шықпаған баламен тілі ертерек шықсын деп сөйлесу керек. Мейлінше жиі, әрі көбірек сөйлессеңіз, балаңыз да ерте сөйлемек.

 


Дереккөз : anabol.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: